Осы ретте, ағымдағы жылдың 31 шілде күні ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің аумақтық департаментінің ұйымдастыруымен білім саласына гранттар бөлудегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында кеңейтілген отырыс өтті. Іс-шараға ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің аумақтық департаментінің басшысы Ә.Көмекбаев, облыстық білім беру басқармасының басшысы И.Сағындықов, ЖОО және колледж директорлары мен қызметкерлері, жалпы саны 500-ге жуық адам қатысты.
«Білім саласы ең өзекті сала. Осы саладағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, әсіресе білім беру гранттарын бөлудегі ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында Агенттік пен Министрлік тарапынан үлкен жоба қолға алынып отыр. Осы жобаны жүзеге асыруда қоғам белсенділерінен тұратын Департамент жанынан құрылған Арнайы мониторингтік топ білім беру гранты мен мемлекеттік тапсырысты бөлуге бекітілген конкурстық комиссия мүшелері жұмысына бақылаушы ретінде қатысатын болады. Тек арнайы мониторингтік топ мүшелері ғана емес, облыстың, Шымкент қаласының белсенді азаматтарын да бақылаушы болуға шақырамыз» - деді Департамент басшысы Ә.Көмекбаев.
«Облыста еңбек нарығында жұмыс күшіне деген нағыз қажетті сұраныс пен жергілікті атқарушы органдардан келіп түскен формальды ұсыныс арасындағы алшақтықты барынша қысқарту, соған сәйкес жұмыссыздықты және нағыз мамандық иелерінің тапшылығын кеміту мақсатында сұранысқа ие қажетті мамандықтарды сараптап мемлекеттік тапсырысты бекітуге алғаш рет білім басқармасы жанынан 7 сала бойынша жұмысшы топ құрылды. Осы жауапты істі атқаруға Жұмысшы топ құрамына облыстық кәсіпкерлер палатасы, кәсіпорын басшылары, қоғамдық ұйымдар мен салалық басқарма мамандары, мәслихат депутаттары енді» деп атап өтті Түркістан облысы білім басқармасының басшысы И.Сағындықов.
«AQ-QARA.KZ» – ақпарат»