Қала мешітінің бірінде қазан-қазан ас дайындалды. Зекет қорына жиналған көптің қаржысына керектінің бәрі сатып алынды. Шымкент қалалық ішкі саясат және дін істері басқармасының мәліметіне сай, 320 адамға лайықталған мәзір бекеттерге түскі уақытта таратылды. Ыстық тамақ, жүрек жалғау бекетті күзетіп, санитарлыққа жауап беретін мамандарды қуанышқа бөледі. Ризашылықтарын білдіріп, алғысын жаудырды.
Ізгілікте жарысып, игі ісімен көпке үлгі болған имамдардың бұл ісі құрметке лайық. Себебі қала орталығынан алшақ орналасқан бекеттерде уақытылы тамақтанудың да реті келе бермейді екен. Мұндағы тынымсыз тірліктен де бір сәт босаңсуға мүмкіндік жоғын байқауға болады. Әрлі-берлі қатынауды сұраған қарапайым халықтың да саны азая қоймаған. Үйден шықпай, темірдей тәртіпке бас игенде ғана аты жаман індетті жеңуге жол ашылатынын мұндағы халық ұға қоймаған сыңайлы. Осы үшінде қала карантинге жабылып, посттар қойылған болатын.
Еске салып өтейік, Шымкент қаласына кіріп-шығатын барлық күре жолдарға 18 блок бекеті қойылған. Ол жерлерде 669 қызметкер үш ауысым режимінде тәулік бойы жұмыс істеуде. 237 полиция қызметкері мен 168 қарулы күштер жасағы тағы бар. Одан бөлек Ұлттық ұлан сарбаздары мен 204 медицина саласының қызметкері жұмылдырылған.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.