Сейсенбі, 05 Шілде 2022 23:10

ШЫМКЕНТТЕ БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ ЗАҢНАМАЛЫҚ ӨЗГЕРІСТЕР АЙТЫЛДЫ

Шымкенттегі  М.Әуезов атындағы ОҚУ-да  ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Н. Бекназаров пен А.Қапбарова білім саласының қызметкерлерімен кездесті. Жүздесуде білім саласындағы заңнамалық өзгерістер талқыланып, ұсыныстар айтылды.

Айгүл Қапбарова өз сөзінде жұмыс тобында қаралып жатқан «Ғылым туралы» заң жобасы жайлы ақпарат беріп, ондағы негізгі қағидаларынан құлағдар етті.

Атап айтқанда, «ғылыми атақ алу үшін шетелдік басылымда жарияланым болуы керек» деген қағидаға өзгеріс енгізу бастамасы көтерілгені, отандық ғылыми басылымдардың беделін арттыру назарда екенін атап өтті. Және ЖОО оқытушы-қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шаралары ойластырылып жатқанын да жеткізді. Бұл үшін ғылым саласы қызметкерлеріне арнайы әлеуметтік пакет қарастырылып жатқанын жеткізді.

–Мемлекеттің ғылымға деген көзқарасы түбегейлі өзгеруде. Халықтың жағдайын жақсартып, әлеуетін арттыруға бағытталған заңдар дайындалып жатыр, - деп түйіндеді сөзін Айгүл Жарылқасынқызы.

«Ғылым министрлігінің дербес мекеме болып құрылуы қазақстандық ғылымды дамыту үшін жасалған шара. Ғылым академиясы қайта түлеп, оны қаржыландыру механизмдері қаралып жатыр», - деген сенатор Нұрлан Құдиярұлы жаңа Қазақстанды құру жолында білім саласы мамандарын бірлесіп жұмыс етуге шақырды.

М.Әуезов университеті ұжымы тарапынан айтылған ұсыныстар арасында ОҚУ-не Ұлттық университет статусын беру жайы назардан тыс қалмады. Тұрғын саны миллионнан асқан мегаполисте Ұлттық университеттің болуы өңірдегі зиялы қауым өкілдерінің құрамын сақтап қана қоймай, жаңа дәуір интеллигенциясының қалыптасуына ықпал етіп, жасампаз интеллектуал тұлғалардың шоғырлануына мол септігін тигізетіні айтылды.

Айтпақшы, дарынды балаларды қолдау шаралары бойынша да заңнамаға түзетулер енгізіп жатыр. Онда интеллектуалдық байқаулардың жүлдегерлеріне жоғары оқу орындарына ҰБТ-сыз, конкурстан тыс негізде білім алу үшін гранттар беру қарастырылған. Сондай-ақ ведомство халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері және оларды даярлаған педагог-жаттықтырушыларға да біржолғы ақшалай сыйақы төлеуге бастамашылық етті. Алтын медаль иегерлеріне — 1500 АЕК, күміс медаль – 1000 АЕК, қола медаль – 500 АЕК көлемінде ақшалай сыйақы тағайындау жоспарланып отыр. Сондай-ақ, жоғары білім беру жүйесіне оқытудың жаңа құралын «Онлайн-оқу» форматын енгізу жоспарлануда. Осылайша, елімізде алғашқы онлайн-университеттер ашылады.

 

Оқылды 310 рет