Сәрсенбі, 24 Маусым 2026 22:11

Түркістан: Р.Сейтметов театры XXVI маусымның шымылдығын «Лир патша» трагедиясының премьерасымен жаппақ

Бүгін Түркістан қаласындағы Р.Сейтметов атындағы сазды-драма театрында XXVI театр маусымының жабылуына орай Ұлыбританияның әйгілі драматургі Уильям Шекспирдің әлем әдебиетінің алтын қорына енген «Лир патша» трагедиясының премьерасы өтті. Қойылым қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әбіш Кекілбаевтың аудармасы негізінде Беларусь режиссері Даниил Филипповичтің сахналауымен көрермен назарына ұсынылды.

Философиялық тереңдігімен ерекшеленетін спектакльде адам болмысы, билік пен жауапкершілік, әкелік махаббат пен перзенттік парыз, шынайылық пен жалғандық секілді мәңгілік тақырыптар кеңінен көрініс тапты. Заманауи режиссерлік шешімдер мен актерлердің кәсіби шеберлігі үйлесім тауып, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Айта кетейік, «Лир патша» трагедиясының премьералық қойылымы ертең, 25 маусым күні де театр сахнасында көрермен назарына ұсынылады. Осылайша Р.Сейтметов театры XXVI театр маусымын мазмұнды әрі тағылымды премьерамен қорытындылап, жаңа шығармашылық белестерге жол ашты.

Орайы келгенде аталмыш театрдың негізін қалаушы Райымбек Сейтметов туралы сөз қозғай кетсек. Қазақстан Республикасының халық артисті, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» және Жастар Одағы сыйлықтарының иегері, «Кафка» атындағы сыйлықтың иесі, профессор Райымбек Ноғайбайұлы Сейтметов қазақ театр сахнасының негізін қалаушы, өмірін өнерге арнаған аңыз тұлға.

1938 жылдың наурыз айының 2-ші жұлдызында топырағында тарихы тұнып тұрған киелі шаһар Түркістанда дүние есігін ашқан. Сахнаның дара шапқан дарабозы, бала кезінде Түркістандағы аты әлемге мәшһүр Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жанына барғанда, ескерткіш қабырғаларындағы түсініксіз түрлі-түсті сан оюларға бала болса да таңдана, тамсана қарап, сол бір тілі байланған тылсым құдіретке ғашық болған екен. «Мені өнер сиқырына баулып, оның тылсым сырларына түсінуге, тұшынуға итермелеген сол тарихи ескерткіш болса керек», – деген екен Р.Сейтметов. Сахна серісі Райымбек атамыздың өнер майданына деген махаббаты осылай ұшқындаған. 

Тоқсаныншы жылдардың тоқырау кезінде Алматыдағы жылы орнын, жайлы тұрмысын тастап жасы 60-қа келіп қалғанда туған жерге оралыпты. Артымда із қалдырсам, халқыма пайдалы дүние берсем деп саналы түрде келген. Әуелі ХҚТУ ректор М.Жұрыновтың қолдауымен өнер бөлімін ашты. Өңірдегі талантты жастарды жинап, сахна өнеріне баулыды. Ол кезде ел тұрмысы жүдеп, тіршіліктің қиюы қашқан кез-тін. «Түркістанның бүгіні мен ертеңін ойлағанда көңілімде бір түйткіл тұрды. Түркістанның рухын көтеру үшін, ең әуелі сол жердің рухани игіліктерін жасауымыз қажет. Өзім ұзақ жылдар қызмет еткен өнер саласының биігінен қарасам, Түркістанға театр керек. Еліміз егемендік алды, Түркістан қайта түлейтін болады деп, жастайымнан бауыр басып қалған Алматыны, атақ-абыройына ие болған өнер ордасын тастап, туған жерге тартып кетуімнің басты себебі де сол болатын. Осында жинақталған тәжірибемді, азды-көпті өнерімді сонда алып барайын деп шештім. Түркістан қайта түлеп, іргесін кеңітіп жатқанда соның бір шегесі болып қалғым келді…» деп өзі айтқанындай, парасатты пайымымен туған жерге келіп, өнердің туын тікті. Өзі тәрбиелеп-оқытқан, дайындаған шәкірттерінен театр труппасын жасақтады. Түркістан театрының іргесін қалап, керегесін бекітіп кетті.

Театр небәрі 4-5 жыл көлемінде аяққа тұрды. Жас театр болса да күрделі тарихи-драмаларды сахнаға шығарып кәсіби тұғырға құлаш сермеді. Көптеген театр фестивальдерінен жүлделі оралып жүрді. Өзінің бағытын айқындады. Түрік тілдес елдер драматургиясын көбірек сахналады. Мақсат айқын. Түркістан театры – түркі тілдес елдердің театр өнерінің ортақ ордасына айналуы керек.

2004 жылы ақпанында театр Қадыр Мырза Әлидің «Әмір-Темір» тарихи драмасын қойды. Басты рөлді талантты актер Ержан Исатаев сомдады. Жарты әлемді жаулаған ханның өмірінің соңғы сәттерінен жазылған драмада небәрі 3-4 қана кейіпкер. Драма тұтастай өлеңмен жазылған. Қойылым сәтті шықты. Автор да премьераға қатысты. «Жалпы, режиссер Райымбек Сейтметовтің қазақ театр өнеріне әкелген жаңалығы, қосқан сүбелі үлесі – осы поэтикалық шығармаларды сахналауы. Махамбеттің отты жырлары негізінде қойылған «Туған ұлдан не пайда?», Абай өлеңдері желісінде «Қалың елім, қазағым» (инсценировкасын өзі жазған) туындысын жасап, классиктер шығармашылығындағы ешқашан ескірмейтін адамзатқа ортақ проблемаларды бүгінгі күнмен ұштастыра білген зерек суреткер», деп сахна сыншысы Ә.Сығайдың баға беруі орынды. Расында, Р.Сейтметов – елімізде поэтикалық театрдың қалыптасуына зор еңбек сіңірген режиссер. Осы дәстүрлі сүрлеу, арна жас Түркістан театрында да жалғасын тапты.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 37 рет