Бүгін, 3 маусым күні кешкі сағат 20:00-де Түркістандағы халықаралық есу арнасында құрлық біріншілігінің салтанатты ашылу рәсімі өтеді. Азияның үздік жас спортшылары мен параканоэ шеберлері бас қосатын байрақты бәсеке 7 маусымға дейін жалғасады. Чемпионат қарсаңында Халықаралық байдарка мен каноэ қауымдастығының өкілдері Түркістандағы есу арнасына арнайы тексеріс жүргізді. Делегация құрамында байдарка мен каноэде есу (спринт) комитетінің директоры Ченг Кок Хуа (Сингапур), параканоэ спортшыларын медициналық классификациялау жөніндегі мамандар доктор Дипшиха Бенивал (Үндістан) мен Ян ЛеКаррер (Франция) болды. Қонақтарға кешен жұмысын ескек есу спорты түрлерінен «Қайық» Ұлттық федерациясының бас хатшысы Әділет Құсманов пен ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы әрі жарыс директоры Дәулет Сұлтанбеков таныстырды. Арнайы мамандар жарыс өтетін нысанның талаптарға толық сай екеніне көз жеткізіп, спортшылардың қолайлылығы үшін бірқатар ұсыныстарын білдірді.
Сондай-ақ Азия чемпионаты қарсаңында «Қайық» Ұлттық федерациясының басшылығымен спортшылар мен жаттықтырушылар құрамының қатысуымен арнайы жиын өтті. Федерация басшылығы қатысушыларға сәттілік тіледі.Іс-шара барысында ұлттық құрама мүшелеріне арнайы спорттық киімдер табысталды. Жарысқа арналған жаңа форма федерацияның бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» АҚ және бас серіктесі – Спортты қолдау қорының қолдауымен әзірленді.Биылғы құрлық чемпионатына Азияның 15 елінен 300-ге жуық спортшы қатысады. Түркістанға Вьетнам, Гонконг, Үндістан, Ирак, Иран, Жапония, Корея Республикасы, Қырғызстан, Макао, Өзбекстан, Сингапур, Тайланд, Тәжікстан, Қытай Тайбэйі және Қазақстан құрамалары келді. Олар қалаға орналасып, жаттығуларын жүргізіп жатыр. Дүбірлі сында Қазақстанның намысын 58 спортшы қорғайды.Осылайша, Түркістан тағы бір мәрте халықаралық спорт орталығы ретіндегі мәртебесін дәлелдеп отыр. Түркі әлемінің рухани астанасы саналатын шаһар енді бірнеше күн бойы Азияның ең үздік жас ескек есушілері мен параканоэшілерінің бәсекесіне куә болады.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат