Сейсенбі, 16 Ақпан 2021 13:12

Түркістан облысындағы шалғай ауылдарда жұма намазы оқыла бастайды

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

Түркістан облысында шалғай ауылдардағы мешіттерде бұдан былай жамағат болып жұма намазын оқуға болады.

Тек сақтық шаралары мен арақашықтық ескеріліп, сыйымдылығы 100 адамнан аспайтын мешіттердің іші 25-30 пайыз ғана толуы шарт. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстың бас имамы Еркебұлан Қарақұлов мәлімдеді.

Ең маңыздысы, намаз оқитын ғимаратты залалсыздандыру іс-шараларын жүргізу қажет. Сондай-ақ, парыз намазының өтелуінен кейін көп ұзамай мешітті босату ләзім. Облыстық, қалалық деңгейдегі және аудан орталықтарындағы мешіттерде жұма намазын оқуға рұқсат берілмейді. Алдағы уақытта эпидемиологиялық ахуал тұрақты болған жағдайда қосымша өзгерістер енгізілуі мүмкін.

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына 30 жыл толуына орай, былтыр Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен ІV республикалық имамдар форумы өтті. Алқалы жиында «Зияткер имам», «Зират салу, зиярат әдебі», «Дастарқан жаю әдебі» сынды маңызды құжаттар қабылданған. Соның негізінде облыста жоспар түзіліп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Түркістан облысында жалпы 750 мешіт бар. Ғибадат үйлерінде 1000-ға жуық дін өкілдері тұрғындардың діни сауаттылығын арттыруға үлес қосып келеді»,- деді ол.

Жуырда ғана Түркістан облысының бас имамы қызметіне кіріскен Еркебұлан Ыбрайымұлы өңір жұртшылығын пандемияны бәсеңдетуге ықпал жасау қажеттігін атап өтті. Оның сөзінше, қаза ауыр болғанымен сабыр қылып, жаназа рәсімінен соң ас беруді уақытша доғара тұрған жөн. 

 «AQ-QARA.KZ»-ақпарат 

Оқылды 864 рет