Жұма, 03 Тамыз 2018 14:20

Түркістан облысының әкімі жасанды талшық өндіретін зауыттың құрылысымен танысып қайтты

Таяуда Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев «Бадам» индустриялды аймағында орналасқан «Полиэтилентерефталат (ПЭТ) қалдығының жасанды талшығы өндірісі» зауытының жүру барысымен танысып қайтты.

Биыл күз айында толық қуаттылығымен іске қосылады деп күтіліп отырған өндіріс орнының құрылыс жұмысына қаныққан аймақ басшысы мемлекет тарапынан көрсетілетін барлық қолдаулардың тиісті деңгейде атқарылуын тапсырды. Бұдан бөлек, Ж.Түймебаев жаңадан салынып жатқан кәсіпорындарға жаңа цифрлық технологиямен автоматтандырылған басқару жүйелерін кеңінен енгізу қазіргі заманның қажеттілігі екенін айтып өтті.

Инвестициялық құны 20 млн. АҚШ долларын құрайтын зауыт жылына 50 мың тонна өнім өндірмек. Бұл жоба Қазақстанның жасанды талшықтарға деген қажеттілігін толығымен қанағаттандырады деп күтілуде. Аталған жоба елімізде алғаш рет қолға алынып отырғанын айта кеткен жөн.  Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпіліс беретін зауыт іске қосылған кезде 200-250 адам жұмыспен қамтылады деп жоспарланып отыр. Айта кетейік, аталған индустриалды аймақта 1 583 жұмыс орны ашылып, соммасы 65 716,9 млн. теңгені құрайтын 12 жоба іске асырылуда. Соның ішінде 107 жұмыс орнымен қамтылған, қаржысы 7 788,9 млн. теңгені құрайтын 3 жоба іске қосылған.

«AQ-QARA.KZ» – ақпарат»

Оқылды 3381 рет