Жұма, 01 Шілде 2022 23:37

ШЫМКЕНТТЕГІ БАҒА ТҰРАҚТЫЛЫҒЫ – БАСТЫ НАЗАРДА

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бағаны тұрақтандыру мақсатында Шымкент қаласында ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдейтін өндірістік алаңдарды дамыту қолға алынуда. Бұл туралы қала әкімі М.Әйтенов ОКҚ-де өткен брифинг кезінде баяндады.

Бүгінгі таңға аумағы 133 гектар құрайтын «Бозарық» тамақ өнеркәсібі агро-индустриялық аймағында инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде 21 жобаға 23 млрд. теңге инвестиция тартылып, 1500-ден астам жұмыс орны ашылатын болады. Жалпы ауыл шаруашылығы саласында биыл құны 11 млрд. теңгені құрайтын 14 жоба іске асып, 369 жұмыс орны ашылады. Жобалар қайта өңдеу, өндірістік жылыжай кешені, сақтау қоймасы, тауарлы сүт фермасы мен құс шаруашылығын кеңейтетін болады.

Бағаны тұрақтандыру бағытында сауда-логистика аймағында 4 жаңа қойманың және 1 көтерме-тарату орталығының құрылысы жоспарлануда.

Әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тауарлары бойынша тұрақтандыру қорына бюджет есебінен 7,7 млрд.теңге бөлініп, ірі сауда желілеріне, жергілікті тауар өндірушілерге және бизнес субъектілеріне айналым қаражаты берілді.

Естеріңізге сала кетейкі, 2021 жылы да Шымкентте жұмыртқа, күнбағыс майы және құмшекер тауарларының бағасы біршама қымбаттаған еді. Мәселен, 1 санатты жұмыртқаның бағасын тұрақтандыру мақсатында өңірлік тұрақтандыру қорынан «Шымкент құс» тауар өндірушісіне 200 млн теңге айналымға қарыз қаражат берілді. Өндіруші кәсіпорынның өнімдері  «Грамад», «Фиркан» сауда желілерінде 10 данасы 322 теңгеден сатылған.

Ал 2020 жылдың қазан айынан бастап күнбағыс майы 27,7%-ға қымбаттаған. Осы ретте 2021 жылы  өңірлік тұрақтандыру қорының жұмысына жалпы 4,2 млрд теңге қаралған болатын. Яғни сауда нысандарға айналымға қарыз қаражат берілді. Атап айтқанда, «Фиркан» сауда желісіне (15 нысан) 300 млн теңге, «Turar» ЖШС-не 505 млн теңге, «Шымкент құс» ЖШС-не 200 млн теңге, «Грамад» сауда желісіне (4 нысан) 800 млн теңге, «Юпекс» ЖШС-не 500 млн теңге, «Hermes» ЖШС-не 28 млн теңге қарыз қаражаты берілген.

Сондай-ақ қала аумағының тығыз орналасқан аймақтарында әлеуметтік дүкендер ашу, сауда нысандарына мониторинг жүргізу, жәрмеңкелер ұйымдастыру жұмыстары атқарылды.

 

«Aq-qara.kz» -  ақпарат

Оқылды 651 рет