Іс-шараға ауданның 13 ауылдық округінен қоғамдық кеңес, ардагерлер кеңесі және әжелер алқасының белсенді мүшелері, сондай-ақ тыл және еңбек ардагерлерінен құралған 50-ге жуық ардагер қатысты. Бұл жолы ардагерлер көршілес Өзбекстан Республикасының рухани мұраларымен танысып, тарихи және киелі орындарды аралап қайтты.
Сапардың басты мақсаты – ардагерлердің рухани тынығуын қамтамасыз ету, олардың ел үшін сіңірген еңбегіне құрмет көрсету, сонымен қатар жастарға патриоттық тәрбие беру жолында ардагерлердің өмір жолын үлгі ету болып табылады. Саяхат бағдарламасы Ташкент қаласындағы Төле би бабамыздың кесенесіне зиярат жасаудан басталып, қаланың көрнекті тарихи орындарын аралаумен жалғасты.
Мұнан кейін ғасырлар куәсі, өркениет бесігі болып саналатын Самарқан қаласында жалғасып, ардагерлер әйгілі Регистан алаңын, XV–XVII ғасырларда салынған Ұлықбек, Шердор, Тилля-Кари медреселерін, сондай-ақ Әмір Темірдің “Гүр Әмір” кесенесін тамашалап, ата-баба мұрасымен тереңірек танысты. Ардагерлер Отырар ауданы әкімдігіне ризашылықтарын жеткізіп, көрсеткен ілтипат пен қолдау үшін «Белсенді ұзақ өмір» орталығының қызметкерлеріне ақ баталарын берді.
Айта кету керек, бұл іс-шара – ардагерлерге деген құрмет пен қамқорлықтың жарқын көрінісі. Ұлы Жеңістің 80 жылдығы – тек тарихи оқиғаны еске алу емес, бұл – бүгінгі ұрпақтың елге, ерлікке, бірлікке деген шынайы құрметінің айғағы.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат