Сенбі, 15 Қазан 2022 21:18

ТҰРАБАЙ МЫРЗАХМЕТОВТЫҢ ЖҮЗ ЖЫЛДЫҒЫ АТАЛЫП ӨТІЛДІ

 Бүгін “Түркістан” қалалық газетінің ұйымдастыруымен Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, “Түркістан қаласының Құрметті азаматы”, 1954-1955 жылдары “Қызыл Түркістан”, 1959-1985 жылдары “Коммунистік еңбек”, “Коммунистик мехнат” газеттерінің редакторы болған Тұрабай Мырзахметовтің 100 жылдығына арналған іс-шара өтті.

Көрнекті қаламгерді еске алуға арналған іс шара «Түркістан» газетінің жүлдесі үшін БАҚ өкілдері арасындағы шағын футбол турнирімен басталды. Бұл ісшараның ашылу салтанатына қалалық мәслихат хатшысы Мақсат Асылбекұлы, қалалық мәслихат депутаты Ғаппар Амантайұлы мен Қазақстан Журналистер одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы, «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі, қарымды қаламгер Ғалымжан Елшібай қатысты.

«Түркістан телеарнасы», «Өнер», «Тұран БАҚ», «Өзіміздің жігіттер» командалары бақ сынасқан доп додасында «Түркістан телеарнасы» бірінші орынды иеленсе, ұжымдастарымыз «Тұран БАҚ» командасы жеңіс тұғырының екінші сатысынан көрінді. Ал үшінші орынды жергілікті жас журналистерден құралған «Өзіміздің жігіттер» құрамасы қанжығалады. Жүлдегер командалар қала әкімінің алғыс хатымен және қаржылай сыйлықпен марапатталып, бұдан бөлек үздік өнер көрсеткен ойыншыларға да бірнеше аталымдар бойынша қаржылай сыйлық табысталды.

Сонымен қатар, айтулы жиын барысында 1977 –1991 және 1998-2002 жылдары «Түркістан» («Коммунистік еңбек») газетінің редакциясы болған қазіргі «Форте Банк» ғимаратында Тұрабай Мырзахметовке арналған ескерткіш тақтаның ашылу салтанаты өтті. Іс шарада сөз алған Түркістан қаласының ақсақалдары қарымды қаламгердің жарқын бейнесі мен атқарған жұмыстары жайлы естеліктермен бөлісті. Тағылымы мол жиын қазақ журналистикасына зор үлес қосқан тұлғаға арналған конференциямен жалғасты.

 

 

Оқылды 291 рет