Дін қоғам өмірінің барлық салаларын қамтитын әлеуметтік қатынастардың тиімді факторы десек артық болмас. Тәжірибе көрсеткендей, соңғы жылда қазақстандықтар арасында дінді ұстанушылар саны артқандығы байқалады. Тәуелсіз аналитикалық құрылым болып табылатын саяси шешімдер институты жүргізген зерттеудің деректеріне сүйенсек, қазақстандықтардың 96% - дан астамы өздерін қандай да бір дінге жатқызатыны белгілі болды. Бұл ретте қазақстандықтардың 72% - ислам, 24% - христиан дінін ұстанады, ал қалған тұрғындарының 3% астамы өздерін атеист деп санайды екен. Қазақстанда 120-дан астам этнос өкілдері және елімізде ресми тіркелген 18 конфессия атынан өкілдік ететін 3800 астам діни бірлестік пен олардың филиалдары жұмыс істейді. Дәстүрлі түрде олардың ішінде ең көп саны ханафи мазхабындағы ислам және православиелік христиан. Сонымен қатар католиктік және протестанттық конфессиялар, иудейлік, буддисттік және басқа да діни бірлестіктер бар.
Елде болып жатқан кез-келген діни мәселелер мемлекеттің назарынан тыс қалмайтыны белгілі. Осы мақсатта діни бірлестіктермен өзара іс-қимыл жасауға және халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуге уәкілеттік берілген дін істері агенттігі тарапынан 2011 жылғы 11 қазандағы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңы дайындалды. Ең бастысы, дер кезінде осы заңның қабылдануы өте маңызды саяси қадам болды. Бұл заң жобасы Қазақстан Республикасының діни бірлестіктер туралы заңнамасын жетілдіруге бағытталғанын атап өткім келеді. Бұдан басқа, ол діни бірлестіктердің қызметін ретке келтіру тетіктерін енгізеді, сондай-ақ әртүрлі нормативтік актілердің құқық нормалары арасындағы олқылықтарды жою үшін негіз жасайды.
Әрине, Заң жобасын әзірлеу кезінде Ресей, Беларусь, Армения, Грузия, Тәжікстан, Литва, Дания, Испания сияқты елдердің және тағы басқа зайырлы мемлекеттер болып табылатын бірқатар еуропа елдерінің тәжірибесі ескеріліп әзірленді. Заң жобасын әзірлеу кезінде қоғамдық және діни мүдделердің тепе-теңдігін сақтауға ерекше назар аударылды.
«Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңды әзірлеу барысында бірінші кезектегі міндет – конфессияаралық толеранттылық пен келісімді сақтау болды. Себебі Қазақстан тәуелсіздік алған 30 жыл аралығы өз ұлты мен дініне қарамастан барлық этнос және діни бірлестіктерге тең мүмкіндіктер елі ретінде көрсетіп келуде. Бұл ретте, айта кету керек, жаңа заң жобасында ешбір дін мемлекеттік немесе міндетті дін ретінде орнатылмауы тиіс деп көрсетілген. Біздің мемлекетіміздің зайырлы тұрақтылығына кепілдік Қазақстан Республикасы Конституциясымен беріледі.
Келесі заң жобасының тағы бір ерекшелігі – еліміздегі қызмет жасап жүрген барлық діни бірлестіктердің қызметін реттеудің тағы бір аса маңызды шарасы тіркеуден өтпеген діни ұйымдардың қызметіне жол бермеуге, сондай-ақ діни бірлестіктердің өкілі болып саналмайтын тұлғалардың миссионерлік қызметті жүзеге асыруына тыйым салуға бағытталатын болады. Сонымен қатар, ғибадат үйлерін, ғимараттарын салудың тәртібі белгіленген. Мұның нәтижесінде осындай ғимараттардың бақылаусыз салынуына тосқауыл қойылып, қараусыз қалған ғибадат үйлерінің мәселесін шешуге септігін тигізеді.
Заң жобасында діни бірлестіктердің мәртебесі, тіркеу тәртіптері айқындалған, олар тарапынан таратылатын діни әдебиеттерді әкелу мен таратудың талаптары енгізілген. Бұған қоса, сырттан әкелінетін діни мазмұндағы ақпараттық материалдарға да дінтану сараптамасы жүргізіледі.
Заң жобасында мемлекеттің діни бірлестіктерден бөлінгені бекітілген. Бұл дегеніміз, діни бірлестіктердің қызметі Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтін болса, мемлекет олардың қызметіне араласпайды. Қаралып отырған заң жобасында діни негіздегі партиялардың қызметіне, сондай-ақ мемлекетте бір діннің үстемдігін бекітуге бағытталған діни бірлестіктер құруға, діни араздықты немесе алауыздықты, оның ішінде зорлық-зомбылықпен немесе өзге де құқыққа қайшы әрекеттермен байланысты араздықты қоздыруға қатаң тыйым салынатыны анық жазылған.
Елімізде негізінен басты екі дін бар десек болады. Олар – ханафи бағытындағы ислам мен православ діндері. Өткенге тарихи шолу көрсеткендей, бұл екі діни бағыттың қағидалары адамзатты сүю және құрмет көрсету қалпында этникалық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды толықтырып, біздің ата-бабаларымыз мұра етіп қалдырған этникалық тамырларды сақтап қалды. Бұл ретте мемлекет халықты мәдени тәрбиелеу, ұлттық дәстүрлерді дамыту, адамгершілік құқықтық мәдениетті арттыру салаларындағы дәстүрлі діни ұйымдарға сүйенеді. Айта кету керек, жаңа заңның құрылуына діни ағымдар тудырған көптеген қайшылықтар мен қайғылы жағдайлардың салдарынан маңызды түзетулер мен өзгертулерді қабылдау қажеттігі қарастырылуда.
Қорытындылай келе, халықсыз билік болмайды, ал – дінсіз халық болмайды. Халықтың тұтастығы мен діннің тұтастығы жəне мемлекеттің тұтастығы арасында тікелей тəуелді байланыс бар. Діни бірлестіктер және Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар дінге көзқарасына қарамастан заң алдында тең. «Діни қызмет жəне діни бірлестіктер туралы» заңы біздің қоғам үшін маңызы орасан зор. Ол азаматтық қоғамды қалыптастыруды ілгері жылжытуда айтарлықтай ықпалы зор деп айтсақ болады. Себебі бұл заңнан қоғамның күтіп отырған басты-басты мəселелері бар екені анық. Нәтижесінде «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңы біздің қалыптасқан діни наным-сенімімізге, ата-бабадан қалыптасқан дəстүрімізге, отбасылық ынтымағымызға кедергі келтіріп, түрлі жолдарға итермелейтін зиянды діни ағымдарға тыйым салуына өз үлесін қосады.
А.Дүйсен
Түркістан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ
теолог маманы