Дүйсенбі, 20 Шілде 2026 15:53

Сауран ауданы «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалінде ІІ орын иеленді

Түркістан қаласында өткен дәстүрлі «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалінің қорытындысында Сауран ауданы жоғары нәтиже көрсетіп, ІІ орынға ие болды. Фестивальдің салтанатты жабылу рәсімінде үздік өнер ұжымдары мен жеңімпаздар марапатталды.

Биылғы байқау қорытындысы бойынша бас жүлде Ордабасы ауданына бұйырса, І орынды Жетісай, Түлкібас аудандары лайық деп танылды. ІІ орын Сауран, Мақтаарал және Сарыағаш аудандары иеленді. ІІІ орын Кентау қаласы, Сайрам, Келес және Қазығұрт аудандарына табысталды.  Фестиваль аясында Сауран ауданы ұлттық өнер мен мәдениетті, салт-дәстүрді және рухани мұраны насихаттайтын мазмұнды концерттік бағдарламасын ұсынып, көрермендердің жоғары бағасына ие болды. Өнерпаздардың шығармашылық ізденісі мен сахналық шеберлігі ауданның мәдени әлеуетін айқындай түсті.

Сауран өңірі — ежелден өзіндік мәдениеті қалыптасқан, тарих тереңіне тамыр тартқан өнер тарландарына бай өлке. Сауран топырағында дүниеге келіп, бүгінгі таңда республика көлемінде өнер көрсетіп жүрген таланттарымыз өрісімізді кеңейтіп, туған жеріміздің мерейін арттырып жүр. Ауданнан шыққан талантты жас өнерпаздарымыз да халықаралық, республикалық, облыстық байқауларда топ жарып, аудан абыройын асқақтатып келеді. Бүгінде мәдениет қызметкерлері ұлттық өнерімізді дәріптеп, халықты өнерімен сусындатып, рухани қазынамызды өскелең ұрпаққа жеткізу жолында аянбай еңбек етуде. 

Жалпы, Сауран ауданында 4 мәдениет үйі, 11 ауылдық клуб, 29 кітапхана бар. 2024 жылы «Ауыл ел бесігі» жобасы аясында Бабайқорған ауылдық округінің орталығынан 120 орындық клуб-кітапхана ғимаратының құрылысы басталады. Жалпы құны — 366 миллион, қазіргі таңда 100 миллион қаржы қаралған. Оранғай, Үшқайық, Шаға ауылдық округтерінде клуб, кітапхана ғимаратын салу үшін жер телімдерінің құжаттары рәсімделді.

2023 жылы Ескі Иқан ауылдық округінде орналасқан мәдениет үйінің ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 466 миллион теңге облыстық бюджеттен қаржы қаралып, 2024 жылдың 1 қыркүйегінде пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, Қарашық ауылдық округінде орналасқан 420 орындық мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, облыстық бюджетке қаржы бөлуге ұсыныс хат енгізілді. Сонымен қатар, мәдениет саласын жан-жақты дамыту үшін («Газель» автокөлігі, 18 орындық) қызметтік көлік алынды. Ұлтаралық татулықты ұлықтау мақсатында қазақ-өзбек ұлттары мен аспаптарынан құралған «Достық» және «Дильшод» ансамбльдері құрылды. 

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 7 рет