Мобильді қосымшаны енгізу «мектеп – ата-ана – оқушы» байланысын түзіп, ата-аналардың бақылауын күшейтуге, олардың сабақ процесіне белсене араласуына мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде оқушылардың мектепке себепсіз келмеуі мен сабаққа себепсіз қатыспауы 10 есе азайды, балалар арасындағы құқықбұзушылық 75%-ға, жеткіншектер арасындағы құқықбұзушылық 12%-ға кеміді, оқушылардың сабақ үлгерімі жақсарды.
Білім беру саласын цифрландырудың тағы бір жобасы – мұғалімдерді қызметке автоматты түрде қабылдау жүйесі. Егер бұған дейін педагогикалық лауазымдардан үміткерлер (педагогикалық жоғары оқу орындарының түлектерін қоса алғанда) әр мектептегі бос орынды бөлек іздеп келсе, бұл жүйені енгізудің нәтижесінде олар веб-сайтқа онлайн-өтініш беріп қана қоймай, ашық конкурстан өту мүмкіндігіне ие болды. Соның нәтижесінде арыз-шағымдар 90%-ға кеміді, педагогикалық құрамның сапасы жақсарды, сыбайластық тәуекелдер азайды. Бүгінгі күнге дейін 2409 өтінім қабылданып, 1063 маман онлайн конкурсқа қатысқан. 780 маман жұмысқа орналасыпты.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.