Сейсенбі, 05 Қыркүйек 2017 19:29

ОҚО мәдениет басқармасын кім тізгіндейді?

Сөйтіп, Оңтүстік Қазақстан облысының мәдениет басқармасын бір жыл тізгіндеген Нұрболат Ахметжанов қызметінен кетті. Әрине, жұмыссыз қалған жоқ. Бүгін «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны директорының міндетін атқарушы болып тағайындалды. 

Музей ұжымына жаңа басшыны Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев таныстырды. Ал осы уақытқа дейін «Әзірет Сұлтан» қорық-музейіне басшылық еткен Жандос Әубәкірге «ҚазҚайтаЖаңғырту» мекемесінің басшылық лауазымы бұйырыпты.

Енді ұлыстың ұйытқысы болған Оңтүстіктің мәдениетінің көсегесін кім көгертеді, Н.Ахметжановтың орнын кім басады деп ойлайсыздар?

Ұзынқұлақтың сөзіне сенсек, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, Қазақ ұлттық өнер университеті сынды іргелі оқу орындарын бітірмеді демесеңіз, кереғар ілімді таратуына байланысты әлдеқашан жабылып қалған университеттің дипломымен-ақ тілші де, бас редактор да болып көрген бір жігіт дәмелі көрінеді.

Естеріңізде ме, баяғыда біреудің бір жақсы затына көзі түссе, оны «қаладым» деп алып қоятын адамдар болушы еді ғой. Басқарма басшылығынан үміті бар әлгі жігіт сол «дәстүрді» әлі күнге дейін еш ұмытпай, үнемі жаңғыртып жүруді әдетке айналдырыпты. Дәлірегі, әркімнің істеп жүрген жұмысын, атқарып жүрген лауазымын қалап алып жүреді екен. Бұл жолы да «Нұрболат Ахметжановтың орнын қаладым» деп айтқан сияқты. Ол және қалағанын да алады-ау...

Оның үстіне мемлекеттік қызметшілердің сапына қосылуды көздейтін конкурстан екі рет сүрінсе де, «Ер кезегі үшке дейін» демекші, үшіншісінде ілдебайлап өтіп те алыпты. Соңғы вагонға ілінгенін айтсайшы.

Енді мәдениет саласының қызметкерлері де оны «біздің саланың адамы емес» деп, көкірегінен кері итере қоймас. Ол – нағыз «әртістің» өзі! 

Оқылды 3751 рет