Қалалық білім басқармасы ұйымдастырған жиынға 200-ге жуық педагог қатысты. Биылғы конференция «Адами капиталды дамыту – техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбына арналды. Кездесу барысында техникалық және кәсіптік білім беру саласының қазіргі жағдайы, педагогтердің кәсіби дамуы және білім алушыларға заманауи талаптарға сай білім беру мәселелері сөз болды.
Конференцияның басты бағыттарының бірі – оқыту әдістемесін жетілдіру. Педагогтер оқу үдерісінде тиімді әдістерді қолдану, инновациялық шешімдерді енгізу және білім берудегі жаңа талаптарға бейімделу мәселелерін талқылады. Сонымен қатар әдістемелік жұмыстың мазмұнын жаңарту, заманауи білім беру тәсілдерін тәжірибеге енгізу және білім алушылардың қажеттіліктеріне қарай оқыту үдерісін жетілдіру бағыттары қарастырылды.
Қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлзина Уәлиханованың айтуынша, мұндай кездесулер педагогтер үшін тәжірибе алмасып, кәсіби ізденістерін толықтыруға мүмкіндік береді. Конференция аясында ұстаздар өзара пікір бөлісіп, білім беру жүйесіндегі өзгерістерге қатысты ойларын ортаға салды. Сондай-ақ жаңа әдістемелер мен тиімді педагогикалық тәсілдер туралы ақпарат алып, оларды оқу үдерісінде қолдану жолдарын қарастырды.
Жиында білім беру саласындағы цифрлық технологиялардың рөліне де ерекше назар аударылды. Педагогтер жасанды интеллект мүмкіндіктерін оқу үдерісінде тиімді пайдаланудың маңызын атап өтті. Мамандардың пікірінше, заманауи технологиялар ең алдымен педагог пен білім алушының жұмысын жеңілдетіп, уақытты тиімді пайдалануға жағдай жасауы керек. Бұл ретте жасанды интеллект адамның шығармашылығын немесе педагогтің кәсіби тәжірибесін алмастырмай, керісінше техникалық және күнделікті жұмыстарды оңтайландыруға бағытталуы тиіс.
Конференция барысында өткен оқу жылында атқарылған жұмыстар да сараланды. Білім беру ұйымдарының педагогтері оқу үдерісіндегі жетістіктері мен тәжірибелерімен бөлісіп, жаңа оқу жылында атқарылатын жұмыстардың басым бағыттарын айқындады. Жиын кәсіби мәселелерді талқылаумен қатар, ұстаздардың еңбегін бағалап, белсенді педагогтерді ынталандыруға да мүмкіндік берді.
Солардың қатарында Шымкент музыкалық колледжінің музыкалық жетекшісі Айнұр Баймаханова бар. Ол қалалық іс-шараларға белсенді қатысып, қоғамдық және мәдени жобаларға үлес қосқаны үшін Алғыс хатпен марапатталды.