Сапалы білім беру мақсатында 5 жылға арналған кешенді жоспарға сәйкес, 2025 жылға дейін 86 079 орынға арналған 101 мектеп салу жоспарланған. Жоспарлы жұмыстардың орындалу барысын, жаңадан бой көтеріп жатқан білім мекемелерінің құрылысын қадағалау, жаңа оқу жылына дайындығын пысықтау мақсатында бүгін қала әкімі М.Әйтенов бірқатар жекеменшік мектептерді аралады.
Осы жылы балалар игілігіне берілетін мектептердің бірі – Қайтпас-1 шағын ауданында орналасқан 228 орындық Әлихан Бөкейхан атындағы бастауыш мектеп. 2 қабатты ғимаратта 12 оқу бөлмесі, оқушылар асханасы, мед кабинет, спортзал қарастырылған. Осы жылы пайдалануға беріледі. Жалпы, Шымкентте өткен жылы 11 764 орынға арналған 25 мектеп пайдалануға берілді. Нәтижесінде жаңа оқу жылында апатты мектеп мәселесі толығымен жойылып, үш ауысымды мектептер саны 14-тен 9-ға төмендеді. Биыл жалпы 34 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 10 нысанның құрылысы 2021 жылдан өтпелі, ал 24 нысанның құрылысы жаңадан басталған. Жыл соңына дейін 24 мектепті пайдалануға тапсыру жоспарлануда. Нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны 9-дан 5-ке төмендейтін болады. Одан бөлек, Оқушылар сарайы мен Саз мектебі салынуда.
Естеріңізге салайық, өткен жылы Шымкентте 25 мектеп салынған.
Айта кетейік, 2021-2022 оқу жылында Шымкент қаласы бойынша 11 189 оқушы мектеп бітірді. Оның ішінде 444 түлек «Алтын белгі», 571 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанды. Тағы 19 251 оқушы 9 сыныпты тәмамдады. Оның ішінде Ұлттық біріңғай тестілеуге 433-і қатысса, қалған 20 үміткер шетел жоғары оқу орындарына түсуіне байланысты ҰБТ тапсырудан бас тартқан. Ал, білім саласындағы мемлекеттік саясаттың нәтижесінде осы оқу жылында 500-ден астам шымкенттік оқушы халықаралық және республикалық сайыстарда топ жарды.