Сенбі, 20 Маусым 2026 15:54

Түркістанда Татьяна Бурмистрованың шығармашылығының 50 жылдығына арналған ән кеші өтті

Түркістанда Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Түркістан облысының және Алғабас ауданының Құрметті азаматы, «Парасат», ІІІ дәрежелі «Барыс» және «Отан» ордендерінің иегері, белгілі әнші әрі термеші Татьяна Бурмистрованың шығармашылығының 50 жылдығына арналған ән кеші өтті.

Рухани кешке Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, мерейтой иесі Татьяна Бурмистрованың ұлттық мәдениет пен өнерді дамытуға қосқан елеулі үлесін ерекше атап өтті. Өңір басшысы мерейтой иесін мерейлі белесімен құттықтап, құрмет көрсетіп, арнайы сый-сияпат табыстады. Мерекелік кеш «Алқоңыр» фольклорлық ансамблінің орындауындағы «Көңілашар» күйімен ашылып, көрермен назарына өнер иесінің өмірі мен шығармашылығына арналған арнайы бейнеролик ұсынылды. Кеш барысында Татьяна Бурмистрова халық әндері мен қазақ өнерінің алтын қорына енген таңдаулы туындыларды орындап, жарты ғасырлық шығармашылық жолынан сыр шертті. Туған жер, ата-ана, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрді арқау еткен әндер көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Сонымен қатар, кештің екінші бөлімінде ақындардың Татьяна Бурмистроваға арнаған жырлары оқылып, өнер иесінің шығармашылығы мен азаматтық болмысы кеңінен насихатталды. Әдеби-сазды бағдарлама мерейтой кешінің мазмұнын байытып, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Кеш соңында Татьяна Бурмистрова ұйымдастырушыларға, әріптестеріне және өнерсүйер қауымға алғысын білдіріп, шығармашылық жолында қолдау көрсеткен барша жанға ризашылығын жеткізді. Айта кетейік, Татьяна Бурмистрова ұлттық өнерді дәріптеу мен дәстүрлі әншілік мектепті насихаттау бағытында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп, қазақ мәдениетінің дамуына сүбелі үлес қосып келеді.

Өткен ғасырдың 70-жылдары сахнаға жарқ етіп шығып, бүкіл Кеңес Одағын қазақ әуенімен әуелеткен үш Татьяна елдің есінен әлі күнге шыға қойған жоқ. Татьяна Бурмистрова, Татьяна Полтавская және Татьяна Мартыненко. Әйтсе де, ел қуана қабылдаған үш қыздың өнер жолдары ұзаққа бармады. Тыңдармандары көбейген сәтте сахнаны орта жолдан тастап кетті. Тек араға жылдар салып, Татьяна Бурмистрова ғана қолына домбырасын қайта алып, ел аралап концерт берді.

Мамандығы психиатр дәрігер Татьяна Бурмистрованың өзінің айтуынша, Оңтүстік Қазақстан облысының Алғабас ауылында орыс отбасында туып-өскен оған қалың қазақтың ішінде жүріп, тілді меңгеру қиынға соқпаған, сол сияқты музыкаға деген қызығушылық оның 7 жасынан домбыра үйренуге деген ықыласын оятқан. Ауылдағы музыкалық сауаты бар Ұлбике деген қыздан Құрманғазының бір күйін үйренген. Алматыдағы медицина институтында оқып жүргенде республикалық «Алтыбақан», «Тамаша» сияқты телехабарларға түсіп, әнші ретінде танылған.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 30 рет