Бейсенбі, 26 Шілде 2018 12:28

Шымкент: Мектепке дейінгі мекеменің барлығына балалар автоматтандырылған жүйемен қабылданады

Жақында Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Селекторлық жиында еліміздегі «ақылды қалалар» жобасын іске асыру мәселелері қаралды. Олардың арасында Шымкент қаласы да бар. Бұл туралы Премьер-министрдің ресми сайты хабарлады

Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің деректеріне сәйкес, «Smart city» жобасын іске асыру аясында өңірлерде цифрландыру кеңселері құрылған. Жергілікті атқарушы органдар іске асыратын жобаларды үйлестіру процесін ҚР АКМ және «Зерде» АҚ негізінде құрылған цифрландырудың орталық штабы басқарады.

Жиында сөз алған Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қазіргі таңда шаһардағы «Ақылды қала» жобасы бірнеше бағытта дамып келе жатқанын мәлімдеді. Олардың арасында денсаулық сақтау, білім беру, көлік, қауіпсіздік және тұрғын үй-коммуналды шаруашылық салалары бар.

– Мысалы, білім беру саласына келсек, мектепке дейінгі тәрбие беретін 459 мекеменің барлығына балалар автоматтандырылған жүйемен қабылданады, - деді әкім. - Осы жүйені сынақтан өткізу нәтижесінде 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалар арасындағы кезек саны 46 мыңнан 18 725-ке дейін азайды. Сәбилер балабақшаларға бұрынғыдай комиссия шешімі негізінде әр тоқсанда 1 рет емес, күн сайын автоматты түрде бөлінеді.

Әкімнің айтуынша, соның нәтижесінде балабақшаға қабылдауға қатысты арыз-шағым 80%-ға азайды.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 1389 рет