Осының бір дәлелі – шырайлы Шымкент қаласындағы Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында "Асылдың көзі..." жобасы аясында ақынның артында қалған ұрпақтарымен, ізбасарларымен және көзін көрген замандастарымен "Айтыстың ақберені" атты сыр-сұхбат кездесу кеші өтті. Кешке ақын апамыздың ұл-қыздары, айтыстағы жолын жалғаушы айтыскерлер қауымы, замандастары, Отырар ауданы әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов, Отырар аудандық "Әдебиет және Өнер" бірлестігінің төрағасы, жазушы Сағындық Қыдыр, әнді жанына серік еткен Нышан Төлегенов ағаларымыз келіп, арнайы қатысты.
Кеш шымылдығы ақын Мейіржан Жақыповтың арнау өлеңімен түріліп, одан әрі алғашқы сөз кезегі аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханұлына берілді. Ол өз сөзінде: «Алмас қылыш қап түбінде жатпайды деген. Елуден асқанда Тәушен апамыз осы сөздің тегін айтылмағанын дәлелдеп кетті. Ұзақ уақыт булығып қалған талант көкке көтерілді. Ақынның алғашқы қадамын қуаттап, қол ұшын созған оның адал жары Серікбай мен ақын Көпбай Омаров еді. Айтыста Тәушен Әбуова екпінімен ешкімді қарсы келтірмеген. Ақынның тауып айтқан сөздері, әдемі қалжыңы әлі күнге елдің көкейінде»,-дей келе ақынның 90 жылдығы аясында ұйымдастырылған кештің өтуіне ұйытқы болған айтыскер ақын Анар Жаппарқұловаға шынайы ризашылығын айтып, аудан әкімі Сәкен Сұлтанхановтың алғыс хатын табыстады. Жас айтыскерлер арасындағы «Күміс домбыра» иегері Даниал Болысбек пен облыстық оқушылар айтысының жеңімпазы Сұлтан Сәуірхан сахна төрінде айтыс жасап, көпшілік көрерменнің көңілінен шықты. Айтыскер ақындардан ҚР Мәдениет саласының үздігі Карима Оралова, Қазақстан және Өзбекстан мемлекеттерінің жазушылар одағының мүшесі Бөрібай Оразымбет, Бекмұрат Анарбаев, Жандос Мырзабек, Нұрлан Есенқұлов және Нұрғали Әнәпия кештің қадірлі қонағы болды.
Халықаралық айтыстарда алдына жан салмаған Тәушен Жорабекқызы 1932 жылы 2 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысының (қазіргі Түркістан облысы) Шәуілдір ауданына қарасты Қостерек ауылында дүниеге келіп, 2004 жылы осы ауданның Балтакөл ауылында 72 жасында қайтыс болған. Тәушен апа айтысқа табиғатындағы дарын талантының арқасында ауыл арасында болатын түрлі той-томалақ, өнер кештерінде, айтта кездесетін қыз бен бозбаланың өлең айтып әзілдесуі мен қайымдасуында, сөз қағысуларында ысылып, тәжірибе жинап, көркемсөз құпиясын терең ұғынып, өз заманының әлеуметтік өмірінің зерттеушісі, айтыс әлемінің озық ойшылы деңгейінде келді. Сондықтан да ол айтыс өнерін көркемдігі мен мазмұны жағынан байытып, оны белгілі бір белеске көтеріп кетті. Ақынның айтыстағы ақындық тәсілі қарсыласын қысқа, ұтқыр да ұшқыр, ойлы, дәлелді жауаптармен қыспаққа алып, тұқыртып тастайтын.
Жасынан өлеңқұмар болған ол көптеген қиыншылықты көре жүріп, ақыры өзінің арманына жетіп, айтыстың қайнаған ортасына түсті. 1986 жылы Алматыдағы республикалық айтыста бірінші орынды иеленді. Қазақстанның халық ақыны, қызылордалық Манап Көкеновпен, Қырғызстанның халық ақыны Әшірәлі Айтаевпен, көкшетаулық халық ақыны Көкен Шәкеевпен де айтысқа түскен Тәушен апамыз өзінің оңай шағыла қоятын жаңғақ емес екенін анық аңғартты. Тәушен ақын шынында да шаршы топта шашасына шаң жұқтырмайтын шайыр, «Отырардың Ақберені», «Ақ анасы» деген атпен ел есінде қала бермек.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»