Дүйсенбі, 22 Маусым 2026 10:25

Созақ ауданының әкімі би үйірмесінің жас бишілеріне құрмет көрсетті

Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков Жамбыл облысы, Тараз қаласындағы «Баласағұн» мәдениет сарайында өткен «By style» көпжанрлы байқауында Бас жүлдені иеленіп, аудан мерейін асқақтатқан «Эделвейс» би үйірмесінің жас бишілерін арнайы қабылдап, құрмет көрсетті.

Кездесуге өнерлі бүлдіршіндермен қатар олардың ата-аналары мен әжелері қатысып, балаларға көрсетіліп жатқан қолдау мен қамқорлық үшін ризашылықтарын білдірді. Жиын барысында жас өнерпаздардың сахнадағы шеберлігі мен ұлттық өнерге деген ықыласы кеңінен айтылып, олардың жетістігі көпшілікке үлгі ретінде аталды. Аудан басшысы өнерлі өрендердің жетістігін жоғары бағалап, мұндай жеңістер – тек бір ұжымның ғана емес, тұтас ауданның абыройы екенін атап өтті. Сонымен қатар, балалардың шығармашылық қабілетін шыңдап, олардың өнерге деген сүйіспеншілігін қалыптастыруда жетекшілер мен ата-аналардың еңбегі ерекше екенін жеткізді.

– Бүгінгі жас жеткіншектердің сахнадағы еркіндігі мен өнерге деген ынтасы бізді қуантады. Осындай талантты балалар – елдің болашағы, мәдениетіміздің жалғасы. Сіздердің әрбір жетістіктеріңіз ауданымыздың мерейін өсіреді, – деді аудан басшысы. Кездесуде «Эделвейс» би үйірмесінің жетекшісі Ләнде Жәудір Асқарқызының еңбегі де ерекше аталып өтті. Тынымсыз ізденісі мен шығармашылық еңбегінің нәтижесінде жас бишілер түрлі байқауларда топ жарып, аудан намысын абыроймен қорғап келеді.

Мәдениет – ұлттың рухани тірегі, елдің еңсесін көтеретін асыл құндылық. Ал өнер – халықтың жан дүниесін байытып, ұрпақ санасына ізгілік пен тағылым дарытатын ұлы күш. Осы қасиетті саланың дамуына өлшеусіз үлес қосып, мәдениетті, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген ұрпақ өсіріп отырған өнер ұжымына айтылар алғыс көп.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Мәдениет – ұлттың рухани келбеті. Өнер мен мәдениет арқылы еліміздің болмысы, тарихы мен дәстүрі ұрпақтан ұрпаққа жалғасады» – деп атап өткен болатын. Бұл – мәдениет саласы қызметкерлеріне берілген үлкен баға әрі зор жауапкершілік. Халықтың ықыласына бөленіп жүрген өнерпаздар мен мәдениет саласының ардагерлеріне ерекше алғыс айта кеткен жөн. Аудан басышылығыәркез мәдени нысандарды жаңғырту, өнер ұжымдарын қолдау, шығармашылық жобаларды дамыту бағытындағы жұмыстарды жалғастыра беретін болады.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 28 рет