Дүйсенбі, 17 Қазан 2022 20:39

ШЫМКЕНТ: ДӘСТҮРЛІ ДІН ӨКІЛДЕРІ ОРТАЛЫҚ МЕШІТТІҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

Шымкент қаласының Орталық мешітінде 18 қазан – Рухани келісім күніне орай дәстүрлі дін өкілдері бас қосты. Шымкент қаласы имамының бірінші орынбасары Мұсабек Ақтамберді дін өкілдеріне Орталық мешіт жұмысымен таныстырды.

–Сан ғасырлар бойы ата-бабамыз ислам дінін ұстанып, құлшылық ғибадатын орындаған. Бұл адамзатты екі дүниенің бақытына жетелейді. Шымкенттегі Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасына ресми тіркелген 88 мешітте 250-ге жуық дін қызметкері жұмыс істейді. Олар қоғамдық жұмыстарды белсене атқарып, қайырымдылық шараларын өткізіп, халықтың қажеттілігін қамтамасыз етуге атсалысып жүр. Мұның бәрі ауызбіршілік пен ынтымағымыздың арқасында,-деді Мұсабек Ақтамберді.

Кездесуге келген христиан дінінің өкілі Александр Могилевский ғимаратты аралап, таңданысын жасыра алмады.

–Мешітке алғаш рет аяқ басуым. Бұл мешіттің әдемілігін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бізге экскурсия жасап жатқан ұйымдастырушыларға алғысым шексіз,- деді ол.

— «Ақмешіт» орталық мешітінің құрылысы 2008 жылы бастау алып, 2010 жылы халық игілігіне берілген. Мешіт жалпы аумағы 6 гектар жерді алып жатыр. Бір мезетте 5 мыңнан аса адам намаз оқи алады. Мешіт сыртқы сәулеті қазақтың киіз үйіне ұқсас. Биіктігі 37 метрлік ақ күмбез бен әрқайсысының биіктігі 33 метрді құрайтын 4 мұнара алыстан менмұндалап тұр. Ғимараттың бірінші қабатында кіші намазхана, конференция залы, кітапхана, медресе неке бөлмесі, әйелдер бөлмесі мен шаруашылық бөлмесі орналасқан. Ал, екінші қабатында имам бөлмесі, кітапхана және 4 қызметтік бөлме орналасқан. Мешіттің айналасы көп жылдық және мерзімдік жасыл желекпен абаттандырылған. Сонымен қатар, автотұрақ сыйымдылығы мың көлікке арналған,- деп таныстырды орталық мешіттің іс басқарушысы Азамат Абдукерімұлы.

Айта кетейік, «Ақмешіт» орталық мешіті 2008 жылы сол кездегі ОҚО әкімдігі мен Біріккен Араб Әмірлігіндегі «Шейх Халифа бин Зәид Әл Нахайян» қайырымдылық қоры арасындағы екіжақты келісімі негізінде бой көтерген.

Оқылды 482 рет