«Елімізде туылған әрбір баланы мемлекет өз қамқорлығына алуға тиіс» деген Елбасы сөзін тілге тиек еткен өңір басшысы осы бағытта облыста мемлекеттік бағдарламасы аясында 2016-2017 жылдары 142 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға үй берілгенін атап өтті. Ал биыл 90 бала баспаналы болмақшы екен. «Жыл сайын балалар үйінің тәрбиеленушілеріне, жоғарғы оқу орындарына облыс әкімінің білім гранттары бөлінуде. Мәселен, өткен жылы 95 грант бөлінсе, биыл 100 грант бөлінеді. Білімді болыңдар! Сендердің еліміздің беделді азаматы болатындарыңа кәміл сенемін», – деді Жансейіт Қансейітұлы.
Мұнан соң аймақ басшысы балалар үйінің түрлі байқауларда топ жарып жүрген өнерлі 10 оқушысын «Алғыс хатпен» марапаттады. Және жиынға қатысқан барлық балғындарға түрлі ойыншықтар мен ой-өрісті дамытатын құралдар, сондай-ақ 55 дана велосипед тарту етілді. Оған қоса кинотеатрға және 50 балаға Астана қаласына жасалатын 3 күндік экскурсияның билетін үлестірді.
Шара барысында балалардың құрметіне мерекелік дастарқан жайылып, концерттік бағдарлама қойылды. Балалар «Жайлаукөл» демалыс аймағындағы аттракциондарда көңіл көтеріп, асфальтте сурет салу байқауына қатысты. Сәбидің сыңғыр күлкісі, шат-шадыман көңілімен көмкерілген шара қонақтары да қарап қалмады. Балаша қуанып, бүлдіршіндермен бірге би биледі.
Еске салайық, ОҚО-дағы 3 миллион халықтың 1 миллион 240 мыңнан астамын 18 жасқа дейінгі балалар құрайды. Облыста 2648 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала болса, оның 2068-і – қорғаншылық және қамқоршылыққа, 184-і патронаттық тәрбиеге өткен. 349-ы бала үйлерінде тәрбиеленуде.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.