Жұма, 19 Маусым 2026 10:45

Түркістан қаласындағы «Дара ұрпақ» инклюзивті театрында ерекше кездесу өтті

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан қаласындағы «Дара ұрпақ» инклюзивті театрына арнайы барып, ұжыммен және жас өнерпаздармен кездесті. Жылы әрі әсерлі жағдайда өткен жүздесуде театрдың жас өнерпаздары өнерлерін көрсетсе, театрдың құрылтайшылары Ербол Көкенов пен Рухабза Қалдарбек балалардың атынан өңір басшылығына алғысын айтып, жетістіктерін бөлісті. Өнерге баулып жүрген педагогтарды таныстырып, еңбектеріне тоқталды.

Кездесу барысында облыс әкімі ерекше балаларға қолдау білдіріп, театр ұжымына заманауи музыкалық аппаратураны сыйға тартты. – Құрметті ата-аналар, ұстаздар! Ардақты алтын балалар. Бүгін өздеріңізбен кездесіп,көңіл толқып тұр. Біздің қайсар, өмірге құштар балаларымыз өнер әлеміне қадам басып, жетістіктерімен қуантып жатыр. Бұл ретте ата-аналар мен осындағы ұстаздардың еңбегін сөзбен айтып жеткізу қиын. Сіздер – нағыз қайсар, мейірімді жансыздар. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы инклюзивті қоғамды қолдау, білім беруді жетілдіру бағытын үнемі назар аударып, мемлекет тарапынан тиісті қолдаулар көрсетіліп келеді. Бұл бағытта облысымызда да тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Біз өздеріңіздей өнерлі балаларымызбен мақтанамыз. Театрға шығармашылық табыс, сәттілік тілеймін. Өнерлі өрендеріміз республиканың сахналарында өнер көрсете берсін! – деген Нұралхан Көшеров әрбір баламен пікір алмасып, қадамдарына сәттілік тіледі.

Ата-аналар ерекше балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға жасалған жағдайлар үшін өңір басшылығына алғыстарын жеткізді. Айта кетейік, «Дара ұрпақ» инклюзивті театры ресми түрде 2025 жылғы 17 желтоқсанда ашылды. Облыс әкімдігінің қолдауымен юнклюзивті театрға қажетті ғимарат берілді. Былтыр ашылған театр бүгінде өңірдегі ерекше қажеттілігі бар балалар мен жастарды өнер арқылы әлеуметтендірудің тиімді алаңына айналып отыр. Бұл – Түркістан облысындағы тұңғыш инклюзивті театр әрі Қазақстанда аралас диагнозы бар балалармен кәсіби деңгейде жұмыс істейтін алғашқы бірегей ұжымдардың бірі. Театрдың негізгі мақсаты – ерекше қажеттілігі бар балалар мен жастардың шығармашылық әлеуетін ашып, олардың қоғамға толыққанды араласуына мүмкіндік жасау.

Бүгінде театрда Даун синдромы, аутизм және РАС, церебралды сал ауруы, сөйлеу қабілеті бұзылған 100-ге жуық ерекше бала өнермен айналысады. Актерлік шеберлік, вокал, хореография, пара би бағыттарымен қатар, мұнда психологтар, нейропсихологтар, невропатологтар, дефектологтар және АВА-терапевтерден құралған кәсіби мамандар қызмет көрсетеді. Театр жұмысының алғашқы алты айындағы нәтижелер оның әлеуметтік маңызын айқын көрсетті. Зерттеу қорытындысына сәйкес, бастапқы кезеңде балалардың басым бөлігі айналасымен қарым-қатынас жасаудан қашқақтаса, бүгінде олардың барлығы дерлік ұжымдық шығармашылық жұмыстарға толық бейімделген. Балалардың эмоционалдық тұрақтылығы артып, сөйлеу дағдылары, қозғалыс үйлесімділігі мен әлеуметтік қарым-қатынас деңгейі жақсарған.

Сонымен қатар ата-аналардың психологиялық жағдайына да оң әсер етіп, балаларының болашағына деген сенімін күшейткен. Бұл театрдың тек шығармашылық емес, әлеуметтік және тәрбиелік маңызы зор жобаға айналғанын көрсетеді. Кездесу барысында облыс әкімі театрдың алдағы жоспарларымен де танысты. Болашақта ұжым Түркістан облысының аудандарында гастрольдік сапарлар ұйымдастырып, Шымкент, Тараз, Қызылорда қалаларында өнер көрсетуді көздеп отыр. Сондай-ақ Қазақстандағы ерекше балалардан құралған тұңғыш оркестрді құру жоспары бар.

Қазіргі таңда барлық әлем жұртшылығының назарын аударып отырған мәселе инклюзивті білім беру – ерекше білім беру қажеттіліктері мен жеке-дара мүмкіндіктерін ескере отырып, барлық білім алушылар үшін білім алуға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету болып табылады. Әр адам қайталанбас тұлға, сондықтан адам қоршаған ортамен адамгершілік қарым-қатынасқа құқылы. Осы жай  даму мүмкіндігі шектеулі балаларда жеткіліксіз болуы мүмкін. Мұндай кемшіліктердің алдын-алу үшін баланы білім беру ұйымдарына бейімдеудің, әлеуметтік ортаға үйретудің маңызы зор.

Баланы әлеуметтік ортаға бейімдеу – әлеуметтік қатынастың жалпы жүйесіне және баланың өз жағдайына қарай білім алу ортасына тез үйренуіне мүмкіндік туғызумен сипатталады. Білім беру ұйымдарындағы инклюзивті оқытудың негізіне балалардың құқығын кемсітпеу, теңдік қатынасты қамтамасыз ету, арнайы жағдай қалыптастыру  арқылы білім беру мен тәрбиелеу жатады. Зерттеулер көрсеткендей, даму мүмкіндігі шектеулі баланы әлеуметтік ортаға енгізудің екі жолы анықталған.

Бірінші жолы – даму мүмкіндігі шектеулі баланы қоршаған ортаға бейімдеу арқылы тұлға қалыптастыру, кемшін тұстары – біржақтылығы. Бұл жолды таңдап нәтижеге жету мүмкін емес, әлеуметтену процесі екі жақты болуы керек. Баланы әлеуметтік ортаға бейімдеу  процесінде интеграцияның объектісі ғана емес, сонымен қатар белсенді субъектісі де болу керек. Екінші жолы – даму мүмкіндігі шектеулі баланы әлеуметтік ортаға енгізу дайындығымен бірге, әлеуметтік ортаны мүмкіндігі шектеулі баланы қабылдауға дайындаудың ерекшеліктерін игеру. Негізгі факторы да осы болып табылады.

Мемлекетіміз даму мүмкіндігі шектеулі, яғни ерекше білім алуға қажеттілігі бар балалардың білім алуына, қоршаған ортамен қарым-қатынас орнатуына, дамуындағы ауытқуды түзетуіне және әлеуметтік бейімделуіне жағдай жасауды қамтамасыз етеді. Ерекше білім алуға қажеттілігі бар балаларға толыққанды білім беру  үшін түрлі жас кезіндегі бала дамуының өзіндік психологиялық-педагогикалық-медициналық ерекшеліктерін, білім мен тәрбиенің заңдылық-тарын терең білу керек. Даму мүмкіндігі шектеулі балаларға өзгелермен бірдей білім алуға, түрлі үйірмелерге қатысып, талантын шыңдауға, демалуға яғни қоғамдық өмірге араласуға құқық беру қажеттігі еш күмән келтірмейді. Бірақ, осы жұмысты  шынайы түрде іске асыру оңай еместігі бәрімізге белгілі.

Практикада дәлелденгендей, балалардың  әлеуметтік ортаға  бейім-делуіне ұжымда бірлесе жұмыс жасауы  маңызды рөл атқарады. Балалар  еңбек етуге  икемделіп, өзара қарым-қатынасқа түсіп, жауапкершілік, адамгершілік қасиеттері қалыптасады. Осы орайда, әлеуметтік ортаға бейімдеудің бірнеше бағыттарын қарастырсақ: әрбір баланың қоршаған  ортаға бейімделуіне жағдай жасау (әр түрлі қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету), психологиялық ерекшелігіне сай жұмыс жүргізу, шығармашылыққа тарту (жеке және топтық), мерекелік іс-шараларға қатыстыру, әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлауға үйрету, қоғамдық ортада өзін еркін сезінуге, өзін-өзі басқара білуге, өзі өмір сүретін ортаны толық бағдарлай білуді меңгеруге үйрету, балалармен өзара тіл табысуына ықпал ету және ата-аналармен өзара қарым-қатынасын нығайту болып табылады.

Ерекше білімді қажет ететін балалардың психикасының қалыптасуы мен дамуы дені сау балалармен салыстырғанда баяу жүреді дейді мамандар. Балалық шақтың осы таңғажайып мүмкіншіліктері мидың, белгілі бір жүйке құрылымдарының толысып, пісіп — жетілуіне және олардың функционалдық қасиеттеріне байланысты. Бұдан шығатыны баланың жас ерекшеліктеріне байланысты қасиеттер оның шығармашылық қабілеті дамуының негізін қалайтын жағдайларды тудырады.

Балалардың шығармашылық қиялы мен қабілеттерін дамыту, олардың практикалық дағдыларды именденуі сәбилік кезеңнен басталады. Маманның бұл бағыттағы жұмысының ғылыми негізде құрылуының және талапты бірте — бірте, жүйелі күрделендіру, әр түрлі жастағы балалардың білімі мен іскерлігін саралап қарау принцирін сақтап, өнердің әр түрінің қазіргі кездегі даму деңгейін ескеретін белгілі бір бағдарлама бойынша жүргізілуінің маңызы зор. Баланың ақыл-ой ерекшеліктері жаратылыстан шығармашылық, ізденгіштік сипаттарға ие, алайда оны дұрыс бағытта дамыту жағдайлары әрқилы, сондықтан баланың ақыл-ой қабілетін дамыту, оның нақты дара ерекшеліктерін ескеріп тәрбиелеуге байланысты балалардың толыққанды ақыл-ой тәрбиесін сенсорлық процестерді қалыптастырудан бастау қажет дейді ғалымдар.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 33 рет