Сейсенбі, 07 Мамыр 2024 12:24

Шымкенттік мұғалім джиу-джитсудан Азия чемпионы атанды

Қазір Абу-Даби қаласында Джиу-Джитсудан Азия Чемпионаты өтіп жатыр. 1-8 мамыр аралығына жоспарланған аламан жарыста қаламыздағы А.С.Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназиясының дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Жұлдызай Ибраева өнер көрсетіп, алтын алқа иеленді. Алғашқы белдесуде Вьетнам спортшысымен кездесіп, жартылай ширек финалда үндістандықты ойсырата жеңген шымкенттік мұғалім финалдық кездесуде Маңғолия спортшысын ұтып, жеңіске жетті. 

Таеквондодан ҚР бірнеше дүркін чемпионы, халықаралық жарыстардың күміс жүлдегері Жұлдызай Махмуджанқызы қаламыздың намысын талай додада абыроймен қорғап жүр.

Ересектер мен жастар арасындағы сайысқа Қазақстан Ұлттық құрамасынан 300, оның ішінде қаламыздан 10 спортшы қатысуда. Жеңімпаз Греция астанасы Афинада өтетін Әлем чемпионатына жолдама алды. Сондай-ақ Азия Чемпионатында алтын алған спортшылар жыл соңына жоспарланған Анталия қаласындағы Панкратион спортынан Әлем Чемпионатында да өнер көресететін болады.

Айта кетейік, жалпы шымкенттік спортшылар түрлі жарыстарда жаман нәтиже көрсетіп жүрген жоқ. Қала спортшылары спорттың бірнеше түрінен Қазақстан Республикасының чемпионаттарына қатысып, 254 алтын, 195 күміс, 249 қола медаль еншілеген. Бүгінде қоржынымызда жалпы саны 698 медаль бар.

Мәселен, Азия чемпионаттарында жалпы саны 27 медалға қол жеткізілді. Оның 10 алтын, 9 күміс және 8 қола медаль.

Ал әлем чемпионаттары мен кубоктарында біздің спортшыларымыз,

3 алтын, 2 күміс, 4 қола медальға ие болып, жалпы саны 9 медалды қанжығасына байлаған.

2024 жылдың 3 айының қорытындысы бойынша: 1 ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушысы, 6 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 22 Қазақстан Республикасының спорт шебері, 79 спорт шеберіне үміткер спортшылар дайындалды.

Оқылды 1014 рет