Сәрсенбі, 12 Шілде 2017 18:54

ІШКІ САЯСАТ БАСҚАРМАСЫНДА ДӨРЕКІЛЕР ҚЫЗМЕТ ЕТЕ МЕ?

Оңтүстік облыстардың біріндегі ішкі саясат басқармасы басшысының қосшыларының бірі дөрекілігімен біраз адамдардың ашуына тие бастапты дейді ұзынқұлақ.

Тарата айтсақ, таяуда ғана өткен Байланыс және ақпарат қызметкерлері мерекесі қарсаңында сол шенеунік әкімдікке бағынышты Бұқаралық ақпарат құралдарының жауапты қызметкерлерінің басын қосып, жиналыс өткізген көрінеді. Сол жиында лауазымының жоғарылығын білдіргісі келді ме әлде «маған осылар не қарсылық көрсете қояр дейсің» деді ме, әйтеуір өзінен біраз жас үлкен бір-екі БАҚ өкілінің жер-жебіріне жетіп, дөрекі сөздер айтып, ұрсып тастапты-мыс. Жұрт алдында беделіне нұқсан келіп, ызаға  булыққан, өз ортасында әжептеуір беделі бар БАҚ өкілдері бір саусағын ішіне бүккен күйі кетіпті. Ұзынқұлақтардан естуімізше, негізсіз қатты сөздер естіп қалған әлгі бір-екі кісі жақын арада тәртіптік кеңеске арыз жазып, басқарма басшысының қосшысына жаза көруді талап етпекші көрінеді. 

Егер осы аталған оқиға шынайы өмірде дәлелденіп жатса, онда ішкі саясат дейтін мемлекеттік биліктің маңызды саласына қызметкер қабылдарда адамның психикалық ахуалын, адаммен қарым-қатынасы қаншалықты дұрыс екенін зерттеп барып шешім қабылдаған дұрыс сияқты. Әйтпесе, «мен бастық, сен жалшы» дейтін дөрекілік мемлекеттік қызметкерлердің атына абырой әпермейтіні анық. Басқарма басшысын тағайындарда да осы принципті негізге алса артықтық етпейді-ау...  

Оқылды 2253 рет