Мерекелік шара барысында оқушылар мектеп ұстаздарына арналған жыр шумақтарын арнап, әсем әнмен шаттыққа бөлесе, мектеп оқушылары мың бұрала билеп мерекенің сәнін келтіре түсті. Ұстаздық еткен жалықпас, Үйретуден балаға, — деп Абай атамыз айтқандай, шәкірттерінің өзінен озғанын калаған ұстаздар қауымына арналған мерекелік шара өз деңгейінде аталып өтілді.
1994 жылдан бері дүние жүзінің 100-ден астам мемлекетінде қазан айының алғашқы жексенбісі мұғалімдер мен білім беру саласындағы қызметкерлердің кәсіби мерекесі болып белгіленген. Кей мемлекеттер бұл мерекені 5 қазан күні атап өтеді. Біздің мемлекетімізде де бұл мерекені қазан айының алғашқы жексенбісіне белгілеген. Дәлірек айтсақ, мұғалімдер күні 1965 жылы 29 қыркүйекте КСРО жоғарғы кеңесі президумының бұйрығымен қазан айының алғашқы жексенбісіне қойылған. Сондай-ақ 1966 жылы 5 қазанда ЮНЕСКО мен Халықаралық еңбек ұйымының өкілдері "Мұғалімдердің мәртебесіне қатысты ұсыныстар" құжатына қол қойған.
Ұстаздар күні — көпшілік жақсы көретін кәсіби мерекелердің бірі. Бұл күні ұстаздар өздерінің шәкірттерінен тілектер мен гүлдер, сыйлықтар қабылдайды. Сондай-ақ, мектептерде концерттер ұйымдастырылып, түрлі-түсті қабырға газеттері әзірленеді. Ұстаз деген — бұл ғылымға жетелейтін маман ғана емес, адамды рухани байытатын тұлға. Ұстаздар ерекше азаматтық миссияны орындайды — келер ұрпаққа тәрбие береді. Сол себепті мереке қарсаңында ұлағатты ұстаздардың жұмысын жеңілдету мақсатында мектептерде оқушылардың өзін-өзі басқару күндері өтеді. Жоғары сынып оқушылары ұстаздардың орнына төменгі сынып оқушыларына сабақ береді. Ол үшін алдын ала ұстаздардан ақыл-кеңес алады.
Мектептің жүрегі – ұстаз. Ол бір ұлтты, тұтас халықты тәрбиелейтін ұлы тұлға. Ұстаздық — мамандық атаулының төресі. Олай дейтін себебіміз, кез келген адам шәкірт бола алады, бірақ кез келген адам ұстаз бола алмайды. Ұлы мамандық иелері ұстаздардың еңбегін тек оқушылар ғана бағаламаған, олардың алдында небір тұлғалар, тіпті бүкіл адамзат бас иген. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді.
Біздің редакция да осы мерекеге байланысты ұстаздар қауымын кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтайды. Қымбатты да қадірлі ұстаздар! Сіздерді келе жатқан төл мерекелеріңізбен құттықтаймыз. Бала бойына ата-анадан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, ұлттық сана-сезімді сіңіруші адам – мұғалім. Сіздер диқан секілді жансыздар. Диқан жерге азық дәнін сепсе, сіздер адам жанына білім, ізгілік дәнін себесіздер. Ақынды да, батырды да, алыпты да, дананы да ұстаз тәрбиелейді. Мұғалімі қандай болса елдің қоғамы да сондай болмақ делінген бұлжымас заңдылық ертеден-ақ белгілі болды. Адамзат өркениетінің даму тарихында жақсы мектебі мен мұғалімдері бар мемлекет қана озып шыққан. Ұстаздық жолында шаршамай, талмай қызмет етіп жүрген сіздер қандай құрметке де лайықсыздар. Қызығы мен шыжығы көп бейнеттеріңіз ақталсын. Əрбір атқан таңдарыңыз қуанышқа, батқан күндеріңіз шаттыққа толы болсын. Шәкірттеріңіз сіздер жетпеген биік белестерді бағындырсын деген тілек айтамыз. Осындай атаулы мереке күні осы бір аяулы қызмет иелерінің еңбегіне тың табыстар мен жаңа жемісті белестер тілейміз!
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»