Жұма, 19 Маусым 2026 10:27

Сауран ауданы: Үшқайықта футбол алаңшасы және балалар ойын алаңшасы пайдалануға берілді

Сауран ауданына қарасты Үшқайық елді мекенінде жаңа футбол алаңшасы мен балалар ойын алаңшасының ашылу салтанаты өтті. Іс-шараға аудан әкімі Мақсат Таңғатаров қатысып, ауыл тұрғындарын жаңа нысандардың іске қосылуымен құттықтады.

Жоба аясында аумағы 800 шаршы метрді құрайтын футбол алаңшасы және 150 шаршы метрлік балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді. Аталған нысандар ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және бұқаралық спортты дамытуға бағытталған. Шара барысында аудан басшысы ауылдық елді мекендердегі әлеуметтік және спорттық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті. Сонымен қатар, жастардың спортпен тұрақты шұғылдануына жағдай жасау негізгі басым бағыттардың бірі екеніне тоқталды.

Футбол алаңшасы арнайы қоршаумен қоршалып, сапалы жасанды жабынмен жабдықталған. Балалар ойын алаңшасына заманауи ойын құрылғылары орнатылып, қауіпсіздік талаптарына сай барлық қажетті жағдай қарастырылған. Жаңа нысандар ауыл жастарының спортпен айналысуына, балалардың белсенді демалысын ұйымдастыруға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ашылу салтанатынан кейін ауыл жастары арасында футбол кездесуі ұйымдастырылды.

Білімді, тәрбиелі әрі дені сау ұрпақ – ұлттың ең қымбат байлығы. Олай болса, балалар мен жасөспірімдердің оқумен қатар, өнер үйреніп, спортпен шұғылданып, жан-жақты жетілуіне қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің мойнындағы борышы. Сол себепті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Президент ретіндегі алғашқы Жолдауында бұқаралық спортты дамыту мәселесіне назар аударған болатын.

Жалпы спорт саласы елімізде кең қолдауға ие. Саланың дамуына, бұқаралық спорт қозғалысын арттыруға, спорттағы жетістіктерді ынталандыруға бағытталған көптеген шаралар көз алдымызда ұйымдастырылуда. Сондықтан жыл өткен сайын баласын спорттың әртүрлі саласына жетектеп әкелетін ата-аналардың саны артып келеді. Әрине халықты спортшыларымыздың халықаралық дәрежеде жеткен жетістіктіктері де ынталандырары анық. Осы орайда еліміздің спортшылары соңғы онжылдықтарда халықаралық жарыстарда, Олимпиада ойындарында еліміздің намысын жыртып, үздік нәтижелерді көрсетіп келе жатқанын мақтанышпен айта аламыз. Мемлекет басшысының өзі спортшыларымызды халықаралық жарыстарға шығар алдында арнайы шақырып, сәттілік тілеп шығарып салуының өзі спорт саласының мемлекетіміздің басты назарында екенін айқындайды. Еліміз беделді халықаралық жарыстарды өткізетін елге айналып, арнайы спортшыларға арнап қалашықтар тұрғызып, спорттық нысандар санын көбейтуде. Бұл Қазақстанда спорт мәдениетінің жоғары деңгейде дамуының ғана көрсеткіші емес, оның әлемдік мойындалуын көрсетеді.

Бүгінде Түркістан облысында спорт саласы қарқынды дамып келеді. Түркістан облысының спорт мектептерінде 89700 спортшы спорттың 63 түрімен тұрақты түрде тегін шұғылдануда. 2025 жылғы 12 айда дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде шұғылданатын барлық жастағы тұрғындар саны 851 мың адамға жетіп, халықтың 42,8 пайызын құрап бекітілен индикаторлық көрсеткіш орындалды. Соның ішінде 3-18 жас аралығындағы дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын балалар мен жасөспірімдердің үлесі 266 мыңға жеткен.

Былтыр 63,6 млрд. теңгеге 102 спорт нысан құрылысы аяқталды. 2026 жылы 11,3 млрд. теңгеге 20 спорт нысанының құрылысын аяқтау жоспарланған. Оның 9-ы жеке инвесторлар есебінен атқарылады. Соның ішінде «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының демеушілігімен Бәйдібек және Келес аудандарында 2 ғимараттың құрылысы жүргізілуде. Мемлекет басшысының барлық өңірде инклюзивті спорт орталығын салу туралы тапсырмасы бойынша Түркістан қаласында пайдалануға берілген спорт нысанына жабдықтау жұмыстары жүргізіліп, облыстық «Сауран» мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған спорт мекемесінің теңгеріміне беріледі.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 18 рет