Атап айтқанда, «Яссы» халықтық би ансамблі, «Семсер» және «Арнау» топтары, «Ай-Дана» дуэті, сондай-ақ Оразкүл Дәулетова, Досымжан Айдаров, Елнұр Досжанов, Қожа Аманбаев, Мадина Ералиева, Дана Индемесова және Райым мен Дана өздерінің үздік шығармаларын орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Мерекелік концерт қала тұрғындары мен қонақтарының мәдени демалысын мазмұнды ұйымдастыруға мүмкіндік беріп, Түркістан қаласының мәдени өмірін жандандыруға үлес қосты.
Бүгінгі таңда Түркістан өңірінде 700-ге жуық мәдениет және өнер мекемесі халыққа қызмет көрсетіп келеді. Оның iшiнде 400-дейі кiтапхана, 250-ден астам мәдениет үйлері мен клубтар, 24 музей, үш кәсіби театр, екі орталық, бір облыстық филармония, бір «Конгресс-холл» көпсалалы кешені, бір көркемсурет галереясы, бір «Оңтүстікфильм» мекемесі, 9 саябақ бар. Өткен жылы Түркістан облысының бес жылдығы кең көлемде атап өтілді. Үш кәсіби театрда 15 жаңа спектакль сахналанып, 132 спектакль қойылды. Райымбек Сейітметовтің 85 жылдық мерейтойына орай республикалық театрлар фестивалі ұйымдастрылды. Келес ауданында «Театр және көрермен» халық театрларының облыстық байқауы өткізілді.
Түркістан музыкалық драма театры Әзірбайжан астанасы Баку қаласына, Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры Түркия Республикасының Анкара қаласына, облыстың аудан, қалаларына, Р.Сейітметов атындағы Түркістан сазды драма театры Жамбыл облысына гастролдік сапарға шықты. Ал Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония мен «Конгресс-холл» көпсалалы кешенінде 200-ге жуық концерт және мәдени шара өткізілген. Астана қаласындағы QAZAQSTAN орталық концерт залында Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония Шәмші әндерінен «Менің Қазақстаным» ән кешін өткізіп, 3500-ге жуық көрермен тамашалады. Гастроль шалғай ауылдарда жалғасты. Шетелдерде өнер көрсетті. Сонымен қатар «Алтын сақа» түркітілдес халықтарының анимациялық фильмдер фестивалі өтті. «Музейлер шеруінде» республикалық, облыстық, аудандық музейлердің Түркістан қаласындағы көшпелі кеңейтілген көрмесі ұйымдастырылды.
Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы ауылдық клубтар мен мәдениет үйлерінде халық шығармашылығын дамыту, әдістемелік көмектер көрсету мақсатында «Мәдениеті ауылдың…» ақпараттық танымдық бағдарламасы, «Ұлттық мұра жаршысы» танымдық фильмдер, «Түркістан мақамдары», «Мәдениет және өркениет» әдістемелік семинар мен шеберлік сағаттары өткізілді.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат