Дүйсенбі, 18 Маусым 2018 22:06

Шымкент: биылғы оқу жылында 5 мектеп ел игілігіне беріледі

Биылғы оқу жылында Шымкент қаласы бойынша жаңадан 5 мектептің тұсауы кесілмек. Әзірге шаһарда 10 білім ошағының құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек екі мектептің құрылысын бастау үшін тиісті құжаттары әзірленуде. Ал қыркүйек айында пайдалануға берілетін мектептердің құрылысы бүгінде қызу жүріп жатыр.

Жаңа мектептің бірі «Шаңырақ» шағынауданынан бой көтеруде. Аты меңзеп тұрғандай, мұнда негізінен қазақ топырағын аңсап, сырттан қоныс аударған қандастарымыз тұрады. Олардың ұл-қыздары бірнеше жылдан бері өзге білім ошақтарына қатынап оқитын. Енді биылғы қыркүйек айынан бастап 600 орындық мектеп бұйырмақ. Мердігерлер бүгінде «Нысан құрылысының 85 пайызын аяқтадық» деп сендіріп отыр. Әйткенмен қаражат мәселесінде қолбайлау болып тұрған жайттардың барын да жасырмады.

Ал құрылысы 2017 жылдың қазан айында басталған тағы бір білім ошағына 1 миллиардқа жуық теңге қаралыпты. 3 гектар аумақта еңсе тіктеп жатқан мектеп, сала мамандарының айтуынша, 2019 жылға өтпелі екен. Бір қуанарлығы, бұл нысанда мүмкіндігі шектеулі оқушылар үшін қолайлы жағдай жасалып жатыр. Жеделсаты мен арнайы әжетхана бөлек салынуда.

Құрылыс жұмыстары келер жылға өтпелі саналатын тағы бір мектеп Әкімшілік-іскерлік орталығында орналасқан. 1200 орындық білім ошағының құны 1 миллиард 600 миллион теңгеге бағаланған. Биыл 1 миллиард 300 миллион теңге игеріледі деп жоспарланған. Жалпы, қалалық білім бөлімінің «Осы қарқыннан таймасақ, 2019 жылы Шымкент қаласында үш ауысымда білім беру мәселесі түбегейлі шешіледі» деген болжамы бар.

 «AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 1480 рет