Сейсенбі, 05 Маусым 2018 16:55

Шымкент: қала әкімдігі ескерткішті жаңа орынға көшірмек

Сөйтіп, Ұлы Отан соғысында (ҰОС) қаза тапқан атақты қорғасын зауыты қызметкерлеріне қойылған ескерткіш Ломоносов көшесінде орналасқан Молда Мұса атындағы №5 жалпы орта мектептің аумағына көшірілетін болды. Мұндай шешімді қала әкімдігі қабылдады. 

Болашақ ескерткіштің жобасы әзірленді. Оған майданға аттанып, елге қайта оралмаған барша зауыт қызметкерлерінің есімдері жазылатын болады.

Еске сала кетейік, «Жеңіс күні» мерекесі қарсаңында ескерткіш маңында шу шыққан еді. Нақтырағы, майданға аттанған зауыт жұмысшыларының есімдері қашап жазылған мәрмәр тақталар қатты бүлінген. Дегенмен ҰОС-на қатысқан барша зауыт қызметкерлерінің есімдерін Абай саябағында орналасқан «Даңқ» мемориалынан табуға болады. Сәтін салса, жаңа ескерткіш биыл 1 қыркүйекте, яғни білім күнінде №5 мектеп ауласының ажарын кіргізеді.

Тарихқа үңілсек, соғыс жылдары қорғасын зауытының 400-ге жуық жұмысшысы қолына қару алып, өз еріктерімен соғысқа аттанған екен. Кейін жаппай демобилизациядан соң, майдан даласында ұрысқа қатысып, туған жерге тірі келген жауынгерлер зауытқа оралып, жұмыстарын қайтадан жалғастырыпты. 

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат

Оқылды 1587 рет