Жұма, 21 Тамыз 2026 16:28

Сауранда жаңа оқу жылының басым бағыттары айқындалды

Бүгін Сауран ауданында «Жаңа халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбында педагогтердің дәстүрлі аудандық тамыз кеңесі өтті. Жаңа оқу жылы қарсаңындағы маңызды басқосуға Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров, құқық қорғау органдарының басшылары, аудан әкімдігінің қызметкерлері, ардагер ұстаздар, халық қалаулылары, қоғамдық ұйым өкілдері, білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтер қатысты.

Кеңесте өткен оқу жылының қорытындылары сараланып, жаңа оқу жылындағы басым бағыттар мен міндеттер айқындалды. Жиында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров сөз сөйлеп, білім саласының бүгінгі жай-күйіне тоқталып, педагогтер қауымын жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады. Бүгінде Сауран ауданында 64 жалпы білім беретін мектеп және 64 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Мектепке дейінгі ұйымдарда 6 923 бүлдіршін тәрбиеленіп, оларға 571 педагог қызмет көрсетуде. Өткен 2025–2026 оқу жылында аудан мектептерінде 24 352 оқушы білім алса, жаңа оқу жылында оқушылар санын 25 мыңға жеткізу жоспарланып отыр. Биыл 2 333 бүлдіршін мектеп табалдырығын алғаш рет аттайды. Ауданда үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептердің жоқтығы білім беру инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстардың нәтижесі ретінде атап өтілді.

2025–2026 оқу жылының қорытындысы бойынша аудан мектептеріндегі білім сапасы 59,11 пайызды құрап, өткен оқу жылындағы 57,8 пайыздық көрсеткішпен салыстырғанда өсім байқалды. Оқушылардың үлгерім көрсеткіші 100 пайызды құрады. Білім сапасы бойынша Сауран ауданы облыста 9-орында тұр.Өткен оқу жылында аудан мектептерін 1 745 түлек аяқтады. Оның ішінде 562 түлек мемлекеттік білім грантының иегері атанса, 148 түлек «Алтын белгіге», 132 түлек «Үздік аттестатқа» ие болды. Сонымен қатар аудан оқушылары пәндік олимпиадаларда жоғары нәтижелер көрсетті.

Кеңес барысында аудандық білім бөлімінің басшысы Ғани Әметбеков «2025–2026 оқу жылының қорытындылары және жаңа оқу жылының міндеттері туралы» баяндама жасап, алдағы кезеңдегі негізгі міндеттерге тоқталды. Сондай-ақ тәжірибелі педагогтер мен жас мамандар сөз сөйлеп, білім беру үдерісіндегі тәжірибелері мен ұсыныстарын ортаға салды. Жиын аясында білім беру саласында ұзақ жылдар жемісті еңбек етіп, өскелең ұрпақтың сапалы білім мен саналы тәрбие алуына үлес қосып жүрген бірқатар ұстаздар мен білім саласының қызметкерлері марапатталды. Оларға Сауран ауданы әкімдігінің «Еңбегі сіңген» төсбелгісі, аудан әкімінің Алғыс хаты, білім саласындағы ведомстволық және кәсіподақ марапаттары табысталды.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 13 рет