Сейсенбі, 12 Қыркүйек 2017 14:33

Есірткідей елітетін дәріні сатқаны рас па?

«Ел құлағы елу» ғой. Ұзынқұлақтардың да естімейтіні жоқ. Күнгей облыстардың біріндегі аты дардай ауруханада наркотикке ұқсас дәрілік зат саудаланыпты-мыс. Брюзепам дей ме, бірдеңе. Білгіштердің айтуынша, «ДВД-да» есепте тұратын ол препаратты тек жағдайы ауыр науқастарға ғана егуге рұқсат етілетін көрінеді. 

Өкінішке қарай, әлгі келеңсіз оқиға «Youtube.com» желісін де «жаулап», шартарапқа тарап үлгерген сияқты. «Ютюбтан» біз де әрлі-берлі іздеп көріп едік, таппадық. Мүмкін, алдыртып тастады ма, кім білсін. Әйткенмен осы мәселеге байланысты бүгінгі таңда құқық қорғау органдарының өкілдері бүкіл ауруханаларды тексеріп жатқанға ұқсайды.

Есті адамдардың баршасы нашақорлықпен күресіп, ақ тер-көк тер боп жүрсе, Гиппократқа ант бергендердің кейбірінің есірткіге татырлық дәрі-дәрмекті пұлдауына (егер шынымен пұлдағаны дәлелденіп жатса) қандай баға береріңді де білмейді екенсің. «Теңіздің дәмі тамшысынан білінеді» деуші еді көнекөздер...     

Оқылды 2845 рет