Жұма, 10 Шілде 2026 19:21

Түркістанда «Кітап оқитын ұлт» жобасын қолдау мақсатында ынтымақтастық меморандумына қол қойылды

Түркістанда Мемлекет басшысының бастамасымен кітап оқу мәдениетін дамыту, зерделі ұлт қалыптастыру және шығармашыл, жасампаз әрі бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеу мақсатында маңызды кездесу өтті. Жиын барысында «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры мен Түркістан облысы әкімдігі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, қор төрағасы Бақытжан Тұрлыбеков қатысты.

Кездесу барысында тараптар облыс аумағында «Кітап оқитын ұлт» жобасын бірлесіп жүзеге асыру тетіктерін талқылап, бастамаға жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті. Сонымен қатар жобаны үйлестіру мақсатында арнайы кеңсе құру жоспарланып отыр. Жиында өңірде жобаны жүйелі түрде іске асыруды ұйымдастыру, әдістемелік сүйемелдеу жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ аудандық және қалалық деңгейде жобаның орындалуын қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Облыс әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы ұлттың рухани құндылықтарын дәріптеуге бағытталған игі бастамаларға қашан да қолдау болатынын жеткізіп, жобаның маңыздылығына тоқталды. – Бүгін біз Түркістан облысының әкімдігі мен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою үшін бас қосып отырмыз. Бұл – өңірімізде кітап оқу мәдениетін дамытуға, жас ұрпақтың рухани әлеуетін арттыруға және қоғамда білім мен парасат құндылықтарын нығайтуға бағытталған маңызды қадам. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2023 жылы Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мәселесіне ерекше назар аударып, жастарды ерте жастан кітап оқуға баулудың маңыздылығын атап өткен болатын. Президент өз сөзінде: «Шын мәнінде, тек кітап оқитын ұлт қана шынайы зерделі ұлтқа айнала алады. Біз жас ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын оятуымыз керек», – деп атап өтті. Бұл бастама кейін мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының біріне айналып, оқу мәдениетін дамыту және оқитын ұлт қалыптастыру жөніндегі нақты шаралар қабылданды. Бүгінгі меморандум – сол тапсырмаларды өңірлік деңгейде жүзеге асыруға бағытталған нақты қадамдардың бірі. Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы, халқымыздың бай тарихи-мәдени мұрасы мен ағартушылық дәстүрлерінің алтын бесігі. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан қасиетті өңірімізде білім мен руханият әрқашан жоғары құндылық ретінде бағаланған. Сондықтан дәл осы Түркістанның аталған жобаға қосылуы ерекше символдық мәнге ие. Алдағы уақытта өңір тұрғындары «Кітап оқитын ұлт» республикалық кітап оқу марафонына белсенді қатысып, отбасылық құндылықтарды, тәрбиені, жауапкершілік пен ұлттық рухани мұраны дәріптейтін шығармаларды бірге оқуға мүмкіндік алады. Бұл бастама балаларды, жастарды, ата-аналар мен аға буын өкілдерін ортақ құндылықтар төңірегінде біріктіретін маңызды алаңға айналады деп сенеміз. Меморандум аясында білім және мәдениет мекемелерінің, мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың күш-жігері біріктіріледі. Әсіресе цифрлық технологиялардың мүмкіндіктерін пайдалану арқылы облыс тұрғындарының кітаптарға қолжетімділігі артып, шалғай ауылдардағы оқырмандар үшін де жаңа мүмкіндіктер ашылады. Осыған орай, баршаңызды осы игі бастаманы қолдауға шақырамын, — деді ол.

Жобаның негізгі мақсаты – мемлекеттік мекемелерді, білім беру және мәдениет ұйымдарын, қоғамдық бірлестіктерді және өзге де серіктестерді ортақ бастамаға жұмылдыру. Сонымен қатар жастар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, кітаптың құндылығын насихаттау және осы бағытта ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу көзделген. Жас ұрпақты тәрбиелеуде ең негізгі және ең тиімді құралдардың бірі – кітап. Кітап – тек ақпарат көзі ғана емес, ол баланың жан дүниесін байытып, ойлау қабілеті мен дүниетанымын кеңейтетін баға жетпес рухани қазына. Мектеп – білімнің алғашқы баспалдағы болғандықтан, оқушылардың кітапқа деген қызығушылығы мен сүйіспеншілігі осы кезеңде қалыптасуы тиіс. Сондықтан да білім беру жүйесінде «Кітап оқитын ұлт» жобасының енгізілуі – оқушыларды кітап оқуға баулудағы маңызды әрі стратегиялық қадам болып табылады.

Аталған жобаның басты мақсаты – балаларды кітаппен дос ету, олардың интеллектуалдық дамуын арттыру, ой өрісін кеңейту, сөздік қорын байыту, шығармашылық қабілеттерін жетілдіру және танымдық қызығушылығын күшейту. Кітап оқу – тек оқу дағдысын қалыптастыратын әрекет қана емес, ол тұлғаның мінез-құлқына, өмірлік ұстанымына, құндылықтар жүйесіне де әсер етеді.Жоба мектептер үшін бірнеше тұрғыдан аса пайдалы. Біріншіден, тұрақты түрде кітап оқу оқушылардың сыни тұрғыдан ойлау қабілетін дамытады. Көркем шығармадағы оқиғалар мен кейіпкерлердің іс-әрекеттерін сараптау арқылы бала кез келген мәселені талдап, шешім қабылдауға үйренеді. Екіншіден, көркем әдебиет оқушыға тек тіл байлығын ғана емес, адамгершілік қасиеттерді – мейірімділік, әділдік, еңбексүйгіштік, достық сияқты құндылықтарды да бойына сіңіреді. Үшіншіден, мұғалімдер бұл жобаны сабақтан тыс уақытта тиімді пайдаланып, түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастыруға мүмкіндік алады. Мысалы, кітап талқылауы, пікірталас, шығармашылық кештер, драмалық көріністер мен әдеби викториналар оқушыларды белсенді оқырманға айналдырып қана қоймай, олардың сөйлеу мәдениетін, өз ойын еркін жеткізе алу қабілетін де дамытады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек» деген сөзі – бұл жобаның маңыздылығын айқын көрсетеді. Президент атап өткендей, жастарды кітап оқуға баулу – ұлттың интеллектуалдық әлеуетін арттырудың басты шарты. Егер жас ұрпақ кітап оқуға дағдыланса, ел болашағы саналатын осы буын білімді, парасатты әрі жауапты азамат болып қалыптасады.

«Кітап оқитын ұлт» жобасы тек білім беру үдерісінің бір бөлігі емес, ол – қоғам дамуының айнасы. Егер мемлекетте жастардың басым бөлігі кітап оқуға әуестенсе, қоғамдағы білімсіздік пен немқұрайлық сияқты түйткілдер азаяды. Жасөспірімдердің мәдениет пен әдебиетке деген қызығушылығы артып, олардың бойында елжандылық, азаматтық жауапкершілік, дүниетанымдық кеңдік сияқты маңызды қасиеттер қалыптасады. Бұл жоба тек кітап оқуға шақыру ғана емес, ол – ұлттың рухани жаңғыруының, интеллектуалды дамуының кілті. Сонымен қатар, кітап оқу оқушылардың логикалық және аналитикалық қабілеттерін дамыта отырып, ғылыми ізденіске деген қызығушылығын арттырады. Кітап арқылы бала тек өз елінің тарихы мен мәдениетін ғана емес, әлемдік өркениетті де таниды, өз көзқарасын қалыптастырады. Бұл өз кезегінде олардың болашақта кәсіби бағыт таңдауына да оң әсерін тигізеді.

«Кітап оқитын ұлт» жобасының тағы бір маңызды қыры – ата-аналар мен мұғалімдердің де белсенді қатысуы. Егер ата-ана мен ұстаздар балаға үлгі болып, өздері де кітап оқуға мән берсе, оқушылардың қызығушылығы еселене түседі. Мұндай отбасылық және мектептік оқу мәдениеті біртіндеп қоғамның жалпы мәдени деңгейін көтеріп, мемлекетімізді әлемдегі ең көп кітап оқитын елдердің қатарына қосуға ықпал етеді. Мемлекет басшысы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан бұл жоба – оқушыларды, мұғалімдерді және ата-аналарды біріктіретін бірегей платформа. Ол тек жеке тұлғаның дамуына ғана емес, елдің болашағына әсер ететін маңызды фактор болып табылады. Білімді, кітап сүйетін ұлт – мықты мемлекет қалыптастырудың басты шарты. Сол себепті де әрбір мектеп бұл жобаны өз жұмысында басым бағыттардың бірі ретінде қарастыруы тиіс.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 93 рет