Бейсенбі, 06 Қазан 2022 13:13

Отырар: қарттар күніне орай Темір ауылында «Қарттарым – асыл қазынам» атты тәрбие сағаты өтті

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

«Темір» жалпы орта мектебінде 3 қазан — күні қарттар күніне орай 3 «а» сынып жетекшісі Қарлығаш Ақтөре мен «Өлкетану» мұражайының жетекшісі Айнұр Сартбаеваның ұйымдастыруымен «Қарттарым — асыл қазынам» тақырыбында тәрбие сағаты болып өтті.

Оқушылардың бойына халқымыздың қадір-қасиетін сіңіру, үлкенді сыйлай білуге, өз ата-бабасын ұмытпай есте сақтауға және аталы сөздерден ғибраттар алып, ұлттық құндылықтарды бойларына дарытуды мақсат еткен шараға ардагер ұстаздар мен қарт ата-аналарымыз қонақ болып арнайы қатысты. Сабақ оқушылар өлең айтып, әнді хормен де шырқап, би билеп, барша ата-аналар мен ұстаздарға арнаулар арнады. Аталы сөзге тоқтаған ұлт екенімізді дәлелдеп, көрініс көрсеткен оқушыларымызға көрермендер риза болды. Оқушылар өз білімдері мен өнерлерін аямай ортаға салып, белсене қатысты. Ұлттық салт-дәстүрлерімізді ұлықтап мақал-мәтел, жұмбақтар айтып, жаңылтпаштармен тіл сындырса, Санжар, Әбдімәлік, Бейбарыс сынды оқушылар бата беріп, көрермендерді тәнті етті. Шара соңында ұстаз, ауылдың ардақты ардагері Ж.Қалдыбеков бата беріп, ұйымдастыстырушылар мен оқушыларға алғыстарын білдірді. Мектепте абыроймен 40 жыл еңбек аянбай еткен ұстаз Ортай Оңатова апай да сөз алып, әкімдер дайындап шығаратын қара шаңырақ «Темір» мектебінің ұстаздары да, оқушылары да білімді, өнерлі деп есептеймін деп, мектеп ұжымы мен оқушыларға зор алғысын білдірді. Ардагер ата-ана Рыскүл апа да оқушылардың жолдары жарқын болсын дей келе, ұстаздарға алғысын айтты.

Мектеп директоры А.Қасымбек келген қонақтарға рахметін айтып, бүгінгі өткен шараның құндылығының зор екендігіне тоқталып, оқушыларға болашақтарының жарқын болуларына тілектестік білдіріп, осындай іс-шаралардың мектепте көптеп жүргізіліп жатқандығын, әлі де жалғасын табатындығын айтты.

Ендігі жерде оқырмандар біле жүруі үшін халықаралық қарттар күнінің тарихына аз-кем шолу жасай кетуді жөн санап отырмыз. Бұл күн мереке ретінде 1990 жылы 14 желтоқсанда БҰҰ Бас ассамблеясында бекітіліп, жарияланды. Аталған мереке елімізде жыл сайын аталып өтіледі. Және оның аясында қарттарға құрмет көрсетіліп, түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылады. Атап айтқанда, қарттарға құрмет көрсету акциялары, мемлекет тарапынан біржолғы қаржылай көмек, сондай-ақ, азық-түлік себеті, шипажайларға жолдама және тағы басқа. Сол секілді, егде жастағы жандарға арналып мерекелік концерт те ұйымдастырылады. Одан бөлек, қарттарға арналған ауқымды шараның бірі «Белсенді ұзақ өмір» ұлттық жобасы. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі былтыр қолға алған жоба аясында еліміздің барлық өңірлерінде белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарын ашу жоспарланған. Жоспарға сай онда егде жастағы жандар бос уақытын өткізе алады. Аталған орталықта ағылшын тілін үйрену, компьютерлік сауаттылық курстарынан өту, емдік дене шынықтыру, би және тағы басқа шараларды өткізу қарастырылған.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі берген статистикаға сүйенсек, бүгінде елімізде 2 млн 236 мың қарт жан (зейнет жасындағы) бар. Қазақстан Республикасының Конституциясында қарт адамдардың жалпы азаматтық және арнайы құқықтары мен мүдделері, оның ішінде жасы бойынша әлеуметтік қамсыздандыру кепілдіктері бекітілген. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының жіктеуіне сәйкес, қарт адамдарға 60 пен 74 жас, кәрілерге 75-89 жас аралығындағылар, ал ұзақ жасаушыларға жасы 90-нан асқандар кіреді. Бүгінгі таңда Қазақстанда 65 жастан асқандар халықтың 7,5 пайызын құраса, ал 2030 жылы 11,5 пайызын құрайтын болады. Осы мерекеге орай, елімізде қарттарды қолдаудың айлығы өткізіліп келеді. Бұл акция осыдан бірнеше жыл бұрын ардагерлер ұйымының бастамасымен шыққан еді, содан бері ол дамып, қоғамымызда жаппай қолдауға ие болуда. Қарттарға қайырымдылық көмек берушілердің саны жылдан-жылға көбейіп, әлеуметтік көмек алушылар саны да арта түсуде. Осының өзі қоғамымызда қарттарға деген қамқорлықтың, оларға деген жанашырлықтың арта түскенін айғақтайды. Әсіресе, Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен тыл еңбеккер­леріне деген қамқорлыққа қарттар дән риза. Қазір елімізде Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен тыл еңбеккерлері көп қалған жоқ. Оларға деген үкімет пен қоғамның қамқорлығы үнемі жасалып тұру керектігін мемлекет басшысы үнемі ескертіп отырады.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»

Оқылды 624 рет