Бейсенбі, 31 Мамыр 2018 22:48

Нұрлан Архабаев: Арбат құрылысы театр саябағына залал келтірмейді

«Шымкент қаласындағы Асанбай Асқаров және Бейбітшілік көшелерінде екі Арбат құрылысы басталады» деген әңгіме шыққалы, облыстық орыс драма театры ұжымынан маза қашқан. Өйткені «Мәдениет ошағының бір бөлігі сүріледі-міс» деген сөз мұндағы қызметкерлердің құлағына да жеткен. 

Өз қаражаттары есебінен театр аумағын жасыл желекке көмкеріп, көгалдандырып, көркейткен өнер ұжымы қылқанжапырақты ағаштар мен бағалы өсімдіктердің түр-түрін өсірген екен. «Театр шарбағы мен 1,5 миллион теңгеге жүргізілген өздігінен суару жүйесі, шым төсеу – бас-аяғы 3 миллион теңгенің жұмысы зая кететін болды-ау» деп, өнер майталмандары алаңдаулы һәм өкінішті күйде жүр.

Облыстық орыс драма театрының директоры Наталья Шевченконың сөзіне сенсек, бұл тұрғыда мән-жайды білмек мақсатта арнайы жазылған хаттарға әкімдіктен әл-әзірге жауап келе қоймапты.

Алайда қала әкімдігіндегі жауапты тұлғалар уайымдауға пәлендей негіз жоқ екенін жеткізді. Шымкенттің бас сәулетшісі, яғни қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұрлан Архабаев «Көгалдандыру жұмыстарына залал келмейді, тек шарбақ сүріледі» деп сендіріп отыр.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 1585 рет