Сәрсенбі, 11 Қыркүйек 2024 19:37

Түркістан: ойы ұшқыр оқушылар қалалық турнирде бақ сынады

Оқушылардың ой ұшқырлығын дамытатын, көпшілік алдында еркін сөйлеуге, өз пікірі мен ұстанымын ашық жеткізуге мүмкіндік беретін, лидерлік қасиеттерін дамытуды мақсат еткен Түркістан қаласының білім бөлімі мен облыстық білім беруді дамыту орталығының ұйымдастыруымен, Түркістан қаласы білім бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызының қолдауының нәтижесінде өткен пікірсайыс турнирі де өз нәтижесін көрсетті.

Түркістан қаласындағы Төле би атындағы №19 жалпы білім беретін мектебінің базасында ұйымдастырылып өткізілген пікірсайыс турниріне Түркістан қаласындағы мектептердің 9-10 сынып оқушылары қатысып, ой ұшқырлықтарын көрсетті. Үш бағытта жүргізілген турнирінде «Қазақ лигасы» бойынша Абай атындағы №31 жалпы білім беретін мектебінің «Жалынды жастар» фракциясы жеңімпаз атанды. «Орыс лигасынан» Некрасов атындағы №9 мектеп-гимназиясының «Ұшқыр ой» фракциясы жеңіске жетсе, «Ағылшын лигасында» М.Жұмабаев атындағы №15 мектеп-гимназиясының «Sun Say» фракциясы үздік шықты. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлері қалалық білім бөлімінің мақтау қағаздарымен марапатталды. Пікірсайыс турнирін Түркістан қаласы білім бөлімінің әдіскері М.Искакова қорытындылап, жас пікірсайысшылардың алдағы турнирлерінде сәттілік тіледі.

Пікірсайыс — мақсатты, ретке келтірілген көзқарас, пікір мен идея алмасу. Әлемдік тәжірибеде жастардың дебат қозғалысы ерекше әлеуметтік құбылыс саналады. Халықаралық мектеп лигасы дебат қауымдастығына 50 ел кіреді. Дебат саясат, бизнес, әлеуметтік қызмет, білім беру, психология және тағы басқа салаларда қолданылады.

Жоғарғы сыныптың оқушылары арасында пікірсайыс өткізудің ең көп таралған форматтарының бірі — 1993 жылы «Ашық қоғам» институты құрған Карл Поппер атындағы дебат. Тұлғаны жан-жақты дамыту мен ынталандыруды қамтамасыз ету мақсатында Францияда және басқа еуропалық елдерде балалар мен жастар арасындағы дебат кеңінен қолданылады. Ұлыбритания, Франция, Германия, Австрия және тағы басқа елдердің оқу орындарында ашық қоғамда белсенді азамат қалыптастыру мақсатында «Дебат» бағдарламалары құрылған. Пікірсайыс Қазақстанда гуманитарлық білімді жаңарту мен өзгерту мақсатында 1996 жылғы сәуірде «Сорос-Қазақстан» қорымен басталды.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің қазақстандық педагогтар арасында жүргізген сауалнамасының нәтижесінде оқушылардың адамдармен қарым-қатынас жасауында, байланыс орнатуында кінәрат бары анықталды. Пікірсайысқа қатысушылардың 69%-ының коммуникатив құзыреттілік деңгейі, атап айтқанда, танымдық және мотивациялық компоненттері жеткіліксіз деңгейде болса, 29%-ында орташа және тек 2%-ында ғана жоғары екені байқалған. Жоғарғы сынып оқушыларының 19%-ында ғана адамдармен тез қарым-қатынас орнату қабілеті болған. Қазіргі уақытта мектепішілік пікірсайыс қозғалысын дамыту — өзекті мәселе. Себебі оқушылардың бойында саяси мәдениетті, өз әрекеті үшін өзі және қоғам алдында жауапкершілікті, шығармашыл және сыни ойлау қабілетін қалыптастыру қажет.

Ежелден ата-бабаларымыз сөз өнерін бәрінен биік қойған. Шешендік өнерді аса қатты бағалаған. Сол дәуірдегі атақты шешендердің, билердің айтқан өткір де уытты сөздері, тоқтамдары бүгінгі күнге дейін өшпейтін қазына. Дана да дара бабаларымыздан қалған үлкен мұралардың бірі - пікірталас мәдениеті.

Бүгінгі біз өмір сүріп отырған қоғамда шешендік өнер, келіссөз жүргізу тәсілдері, пікірталас өнері сұранысқа ие, алға қарай дамуды қажет етіп тұр. Жас ұрпақты, білім ордасындағы шәкірттерді баулуымыз керек өнер, дағды ол – дебат, яғни, пікірсайыс.

Біріншіден, пікірсайыс жастарды көшбасшылыққа апаратын даңғыл жолдардың бірегейі. Ел ертеңі болатын оқушылардың өз ойын ашық білдіріп, еркін сөйлеуі өте маңызды. Оларға қоғамдық-әлеуметтік, экономикалық маңызды мәселелерді талдап, түсіне алу қабілеті қажет. Пікірсайыс оқушыларымызды ұтқыр ойлы, саяси сауатты, нағыз интеллигент болуға баулиды. Жеке тұлға ретіндегі қарым-қабілеттерін кеңейтеді.

Екіншіден, оқушыларды оқытудың жаңа үлгісі - пікірталас әдісі. Пікірталас-дидактикалық ізденістің маңызды саласы. Коммуникативті пікір алмасу үлгісі жөніндегі негізгі қағидалар мен тұжырымдарды, әдістемелік нұсқалауларды басшылыққа алып, оны кез-келген пәнді оқытуда оқыту құралы ретінде пайдалану жақсы нәтижеге қол жеткіздіреді. Пікірталас оқушының жетекшілік позициясын нығайтып, сыныпта өзара ашық қатынастарды қамтамасыз етіп, бірлесіп білім алуда жауапты іс-әрекет жасауға мүмкіндік береді.

Үшіншіден, пікірталас – түрлі көзқарас, ой-пікірлерді қатар қою, салыстыру арқылы өзінің көзқарас, ой-пікірін дәлелдеу. Осы тұста әрбір оқушы пікірталас мәдениетін игеретін болса, болашақта өзінің жігерлі ой-пікірін, бағасын, дүниетанымын еш қиындықсыз аудитория алдында жеткізетініне куә бола аламыз.

Жоғарыда атап айтқанымыздай, бүгінгі күні мектеп оқушылары арасында дебаттық қозғалысты дамыту кейінге ысыруға болмайтын ерекше маңызға ие бірден-бір қозғалыс. Қазіргі сәтте оқушылар дебат өнері жайлы хабарда болуы үшін, игерулері үшін "білім және ғылым министрлігі" өз тараптарынан қажетті шараларды жүзеге асырып жатыр.

Пікірталас мәдениетін игеру оқушының сөйлеу мәдениетін, өзіндік ой-пікірін ашық айта білу, баяндау шеберлігін, шығармашылығын арттыра отырып, пікірталас мәдениеті сырларын меңгеруге ықпал жасайды. Білімді, бәсекеге қабілетті, шығармашыл, сөйлеу мәдениеті жоғары жеке тұлға ретінде қалыптастырады. Алған білімдерін өз бетінше жұмыста қолдана алуға жағдай жасайды. Өмірдегі әр сәтке байыппен қарауға үйретеді.

Өзгермелі заман талабына білім ордалары да ілесе алуы тиіс деп санаймын. Координатор ретінде барша мұғалімдер қауымы шәкірттеріміздің пікірталас мәдениетіне оң баға беріп, оңтайлы пайдала алуларына атсалысу керек. Ұстаз - қоғам айнасы, шәкірттердің нағыз патриот, ұлтжанды, көсем болып ер жетулеріне бірден-бір себепкер тұлға.

Адамды даңққа бөлейтін екі қасиетті өнер бар: бірі-қолбасшылық, екіншісі-шешендік» - деп ұлы шешен-ділмар М.Т. Цицерон айтып кеткендей, жеке пікірдің қалыптасып, жеткізе білудің өзі – үлкен өнер. Қиыннан қиыстыра, төтеден төге сөйлейтін тапқыр да ақылды, бейнелі де бедерлі, аталы да баталы, нақыл, көркемсөзді келістіре айту – кез келген жанның бойынан табыла бермейтін қасиет екені анық.

Бугінгі уақыт талабы әр адамның өз көзкарасын, пікірін қорғай білуін, өз ойын дұрыс дәлелдей алуын қажет етеді. Демократиялық қоғамның басты белгілерінің бірі - сөз еркіндігінің өріс айтқысы алуы. Бірақ бұл кім не келсе, соны айта берсін деген ұғымды білдірмейді. Керсінше, өзінің айтары бар, жеке ой-пікірлері ұтымды, қоғамдық көзқарасы қалыптасқан адамдарға, топтарға өзін танытуға мүмкіндік беру дегенді меңзейді.

Бүгінгі осындай мақсатта, яғни сөз саптауын, өз ойын тыңдармандар алдында еркін әрі ашық жеткізе білуді үйрету мақсатында көптеген орталықтар жұмыс жасайды. Ондай орталықтарды әдетте ораторлық клубтар деп атайды. Қазір елімізде одан бөлек жастар арасында білім мен интеллектуалдылықты сонымен қатар, ораторлық қабілеттілікті ұштастырып дамытатын "пікірсайыс" өнері де жедел дамып келеді. Пікірсайыс- белгілі тақырып көлемінде арнайы ережелермен шектелетін, сөз жарыстыру, білім таластыру өнері. Пікірсайыс тариxи бастауын көне антикалық дәуірден алады. Бұл шешендік өнер шаруашылық және саяси өмірде маңызды рөл атқарған. Бұл интеллектуалды сайыс көбінесе студенттер мен оқушылар арасында кеңінен таралған. Сондай-ақ оның бірнеше форматы да бар. Қазақстанға пікірсайыс ең алғаш 1995-1996 жылдары келді. Содан бері бұл сайыс түрі жастар арасында қызығушылыққа ие болып келеді.

Пікірталас – жастарды көшбасшылыққа баулудың бір жолы. Жеке тұлға болып қалыптасу үшін де жеке пікір болу керек. Ал жеке пікір айта білу мен ойыңды орынды жеткізу үшін пікірталас жарыстарына қатысқан абзал. Пікірталас жеке тұлғаның танымын кеңейтеді. Қазіргі іскер адамдарға қоғамдық-әлеуметтік маңызды мәселелерді жете және жемісті талдай алу қабілеті қажет. Олар өз ойларын түсіндіре, дәлелдей алуы керек, қарсы жақтың пікірін жоққа шығарып, өз пікірінің дұрыстығына көз жеткізуі тиіс. Сондықтан іскер адамдар сөзталас өнерін, пікірталас шеберлігін үйренуді мақсат етеді. Пікірталас шеберлігі дегенге жеткілікті, жан-жақты біліммен қоса, пікірталас түрлерін, мақсатын, олардың ерекшеліктері мен негізгі талаптарын, сөзталас мәдениетін, онда жиі қолданылатын амал-тәсілдерді жетік меңгеру жатады.

«WWW.AQ-QARA.KZ»

Оқылды 101 рет