Өнерсүйер қауым үшін бұл кештің мәні ерекше болды. Себебі Ержан Серікбаевтың әндері оңтүстік өңірінің ғана емес, күллі қазақтың жүрегінен орын алған. Композитордың ғұмыры қысқа болғанымен, артында қалдырған мол шығармашылық мұрасы уақыт өткен сайын жаңғырып, бүгінгі ұрпаққа жетіп келеді. Оның әуезді әндері сахнадан түспей, халық жадында сақталған.
Маусымашар кешке Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қатысып, театр ұжымына жаңа маусымда шығармашылық табыс тіледі. Кеш қонақтарының қатарында композитордың ұлы Бейбарыс Серікбаев, жары, туған-туыстары мен жақындары болды.
Театр директоры Дархан Балажановтың айтуынша, Ержан Серікбаевтың өмірі мен шығармашылығын сахнаға шығару – ұжымның көптен бері жүзеге асыруды көздеген жобаларының бірі.
«О, қала» қойылымын дайындауға театр ұжымы бір жылдан астам уақыт жұмсаған. Осы уақыт аралығында композитордың өмір жолы мен шығармашылығына қатысты деректер жинақталып, оның көзі тірісінде бірге жүрген азаматтармен, достарымен және туған-туыстарымен кездесулер өткізілген.
– Ержан Серікбаевтың әндерін қайта жаңғыртып, кейінгі буынның есіне салу – қойылымды сахналаудағы басты мақсатымыз. Ел арасында Ержан ағамызды «екінші Шәмші» деп атаған. Сондықтан оның шығармашылығы театр сахнасында қайта өмір сүруі керек деп шештік. Шанин театрының дәстүріне сай жаңа маусымды жаңа қойылыммен ашуды жөн көрдік, – деді театр директоры Дархан Балажанов.
Қойылым режиссері Әли Бидахмет те бұл жұмысты көптен бергі арманының жүзеге асуы деп бағалайды. Оның айтуынша, Ержан Серікбаевтың жетпіске жуық әнінің ішінен 17 шығарма спектакльге арқау болған. Әр ән жеке сахналық көрініспен сабақтастырылып, композитордың шығармашылық әлемін көрерменге жаңаша танытуға басымдық берілген.
– Мақсатымыз – Ержан ағамыздың шығармашылығын қайта жаңғыртып қана қоймай, оның әндерін бүгінгі көрерменге, әсіресе жастарға жеткізу. Әндерінің әрқайсысын сахналық оқиғамен байланыстырып, композитордың өмірі мен өнерге деген махаббатын көрсетуге тырыстық, – деді режиссер.
Спектакль барысында Ержан Серікбаевтың әндері орындалып, оның өмір жолы, шығармашылық ізденісі, арманы мен өнерге деген сүйіспеншілігі сахналық қойылым арқылы көрініс тапты. Музыка мен драматургияның үйлесімі композитордың шығармашылық болмысын ашуға мүмкіндік берді.
98-ші маусымда Жұмат Шанин атындағы театр көрерменіне бұдан бөлек бірнеше жаңа қойылым ұсынуды жоспарлап отыр. Биылғы репертуарда тарихи және танымдық бағыттағы шығармаларға ерекше мән берілмек. Солардың бірі – мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің 95 жылдығына арналған спектакль.
Маусымашар кештің соңында көрермен театр әртістерін ұзақ уақыт бойы қошеметпен шығарып салды. Бұл – сахнада қайта жаңғырған Ержан Серікбаев шығармашылығына деген құрметтің белгісі болды.
Композитордың әндері уақыт өткен сайын өз құндылығын жоғалтпай, жаңа буынмен қайта қауышып келеді. Шанин театрының сахнасындағы «О, қала» қойылымы да өнер иесінің шығармашылық мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізудің бір көрінісі болды.