Жексенбі, 05 Шілде 2026 23:51

Ұлттық домбыра күнінде Түркістан қаласында «Күй құдыреті» республикалық байқауы өтіп, дәулескер күйшілер тыңдарман рухын оятты

Ұлттық домбыра күніне орай Түркістан қаласындағы «Керуен-сарай» туристік кешенінде республикалық «Күй құдіреті» күйшілер байқауының финалдық кезеңі жоғары деңгейде өтті. Қазақтың қасиетті қара домбырасы ұлықталған тағылымды кешке еліміздің әр өңірінен белгілі күйшілер, өнер майталмандары жиналды. Ұлттық өнердің мерейін асқақтатқан мәдени іс-шараға Түркістан облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, жұртшылықты Ұлттық домбыра күнімен құттықтады.

Түркістан төрінде қазақтың қасиетті қара домбырасы ұлықталып, күй өнерінің құдіреті кеңінен насихатталды. Сахнада Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның «Сүгір» атындағы ұлт аспаптар оркестрі, Қазақстанның халық әртісі Айгүл Үлкенбаева, күйші-композитор Ғаламат Бейсеқожа және күйші Шыңғыс Исаев өнер көрсетіп, көрерменнің рухын көтерді. Сонымен бірге Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның шығармашылық ұжымы өнер көрсетті. Кештің шарықтау шегі – республикалық «Күй құдіреті» күйшілер байқауының финалдық кезеңі болды. Еліміздің әр өңірінен келген дарынды күйшілер қазақтың күйшілік дәстүрін жоғары деңгейде дәріптеп, өзара бақ сынады.

Байқау қорытындысы бойынша:

• Бас жүлде – Іңкәр Күзембай (Алматы қаласы);

• І орын – Нұрәли Саятұлы (Алматы қаласы);

• ІІ орын – Бекнұр Әбдіжәлил (Астана қаласы), Жантілек Жұмагелдиев (Атырау облысы);

• ІІІ орын – Асылбек Джорабеков (Атырау облысы), Оңғар Дәулет (Шымкент қаласы), Тұрсын Арсен (Алматы қаласы), Дінмұхаммед Сұлтан (Түркістан облысы).

Сонымен қатар, Төлеген Момбеков және Сүгір Әліұлы атындағы арнайы жүлделердің иегерлері мен дипломанттар анықталып, барлық қатысушыларға дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды. Ұлттық домбыра күні аясында өткен республикалық байқау күй өнерінің мерейін үстем етіп қана қоймай, Түркістанның қазақтың төл мұрасы мен руханиятын тоғыстырған маңызды орталық екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Дерек ретінде айта кетсек, 2018 жылдан бастап жыл сайын шілденің бірінші жексенбісінде Ұлттық домбыра күні – қазақ мәдениеті мен рухани мұрасының басты рәміздерінің біріне арналған мереке ретінде атап өтіледі. Қазақ халқының өзіндік мәдениеті мен өнерін домбырасыз елестету мүмкін емес. Бұл жай ғана музыкалық аспап емес, қазақ халқының рухани мәдениетінің символы, ол арқылы ғасырлар бойы ұлттың тарихы, дәстүрлері мен тағдыры берілген. Домбырада - қазақ халқының көп ғасырлық тарихы, азабы, қайғысы мен жаны бар.

Қазақтарға тән тектілік пен жомарттық әрқашан музыкалық шығармалар мен күйлерде көрініс тапты. Қазақ халқының тарихын, оның тағдырын, ішкі әлемін және халықтың ең жақын дүниесін бейнелейтін домбыра мен күй 2014 жылы ЮНЕСКО-ның әлемдік мәдени мұра тізіміне енгізілген. Қазақ халқы бұл ұлттық музыкалық аспаптың әлемдік қауымдастық мойындаған Мәдени мұра екенін мақтан тұтады. Бұл баға жетпес байлық – әрбір қазақ үшін қасиетті міндет.

Домбыра — қазақ халқының ең кең тараған екі ішекті, көп пернелі музыкалық аспабы. Ол — қазақтар өмірінде маңызды орын алатын -өзіндік музыкалық сипаты бар аспап. Алғаш эпикалық дәстүр шеңберінде жыр, толғау, термелерді сүйемелдеуге қолданылған домбыра кейін аспаптық шығарма — күй жанрының қалыптасуына ықпал еткен. Қазіргі кезде домбыра жеке әнді сүйемелдеуге, күй тартуға, халықтық-фольклорлық музыкада, классикалық шығармаларды орындауға қолданылатын, мүмкіндігі кең музыкалық аспап болып табылады. Домбыра — қазақтың халық аспабы.Қазақ халқы домбыраны көне заманнан бері қуанышта да, қайғыда да бірдей қолданып келеді. Олар домбыраның сыңғырлаған үнімен халқымыздың тарихын, салт-дәстүрін, мызғымас құндылықтарын жеткізген. Ал домбырада ойнау өнері мен күйлер ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып жалғасып отырған.

Бұл музыкалық аспаптың пайда болу тарихы ғасырлар қойнауына кетеді. Ежелгі Хорезм қаласының қазбаларынан археологтар екі шекті құралдарда ойнал тұрған музыкантардың терракотты бейнелерін тапқан. Ғалымдар бұның Хорезмдік аспаптардың бұдан екі мың жыл бұрын өмір сүрген көшпелі сақ тайпаларының музыкалық аспабы екенін белгіленген. Бұл ежелгі екі шекті аспаптардың қазақ домбырасымен ұқсастығы көп және оның прототипі болып табылады. Осылайша, археология арқылы домбыраның ерте кезде пайда болғандығы анықталды.

Домбыраның екі түрі бар — батыстық және шығыстық. Бұл орындалу дәстүрінің екі түрлілігімен ерекшеленеді. Орындалуы тез, виртуозды төкпе күйлерді орындау үшін сол қол домбыра жалымен еркін жылжуы керек. Сондықтан, батыстық домбыра жалы жіңішке және ұзынша болып келеді. Шығыстық жуан және қысқа жалды домбыраларда мұндай техникалық әдіс қолданылмайды. Аспаптар көлемімен қалыбының түрі дыбысталу күшіне әсер етеді: көлемі үлкен болса, дыбысталуы да сондай болады. Дыбысталу сипатына оң қол техникасының әсері бар: төкпе күйлерде дыбыс қол білезігін күшті сілку арқылы екі ішекті қағумен алынса, шертпе күйлерде дыбыс жекелеген қол саусақтарымен шектерді шерту арқылы берілген. Осылайша домбыра мен күйші, олардың орындалуы арасында тығыз байланыс бар. Домбыра тек екі шекті ғана емес, үш шекті де болып келеді. Қазақтың қазақтығын көрсететін ол бірден — бір — домбыра болып табылады.

Әрбір шаңырақтың төрінде ілулі тұратын домбыра ұлттық өнерді ұлықтайды. Оны ұлтымыздың жаны дерсің. Халқымыз бабаның көзіндей, қазақтың өзіндей болған қастерлі дүниенің қадір-қасиетін құрметтей біледі. Әдетте домбырасы жоқ шаңырақты мұрасы жоқ үй ретінде бағаланады. Ғасырлар бойы сақталған даланың рухы мен бабаның ғұрпын бүгінге жеткізген ұлттық құндылықтың тамыры тым тереңде жатыр. Домбыраның өзіне тән үні бар, сол қоңыр үнді нағыз шебер ғана өз нақышына келтіріп орындай алады.

Қашанда қазақ пен домбыра егіз екенін айтады. Екеуінің біртұтас ұғымға айналып кеткеніне тарих куә. Сол қасиетті қара домбыраның күмбірлеген үні талай қазаққа рух береді. Оның шанағынан төгілген әсем әуен мен тәтті күйге тәнті болып, құлақ құрышын қандырамыз. Домбыраға деген қызығушылық әрі музыкалық аспаптың танымалдылығы ешқашан да тоқтаған емес. Бүгінде домбыраның құлағында ойнайтын жастар көп. Бұл қуантарлық жайт. Бұл дәстүрді сақтап, оны келесі ұрпаққа аманат етіп тапсыру біздің қолымыздан келедіҰлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 35 рет