Сейсенбі, 11 Шілде 2017 19:35

Қызға қырындаудың да жосығы бар емес пе?

Түнеугүні күнгей облыстардың біріндегі шағалалы ауданда күллі Қазақ елінің абыройын төрткүл дүниеге асқақтатып, көк туын желбіретіп жүрген мықты спортшы шаңырақ көтеріп, дүйім жұртқа той жасапты. Мейрамханада дүркіреп өткен тойға чемпионның қуанышына ортақтасу ниетімен, жергіліктісі бар, облыс орталығынан барғаны бар, бірқатар шен-шекпенділер қатысқан көрінеді. Әрине, оған алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Бірақ... 

Бірақ сол тойда спортшылардың төбесінен қарайласып жүретін әжептәуір бір шенеунік өзінің негізгі миссиясы – жас жұбайларға деген құттықтауын жеткізіп болған соң, өзінің қай жерде отырғанын тарс ұмытқанға ұқсайды. Ұмытайын деп ұмытты деймісіз! Ұзынқұлақтың айтуынша, бәріне «кінәлі» – сол баяғы бір көргеннен құлай сүйетін ғашықтық дерті ме, әлде қыз-қырқын көрсе, өзін-өзі ұстай алмайтын көрсеқызарлық па, көргенсіздік пе, әйтеуір, осыған ұқсас бірдеңелер. Өзін қоярға жер таппағаны соншалық – сол өңірден шыққан һәм қолынан жазу келетін бір бойжеткеннің жүріс-тұрысын тойдың соңына дейін бағумен болыпты. Тіпті айналасындағы жігіттерден қолын шошайтып «Анау қыз кім?..» деп қайта-қайта сұрай бергенін де көргендер бар-мыс.

 «Мұнысы енді ерсі болды. «Как никак» мемлекеттік қызметші ғой, сәл сабырлық сақтаса нетті! Үйінде отырған жоқ. Айтулы іс-шарада отыр. «Госслужащий» барлық ортада да өзінің мінез-құлқымен, іс-әрекетімен қоғамға эталон болуы керек қой. «Хорошо что» ол жақтан басына бөтелке тимей, сау қайтыпты. Қызға қырындаудың да жосығы бар емес пе?..» – дейді желауыздар.   

Оқылды 2054 рет