Бейсенбі, 25 Маусым 2026 08:41

Созақ ауданында Дина Нұрпейісованың 165 жылдығына арналған облыстық «Күй құдыреті» жас күйшілер байқауы өтті

Созақ ауданының орталығы Шолаққорған ауылындағы «Мыңжылқы» мәдениет сарайында қазақтың күй өнерінің көрнекті өкілі, дәулескер күйші Дина Нұрпейісованың 165 жылдығына арналған облыстық «Күй құдіреті» жас күйшілер байқауы өтті. Рухани шараның шымылдығы Дина Нұрпейісованың өмірі мен шығармашылығын арқау еткен театрландырылған көрініспен ашылып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.

Өнер мерекесінің ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов құттықтау сөз сөйлеп, байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі. Ұлттық өнерді ұлықтауға бағытталған игі бастаманың маңыздылығына тоқталды.Киелі Созақ төрінде өткен өнер додасына Түркістан облысының аудан-қалаларынан 16-35 жас аралығындағы 19 жас күйші қатысып, екі кезең бойынша бақ сынады. Алғашқы кезеңде қатысушылар Дина Нұрпейісованың күйлерін орындаса, екінші кезеңде Сүгір Әліұлы мен Төлеген Момбеков бастаған Созақ өңірінен шыққан күй тарландарының шығармаларын орындап, өз шеберліктерін танытты. Қатысушылардың өнерін Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздіктері мен тәжірибелі күйші-ұстаздардан құралған қазылар алқасы саралап, үздіктерді анықтады.

Байқау қорытындысы бойынша:

Бас жүлде – Ернар Сәтім (Арыс қаласы);

І орын – Оңғар Дәулет (Шардара ауданы);

ІІ орын – Сейсенбаева Мөлдір (Созақ ауданы);

ІІІ орын – Тұрлыбай Нұрлыбек (Қазығұрт ауданы) иеленді.

Сондай-ақ, бірқатар қатысушыларға Созақ ауданы әкімінің арнайы жүлдесі, Төлеген Момбеков атындағы арнайы жүлде, Сүгір Әліұлы атындағы арнайы жүлде және Дина Нұрпейісова атындағы арнайы жүлделер табысталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілсе, байқауға қатысқан барлық өнерпаздарға арнайы сертификаттар мен естелік сыйлықтар тапсырылды. Ұлттық өнердің асыл мұрасын дәріптеп, жас таланттардың шығармашылық ізденістеріне серпін беретін, әр жылы дәстүрлі түрде өтетін «Күй құдіреті» байқауы күй өнерінің қадір-қасиетін тағы бір мәрте айшықтап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Осы тұста Дина Нұрпейісова мен қазақтың күйшілік өнері туралы да азды-көпті айта кетсек. Қазақ аналарының арасынан тұңғыш күйші болған Дина Нұрпейісова. Халық әртісі, күйші, композитор, қазақ халқының мәдениет қайраткері Дина Нұрпейісованың туғанына биыл 165 жыл толып отыр. Қастерлі күй өнерін хас шеберлігімен ерекшелендіре білген ерекше тұлға – Дина Нұрпейісова әлемі мен шығармашылығы ғасырдан ғасырға жетер сырлы да сынды сандық. 

Әкесі жас кезінен домбыра өнеріне баулыған Дина 1870 жылы алғаш рет Құрманғазымен кездеседі. Жас Динаның болашағына кәміл сенген Құрманғазы оның өнеріне дән риза болып, шығармашылық достықты «Менің оң қолым мен Динаның сол қолын бір кісіге берсе, дүниеде одан асқан домбырашы болмас еді» деген сөздері айқын аңғартады. Динаның шығармашылығының арқауы халық музыкасына сүйеніп өзі де күй шығара бастайды.

«Сахнаға шығып бір-екі күй тартқаннан соң-ақ өзімді-өзім ұмытамын. Бусанып тер шығады. Арқам кеңіп, шабытым бәйгеге түскен сәйгүліктің алтын тағалы тұяқтарындай жазылып, құлашым кеңейіп арқаланып кетемін...» Бұл – қасиетті күй өнерінің сәйгүлігі, домбыраның құлағында ойнаған аңыз әйел Дина Нұрпейісованың сөзі. Жаратқан алып дарынды бойына дарыта салған Дина қаршадай күнінде-ақ домбыра үнін күмбірлетіп, ел арасында «күйші қыз» атанып кетті. Күй атасы жайлы Дина «Дәулескер күйшімен әр жолыққан сайын бір жаңалық тауып, сонылыққа үйрене бердім» деп еске алса керек. (немересінің сұхбаты). Дина Нұрпейісова тоғызынан он тоғызына дейін Құрманғазының баулуымен домбыра өнерінің тылсымына тереңдей түсе, жарық жұлдызға айналды.

1937 жылы халық өнерпаздарының республикалық байқауына қатысып, бірінші жүлде алған Дина 1939 жылы Мәскеуде өткен халық аспаптарында орындаушылардың Бүкілодақтық байқауында «Домбыраның Жамбылы» атанады. Күйші анамыздың «Тойбастар», «Бұлбұл», «Ана бұйрығы», «Әсем қоңыр», «Байжұма», «Еңбек ері», «Жеңіс», «Жігер», «Кербез», «Партия туралы күй» «Сегізінші март», «Сауыншы», «Көгентүп», «Он алтыншы жыл», «Он жетінші жыл», «Науысқы» және тағы да басқа күйлері өнерсүйер қауымның жанына жақын, жанын жадыратар, әуені асқақ екенін ауыз толтыра мадақтай аламыз.

Күйшілік – киелі өнер. Күй – мұңдасың, сырласың. Аса қастерлі қазақтың қара домбырасының қасиеті, қос ішектің қоңыр үні кез-келген жанның жан дүниесін тебірентіп қана қоймай, өмірдің мән-маңызын ұғындырып бірде қуантады, бірде жылатады. Күй – біздің халқымыздың рухани болмысының, дүниетанымы мен мәдениетіміздің тұғыры биік асыл мұрасы саналады. Халықтың мәдени болмысында ән мен күй жанрлары кеңінен қарқындауымен қатар, жеке әншілік пен жеке аспапты орындаушылық (күйшілік) концерттік түрде, биік көркемдік және шеберлік деңгейіне жоғарылады. Эстетикалық және музыканы қабылдау қабілеттер мен көзқарастар жаңашыл жолдармен қалыптасып, өнер саңлақтарының статусы көтеріледі: бақсы, жыраулардың рухани мұрасын ақын, әнші, өлеңші, күйші, сал, серілер кәсіби (авторлық) институт сатысына жеткізді. Сонымен, өнер иелері - оны шығарушылар, орындаушылар және насихаттаушылар - қазақ өмірінде биік әлеуметтік мағынада танылып, ерекше сый-құрметке, ұлт сүйіспеншілігіне бөленді.

Біздің көшпенді өркениетіміздің тарихында домбыраның орны мен маңызы ерекше. Домбыра қазақтың жаны мен тәні, сырын шертетін айырылмас досы. Академик Ахмет Жұбанов айтқандай, «ат жалында, түйе қомында» домбыраның үні арқылы сан-сиқырлы ойлар мен толғаныстар күмбірлеп, сөйлегендей... Халқымыздың рухани тарихында көптеген дарынды домбырашы, атақты күйшілердің есімдері үлкен сый-құрметпен айтылып, зеректікпен сақталған. Олар - Әбди, Әлшекей, Байсерке, Бапыш, Түркеш, Есбай, Есір, Дәулеткерей, Құлшар, Тоқа, Тәттімбет, Қыздарбек, Мәмен, Салауаткерей және т.б.

Әр өнер өкілдері өздерінің жалғасын талантты шәкірттерінен тапқан («ұстаз - шәкірт»), ал жас домбырашы күйші ұстаздан алған тәлім-тәрбиесін өсиет ретінде ұқыптылықпен одан әрі дамытқан. Соның нәтижесінде үздік күйшілік өнер атадан балаға мирас болып, халықтың асыл қазынасына айналған. Домбыра музыкасы өзінің тұрақты (стабильді) музыкалық өзектерін сақтап, жаңа тәсілдермен көркемделініп, орындаушылық және стильдік түрінен «төкпе» және «шертпе» деп жүйеленеді. Оларда негізгі музыкалық тақырып канонды (өзгертілмейтін) әдістермен өзектеліп, күй мақамы әндік және речитативтік интонациялармен безендіріледі. Төкпе күйдің тұрақты элементтері негізгі ой-образдарды екпінді, қажырлы, жігерлі, динамикалық желіске толы музыкамен сомдайтын болса, шертпе күйлер - жүрек тербететін сарындармен, сүйкімді және мәнерлі әуен ырғақпен, философиялық терең толғаныспен ажарланады. Құрылымдық, жанрлық, өзіндік ерекшеліктерімен сипатталатын домбыралық күйлер Батыс, Маңғыстау, Шығыс, Арқа және Жетісу аймақтық аспапты музыканың мектептерін құрған.

Қазақ халқының өнер жұлдыздарының арасында аспапты музыканың алыбы, ұлы классик Құрманғазы Сағырбайұлының орны асқар таудай. «Күй атасы» аталған дара тұлғаның қоғами-әлеуметтік көзқарасы Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлының ұлт-азаттық көтерілісінің ықпалынан қалыптасты. Туған халқының бақыты үшін жандарын қиған батырлардың өмірі мен ерліктері болашақ күйшінің рухын қанаттандырып, өжет пен күш, қайрат берді. Исатай мен Махамбеттің есімдері жас Құрманғазыға ерлік пен бостандықтың символы ретінде қабылданды. Оған әсіресе ел арасында кең тарап, жатқа айтылып жүрген Махамбеттің жалынды өлеңдері ерекше әсер еткен.

Құрманғазының Исатай мен Махамбетке арнап шығарған «Жалын», «Кішкентай», «Көбік шашқан» күйлері аттары аңызға айналған батырлардың ғасырлар бойы өшпес ерлігінің музыкалық ескерткіші ретінде бағаланады. Бұл шағын симфония тәрізді шығармаларда ұлы сазгер-суреткер туған халқының жан-жақты образын - оның шыдамдылығы мен қаһармандығын, төзімталдығы мен күрескерлігін, бостандық сүйгіштігі мен ұлылығын асқан шеберлікпен бейнелейді.

 «WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 24 рет