Сәрсенбі, 19 Қазан 2022 17:35

Сауран ауданында Рухани келісім күні аталып өтті

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

Сауран ауданы әкімдігі аппаратының мәжіліс залында аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен 18 қазан – Рухани келісім күніне орай, арнайы шара болып өтті. Жиынға аудандық мешіт имамдары, ішкі саясат бөлімінің мамандары қатысты.

Шарада аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ә.Құрышбаев 18 қазан – Рухани келісім күні 1992 жылы қазанда Қазақстанның сол кездегі астанасы Алматы қаласында Рухани келісімнің бірінші әлемдік конгресі өткенін, сол кезде конгреске қатысушылар қазанның 18-ін рухани келісім, яғни қақтығыстар мен жанжалдарға тоқтам салу, татулық іздеу, жақынға қайырымдылық және көмек күні деп жариялау жөнінде манифест қабылданғанын жеткізді.

Міне, сол 1992 жылдан бастап, 18 қазан Рухани келісім күні ретінде аталып өтіліп келеді. 1992 жылдан бері мерекеленген атаулы күннің маңызы зор. Өйткені, 40 конфессия мен 130 ұлт өкілі тұратын еліміз үшін рухани келісім, тұрақтылық пен татулықтың орны бөлек. Жиын барысында мешіт имамдарымен еркін форматта пікір алмасып, олардың ұсыныс пікірлері тыңдалды. Жиын соңында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ә.Құрышбаев бір топ имамға аудан әкімінің алғыс хатын тапсырды.

Еске салсақ, 1992 жылдың күзінде Алматыда бірінші Бүкіләлемдік рухани келісім конгресі өткен болатын. Конгреске қатысушылар 18 қазан күнін «Рухани келісім күні», яғни, татулық іздеу, қақтығыстар мен жанжалдарға тоқтау салу, жақынға қайырымдылық және көмек күні деп жариялау туралы манифест қабылдады. Міне, 30 жылдан бері қазақстандықтар бұл күнді адамдар арасында түсіністік, келісім мен бейбітшілік орнату күні ретінде атап өтуде.

Тәуелсіз Қазақстанның 30 жыл ішінде қол жеткізген маңызды жетістіктерінің бірі қазіргі заманғы қазақ қоғамында ұлтаралық және дінаралық келісімге негізделген әлеуметтік тұрақтылық болып табылады. Бұған негіз болған 30 жыл бойына 18-қазан күні аталып өтілетін Рухани келісім күні! Егемендік алғаннан бері бұл күнді ерекше атап өтудегі мақсат -  еліміздегі 17 конфессия мен 130-дан астам ұлт өкілдіренің басын біріктіру, тұрақтылық пен тыныштық орнату. Бүгінгі таңда рухани келісім көптеген елдер үшін бірінші кезектегі міндетке айналды. Осы жағдайда Қазақстан ұлттық бірлігіне негізделген тұрақтылықты көрсетіп отыр. Елімізде өмір сүретін этностардың ауызбірлігі мен төзімділігі қазақстандықтар үшін егемендік құру жолындағы күрделі кезеңдерден өтуге жәрдемдесті және әлі күнге дейін ел дамуына үлкен күш-қуат беріп отыр. Көпұлтты еліміз үшін бұл күннің маңызы зор. 1992 жылдың қазанында Алматыда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қамқорлығымен тұңғыш рет Дүниежүзілік рухани келісім конгресі өткен болатын. Аллa Тағаланың рахымымен, халқымыздың талпынысымен Ислам діні Қазақстанда қарқынды дамып келеді. Нәтижесінде мешітке келушілер мен намазға жығылушылар саны күн сайын артуда.

Ислам діні татулықты, ауызбіршілікті діттейді. Сондықтан біздің де көздегеніміз дінаралық, конфессияаралық татулықты нығайтуға өзіндік үлес қосу. Алла тағала Құран Кәрімде: “Дін турасында сендермен соғыспаған әрі сендерді өз Отандарыңнан қуып шығармаған адамдарға жақсылық жасауларыңа және оларға әділетті болуларыңа Алла тағала қарсы емес. Өйткені, Алла тағала әділеттілік жасағандарды жақсы көреді”, - деген (Мумтахина сүресі, 7-аят). Бұл аятта Алла тағала өзге дін өкілдерімен бейбіт ғұмыр кешуді, сондай-ақ мұсылмандардың оларға жақсылық әрі әділдік танытуларына рұқсат берген. Бұл ретте көп этносты, көп дінді елімізде өзара келісім, руханият пен ынтымақтастықты нығайтудағы осы атаулы мерекенің орны ерекше. Діннің табиғаты сондай, сенімі күшті діндар адам өзінің туыстары  мен  ұлтына, еліне көп алаң болмай, рухани бірліктегі өзінің діндес бауырларын  жақын  тұтып, соларға  жәрдем  етуге бейім болады және қажет болған кезде солардан қолдау күтіп, көмек сұрауға да дайын тұрады. Бүгінде тәуелсіз мемлекет атанып, ел-халық болып қалыптасудың күрделі үдерістерін бастан кешіріп жатқан кезеңде ұлттық келісімді, дінаралық татулықты қамтамасыз ету бүгінгі күннің өзекті міндеті болуы да сондықтан. Бұл жөнінде Тұңғыш президентіміз Н.Ә.Назарбаев: «Біз өзіміздің жатсынбас тұрпатымызбен, этносаралық, конфессияаралық татулығымызбен және өзара үндесуімізбен күллі әлемге танымалмыз», – деген.

Ислам діні татулық мен мейірімділікке шақырады. Адамдарға мейіріммен қарау, дауласқанды татуластыру, көршімен қарым-қатынаста болу мұсылманды нұрландыратын әрекеттер. Көршімен-көрші, ел мен ел тату болса, әлемде бейбітшілік орнайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) исламның ынтымағы мен бірлігін сақтау жолында өте сабырлылықпен әрекет етті. Қоғамның ынтымағы мен бірлігі, дін исламның өркендеуі үшін жасаған қызметтері, расында да, үлкен жетістікке жеткізді. Ұлтымыз бен діни сенімге қарамастан барлығымызды біріктіретін осы күн — қоғамдағы тұрақтылық пен келісім күні. Сондықтан да бірлік пен қайырымдылық, жақсылық пен гүлдену мерекесі ретінде атап өтіледі.

Тәуелсіздік жылдары ішінде өзімізге тән тамаша дәстүрлер қалыптасты. Рухани келісім – біздің ұлттымызға тән  үлкенді сыйлау, отбасына құр­мет, балаларға  қамқорлық, қонақжайлылық, татулық, достық, ауызбіршілік тәрізді ізгі ортақ құндылықтар берік орнықты. Халқымыздың татулығы мен бірлігі – еліміздің өркендеп, алға басуына себеп болады. Осы байлығымызды қадірлей білу, оны жас ұрпақтың жүрегіне ұялату – еліміздің жарқын болашағының кепілі болмақ.

Бүгінде Қазақстан – бірлігі жарасқан, мейманасы тасқан, атағы әлемге асқан мемлекет. Жүз отыз ұлт баласы қазақ шаңырағының астында жиналып, дүрдараз болмай, дүрлікпей, бір үйдің баласындай тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Татулық, бірлік, береке, ынтымақ әр елде бола бермейді. Оны әлемнің әр тарапынан ақпарат жеткізіп отырған көк сандықтан көріп отырмыз. Қазақ елі осындай игіліктерге толы жұрт. Кей кездері бір әулеттің балалары сөзге келіп, біріне-бірі өкпе артып жатады. Діні бөлек, ділі басқа халықтарды бір мемлекетте ұйытып отырудың өзі үлкен күш. Бір-бірімен тіл табыстырып, алакөз қылмай, достықты сақтап қалу үшін қазақ билігі талай ауқымды шараларды, беделді бастамаларды қолға алды. «Тұрақтылық пен келісім дегеніміз не? Ол отбасылық әл-ауқат, қауіпсіздік, баспана. Бейбітшілік – ол әке мен ана қуанышы, ата-аналар денсаулығы және біздің балаларымыздың бақыты. Бейбітшілік – ол тұрақты жұмыс, жалақы және ертеңгі күнге деген сенім. Бейбітшілік пен тұрақтылық – күн сайынғы еңбекпен қорғап, нығайтуды қажет ететін жалпыхалықтық жетістік. Бүгінгі күні көпұлтты тәуелсіз Қазақ еліне дүниежүзіндегі көптеген елдер қызыға да қызғана қарауда. Себебі жүзден астам ұлт пен ұлыстардың береке-бірлігі мен ынтымағын жарастыра білген ел әлемде кемде-кем.

Өзара ынтымақ пен татулыққа, сүйіспеншілік пен қолғабыс көрсетуге шақырып, бөлінушілік пен дұшпандықтан сақтандыратын Ислам сияқты дін жоқ. Құран мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистері мұның айқын дәлелі. Мәселен, Ұлы Алла Құран Кәрімде бізді бірлік пен ынтымаққа шақыра отырып, былай дейді: «Барлықтарың Алланың жібіне (дініне) жармасыңдар, сондай-ақ өзара бөлінбеңдер» («Әли Ғимран» сүресі, 103-аят). Ал сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.): «Мүміндер кірпіштерден қаланған бір ғимарат іспеттес», – дей отырып біздер үшін бірлік пен ынтымақтың қаншалықты маңызды екендігін білдірген. Сондай-ақ, Ислам діні әрбір ұлт өкілдеріне құрметпен қарап, ешкімді ұлтына, нәсіліне және жынысына қарап ажыратып бөлмейді. Алла Тағаланың алдында ешкім ешкімнен артық емес, егер қандайда бір артықшылық болатын болса, ол тек тақуалықпен ғана өлшенеді. Бұл туралы Құран Кәрімде: «Әй адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам ата мен Хауа анадан) жараттық. Сондай-ақ, бір-бірлеріңді тану-ларың үшін ұлттар мен ұлыс-тарға бөлдік. Расында, Алла алдында ең абыройлыларың тақуаларың (Алладан шынайы түрде қорыққандарың). Алла барлық нәрсені толық білуші, барлығынан хабардар», – деп баяндалады («Хужурат» сүресі, 13-аят).

Елімізде бірліктің болуы аса маңызды. Бүгінде дініміз Исламның қай мәзһабын ұстанатынымыз бізге анық. Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы ұстанған, ұлттық құндылықтарымызбен біте қайнасып кеткен Әбу Ханифа мәзһабын ұстануымыз халқымызға тек жақсылық әкеледі. Қазіргі таңда Бас мүфтиіміз Ержан қажы Малғажыұлы бастаған дін сала-сының білікті қызметкерлері дін мен дәстүр арасындағы сабақтастықтың тереңнен тамыр ала-тындығын ұтымды әрі өте жақсы насихаттауда. Бұл құптарлық әрі қуантарлық іс. Рухани бірлікте болу тәуелсіз еліміздің іргесін ны-ғайта түсетіні сөзсіз. Бүгінгі таңда қасиетті де хақ дініміз – Исламды уағыздаушы әрбір адам және Тәуелсіз еліміздің қамын ойлаған әрбір ұлтжанды азаматтың басты мақсаты – бірлік, ынтымақ, сүйіспеншілік пен өзара татулықты орнату болуы керек. Бөлінушілік пен кикілжіңге, адамдар арасын бұзатын, ауызбіршілікке нұқсан келтіретін, сыртқы дұшпандық пен ішкі араздыққа алып баратын істердің алдын алуы қажет. Ауызбіршілік, ынтымақтастық пен рухани сыйластықты сақтаудың қаншалықты маңызды екенін түсіне отырып, алдыңғы буын ұрпақ болашаққа бай да салиқалы мұра қалдыру үшін әркез бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бүгінгі заманымызды сақтап қалуға тырысуға тиіс. Қазақстанның біртұтас халқын құрайтын түрлі ұлт өкілдерінің конфессияаралық және мәдени келісімін, достық қарым-қатынасын нығайтуға бағытталған ел билігінің саясатын бүкіл халық болып әрқашан ерекше құрметпен жүзеге асыру – біздің парызымыз. Қазақстан халқының бірлігі – еліміздің баға жетпес байлығы екенін ешқашан естен шығаруға болмайды. Сондықтан да жүрегінде шы-найы иманы бар мұсылман адам іріткі фитнаға алып баратын іс-әрекеттерді жасамауы, ондай істерден әрқашанда алыс тұруы қажет. Бұзақылыққа, бүлікке, ел тыныштығын бұзатын жәйттерге ешқандай да жол бермеуі тиіс. Бір елде тұрып нанын жеп, суын ішіп отырғандықтан, бір-бірімізге әрдайым құрметпен қарап өзара жақсы қарым-қатынаста болуымыз керек.

 

 

 

Оқылды 478 рет