Жұма, 24 Шілде 2026 23:39

Түркістанда «Би Патшалығының Падишасы» атты шығармашылық кеш өтті

Түркістан қаласындағы «Конгресс Холл» кешенінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қазақ би өнерінің көрнекті өкілі Ұлжан Әбенқызының 70 жылдық мерейтойына арналған «Би Патшалығының Падишасы» атты шығармашылық кеші жоғары деңгейде өтті.

Салтанатты кешке Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев арнайы қатысып, мерейтой иесін мерейлі жасымен құттықтады. Өз сөзінде ол Ұлжан Әбенқызының ұлттық би өнерін дамытуға, жас таланттарды тәрбиелеуге және қазақ мәдениетін насихаттауға қосқан елеулі үлесін ерекше атап өтіп, шығармашылық жолына тіледі. Мерейтойлық кешке зиялы қауым өкілдері, мәдениет саласының майталмандары, ардагер өнер қайраткерлері, шәкірттері, әріптестері және өнерсүйер қауым қатысты.

Кеш барысында сахна төрінде Ұлжан Әбенқызының шығармашылық ғұмыры кеңінен насихатталып, шәкірттері мен өнер майталмандарының қатысуымен арнайы концерттік бағдарлама ұсынылды. Көрермен назарына ұлттық және заманауи би қойылымдары, арнау әндер мен әсерлі шығармашылық композициялар ұсынылып, мерейтой иесіне ерекше құрмет көрсетілді. Тағылымы мол өнер кеші қазақ би өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның шығармашылық мұрасын ұлықтап, көрерменге рухани әсер сыйлаған тағылымды мерекеге айналды.

Өнердің ортасында жүріп, талай шәкірт тәрбиелеген «Құрмет» орденінің иегері, Мәдениет қайраткері, Түркия мемлекетінің «Сивас қаласының Құрметті азаматы», Түркістан қаласы мен Сауран ауданының Құрметті азаматы Ұлжан Әбенқызы туралы өте көп жақсы дүниелер айтуға болады. Ұлжан Мұстафаева «Би ханшайымы» жинақ кітабының авторы. Оқырманға ұсынылған жинақта қазақ би өнерінің дамуына үлес қосқан тәлімгер-ұстаздың өнегелі өмір жолы мен замандастары сыр шерткен ғұмырнамалық эсселер, арнау өлеңдер мен автордың жол жазбалары топтастырылған. Қаншама адами болмыстың жақсы қасиеттерін бір басына сіңірген би падишасы Түркістанды түрлендірген, гүлдендірген еңбектері тым тереңде. Түркістан мәдениетін біраз жылдар басқарып, патриоттық пен бірлікке бағытталған түрлі халықаралық жобаларды ұйымдастырған.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 13 рет