Жұма, 24 Шілде 2026 12:03

Түркістан: ашық аспан астында «Түркістан әуендері» мерекелік концерті өтті

Түркістандағы жасанды көл жағалауында ашық аспан астында ұйымдастырылған «Түркістан әуендері» мерекелік концерті тұрғындар мен қала қонақтарының басын қосты. Концерттік бағдарламада жергілікті өнерпаздар эстрадалық және халық әндерін орындап, көпшілікке мерекелік көңіл күй сыйлады.

Музыкалық кеш барысында көрермендер сүйікті туындыларын бірге шырқап, өнер иелерінің шығармашылығына зор ықылас білдірді. Жазғы мәдени кеш тұрғындардың мазмұнды демалысын ұйымдастыруға, ұлттық өнерді насихаттауға және қаладағы мәдени ортаның белсенділігін арттыруға бағытталды. Ашық алаңда өткен концерт жылы атмосфера қалыптастырып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй мен ерекше әсер сыйлады. Түркістан қаласында тұрғындар мен туристердің мәдени демалысын ұйымдастыруға бағытталған мұндай ашық аспан астындағы концерттер алдағы уақытта да өз жалғасын табады.

Ежелден өркениет пен руханияттың ордасына айналған қасиетті Түркістанның мәдени-рухани бағытта дамуы үшін жұмыстар атқарылуда. Рухани шаһарда ел үшін маңызды шешімдер қабылданатын жиындар көптеп өтуде. Жақында ғана Түркі Мемлекеттері ұйымының бейресми саммитін абыроймен өтті. Маусым айында Түркі Мемлекеттері ұйымының білім, ғылым министрлері мен жоғары сот төрағалары бас қосты. Ал 2027 жылы Халықаралық ИСЕСКО ұйымының ұйғарымымен Түркістан ислам әлемінің мәдени астанасы атанбақ. Елдің абыройын көтеретін осындай игілікті істердің барлығы – мәдениет, руханият саласындағы қызметкерлердің еңбегінің жемісі деп сеніммен айтуға болады.

Өңірде көптеген мәдениет ошақтары салынып, халыққа рухани қызмет көрсетіп келеді. Түркістан қаласынан бөлек, облыстың басқа аймақтарында да мәдениет саласында оң өзгерістер байқалады. Өткен жылы аудан, қалаларда 6 мәдениет үйі пайдалануға берілсе, биыл 10 мәдениет ошағының құрылысы жүргізілуде. Облыстық мәдениет мекемелері республикалық, халықаралық байқауларда өңір намысын қорғап, жүлдегерлер қатарынан көрінуде. Сондай-ақ театрларда жаңа қойылымдар сахналанып, концерттік ұйымдар мазмұнды кештерді жұрт назарына ұсынып келеді. Биыл «Конгресс холл» кешенінің «Алқоңыр» ансамблі Европада өнер көрсетіп, ел даңқын асқақтатты. Бұдан бөлек, Түркістанда халықаралық деңгейдегі өнер фестивалдері, жәрмеңкелер тұрақты түрде өткізіліп жатыр.

Түркістанға келген адам қазақтың руханиятымен, болмысымен, мәдениетімен, тарихымен танысуды көздейді. Туризм­мен бірге мәдениет саласы дамуы тиіс. Халықаралық деңгейдегі өнер додаларының да өңір руханиятын дамытуға ықпалы зор. Түркістанда мәдениет пен өнерге айрықша көңіл бөлініп келеді. Өнер саласында Түркістанның өз бренді қалыптасып келеді. Халықаралық өнер жобалары Түркістанды таныта түседі. Түркістандық бишілер де, әншілер мен ансамбль­дер де осында шығатын әрі Түркістан екенін білдіріп тұратын сәнді киіммен өнер көрсетуде. Түркістан рухани астана болғандықтан туристер осы жердің мәдениетін, ежелгі дәстүрін көргісі келеді.

Өңірде руханият саласын серпілтетін жобалар жүзеге асып, жұмыстар атқарыла бастады. Облыс басшысының тікелей тапсырмасымен Облыстық мәдениет және туризм басқармасының «Конгресс Холл» көпсалалы кешеніне түрлі бағыт­тағы өнер ұжымдарын ашу үшін 100-ден астам штат берілді. Атап айт­қанда, хореографиялық би ұжымы, этнофольклорлық ансамбль, биг-бэнд ансамблі, классикалық, эстрадалық, дәстүрлі, заманауи бағыт­тағы әншілер топтарына мамандар қабылданды. Осылайша, жаңашылдық келді. Нәтижесінде, Jana lep өнер ұжымы құрылып, үлкен сахнада қалыптасып келеді. Алғаш рет «Құстар қайтып келеді» мюзиклі сахналанып, өнер майталмандары мен көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп үлгерді.

Облыс орталығы болғалы қала тұрғындары кешкі уақыт­тарын өткізетін жер тапты. Қазір көп адам театрға барғысы келеді. Концерт көргісі келеді. Билет­ті «тикетон» арқылы алуды үйренген. Түркістан облыстық мәдениет басқармасы әртүрлі іс-шаралар арқылы көптің өнерге, мәдениетке деген құштарлығын оят­у үстінде. Әрине, оның барлығында ауқымды еңбек жатыр. Әншілер жай шығып ән айтып, артистер сахнада рөл ойнап кете салмайды. Басқа мәдениет қызметкерлерінің де еңбегі жатыр.

Жалпы, Түркістан облысында 700-ге жуық мәдениет және өнер мекемесі халыққа қызмет көрсетіп келеді. Оның iшiнде 400-дейі кiтапхана, 250-ден астам мәдениет үйлері мен клубтар, 24 музей, үш кәсіби театр, екі орталық, бір облыстық филармония, бір «Конгресс-холл» көпсалалы кешені, бір көркемсурет галереясы, бір «Оңтүстікфильм» мекемесі, 9 саябақ бар. Өткен жылы Түркістан облысының бес жылдығы кең көлемде атап өтілді. Үш кәсіби театрда 15 жаңа спектакль сахналанып, 132 спектакль қойылды. Райымбек Сейітметовтің 85 жылдық мерейтойына орай республикалық театр­лар фестивалі ұйымдастрылды. Келес ауданында «Театр және көрермен» халық театрларының облыстық байқауы өткізілді.

Түркістан музыкалық драма театры Әзірбайжан астанасы Баку қаласына, Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры Түркия Республикасының Анкара қаласына, облыстың аудан, қалаларына, Р.Сейітметов атындағы Түркістан сазды драма театры Жамбыл облысына гастролдік сапарға шықты. Ал Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония мен «Конгресс-холл» көпсалалы кешенінде 200-ге жуық концерт және мәдени шара өткізілген. Астана қаласындағы QAZAQSTAN орталық концерт залында Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония Шәмші әндерінен «Менің Қазақ­станым» ән кешін өткізіп, 3500-ге жуық көрермен тамашалады. Гастроль шалғай ауылдарда жалғасты. Шетелдерде өнер көрсет­ті. Сонымен қатар «Алтын сақа» түркітілдес халықтарының анимациялық фильмдер фестивалі өт­ті. «Музейлер шеруінде» республикалық, облыстық, аудандық музейлердің Түркістан қаласындағы көшпелі кеңейтілген көрмесі ұйымдастырылды.

Көне шаһарда «Ұлт­тық мұра жаршысы» танымдық фильмдер, «Түркістан мақамдары», «Мәдениет және өркениет» әдістемелік семинар мен шеберлік сағат­тары өткізіліп келеді. Түркістан қаласында «Жібек жолының жауhары», «Түркістан – ер түріктің бесігі» республикалық ақындар айтысы өт­ті. Облыстың намысын аламанда қорғап жүрген 12 айтыскер ақынға бірдей шапан тігілді. Жыл соңында Түркістан төрінде өткен облыстық жыр додасында тапсырылды. Сонымен қатар аудандарда облыстық байқаулар өткізіліп келеді.Түркістанда жаңа қала, орталық салынды. Ғимарат­тарға – жан, тұрғындар өміріне мән беретін сала – мәдениет. Бұл тұрғыда Түркістан қаласы шарықтап дамып жатыр деп айтуға толық негіз бар.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 17 рет