Сәрсенбі, 10 Тамыз 2022 02:12

ҚАЛАНЫҢ ИНФРАҚҰЛЫЛЫМЫ БАСТЫ НАЗАРДА!

Қала әкіміне энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Б.Булатбеков 6 айдағы индикаторлардың орындалуы бойынша есеп берді.

Оның берген есебіне сенсек, Шымшаһар тұрғындары сапалы ауыз суға да, электр энергиясына да жақын күндері қол жеткізеді.

ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫ 100% САПАЛЫ АУЫЗ СУМЕН ҚАМТЫЛАДЫ

Шымкент қаласындағы 81 елдімекеннің 78-і сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілсе, Құрсай, Сайрам, Қайнарбұлақ елдімекендері ауыз суды кестемен тұтынады. Қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту көрсеткішін арттыру мақсатында биыл 7 нысанда құрылыс жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Олар: Құрсай 1,2 – кезек, Асар-2 екінші кезек, Нұртас ВС, Текесу е/м, Еңбекші ауданы жаңа құрылыс аумақтары және Қайнарбұлақ е/м. Ал, Сайрам елдімекенінде құрылыс жұмысын жүргізу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізіліп жатыр.

Бүгінгі таңда Құрсай елдімекенінде екі кезеңнен тұратын жобаның 80 пайыздан астам құрылыс жұмыстары аяқталып, 270 шақырым су құбыры орнатылды. Қайнарбұлақ тұрғын алабына ауыз су құбырын тарту құрылысы 2023 жылға өтпелі.

Осы жылдың қорытындысымен Құрсай, Асар-2, Текесу елдімекендері мен Нұртас су жинақтағыш ғимаратының құрылыс жұмыстары аяқталады. Нәтижесінде қала тұрғындарының сапалы ауыз сумен қамтылу көрсеткіші 99%-ға жетеді. Жоспарға сәйкес, Шымкент қаласының тұрғындары 2023 жылы 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтылады.

 43 МЫҢҒА ЖУЫҚ ТҰРҒЫН САПАЛЫ ЭЛЕКТРМЕН ҚАМТЫЛАДЫ

Шымкент қаласын электр қуатымен қамту көрсеткішін биыл 98 пайызға жеткізу жоспарға қойылған. Бұл мақсатта 5 елдімекен – Жаңаталап, Достық, Тұран, Нұртас, Сәуле шағын ауданында және Бозарықта 1 қосалқы станция, «Ақжар» 110 кВ қосалқы станцияларында құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға беріледі. Ал, Ынтымақтағы қосалқы станция, Нұрсат, Қайнарбұлақ, Батыс, Солтүстік саяжай шағын аудандарында құрылыс жүруде, келер жылы аяқталады. Нәтижесінде 2023 жылы қаланың электр қуатымен қамтылу деңгейі 100 пайыздық көрсеткішке жетеді.

Алғашқы жарты жылдықтағы жұмыстар нәтижесінде - Ақжардағы қосалқы станциясы жұмысы 97 %, Сәуле 97 %, Cолтүстік саяжай 88 %, Достық 80 %, Жаңаталап 67 %, Тұран 2-3 64%, Батыс 56 %, Нұртас 50%, Қайнарбұлақ 45 %, Бозарық 45 %, Нұрсат 33% орындалған.

 

Оқылды 618 рет