Жұма, 19 Маусым 2026 11:10

Түркістанда байдарка мен каноэ есуден Азия чемпионаты өтті

Түркістан қаласында байдарка мен каноэде есуден 18 бен 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионаты және параканоэден Азия чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Азияның үздік жас спортшыларын бір арнаға тоғыстырған дүбірлі дода Түркістандағы халықаралық стандарттарға сай салынған ескек есу арнасында ұйымдастырылды.

Биылғы Азия чемпионатына Азия құрлығының 15 елінен 300-ге жуық спортшы қатысты. Атап айтқанда, Вьетнам, Гонконг, Үндістан, Ирак, Иран, Жапония, Корея Республикасы, Қырғызстан, Макао, Өзбекстан, Сингапур, Тайланд, Тәжікстан, Қытай Тайбэйі және Қазақстан құрамалары чемпиондық атақ үшін бақ сынады. Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Түркістанның спорт орталығына да айналып келе жатқанын айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Құрметті Азия чемпионатына қатысушы спортшылар! Қадірлі қонақтар мен жанкүйерлер! Тарихи Түркістанға қош келдіңіздер! Бүгін Түркістан төрінде байдарка мен каноэде есуден 18 және 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионаты басталуда. Сонымен бірге параканоэден Азия чемпионатының басталуымен құттықтаймын! Бүгінгі халықаралық жарыс – тек спорттық дода ғана емес, Азия елдері арасындағы достық пен бейбіт байланыстың жарқын көрінісі. Тарихы терең Түркістан бүгінде халықаралық деңгейдегі маңызды кездесулер мен ауқымды іс-шаралардың орталығына айналып келеді. Соның айқын дәлелі – Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті. Бұл тарихи басқосу өңіріміздің халықаралық беделін арттырып, Түркістанның әлемдік аренадағы мәртебесін жаңа деңгейге көтерді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев спортты дамытуға баса мән беріп, тұрақты қолдау көрсетіліп келеді. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде Түркістанда халықаралық деңгейдегі спорттық додалар тұрақты түрде ұйымдастырылып, жастарға үлкен мүмкіндіктер беріліп жатыр. Қазіргі таңда облыс аумағында 3595 спорт нысаны халық игілігіне қызмет етуде. Жаңа спорт нысандары салынды. Солардың бірі – Түркістан қаласындағы халықаралық стандарттарға сай салынған ескек есу каналы. Бұл кешен бүгінде еліміздің спорт инфрақұрылымындағы ең заманауи әрі бірегей нысандардың біріне айналды. Бүгін тамаша спорт нысаны азиялық деңгейде танылса, болашақта әлемдік додаларды қабылдайды деп сенемін! Осындай ауқымды Азия чемпионатының алғаш рет Қазақстанда, оның ішінде Түркістан қаласында өтуі – біз үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Сіздерге тартысты бәсеке, әділ жарыс және жарқын жеңістер тілеймін. Түркістан төріндегі Азия чемпионаты әлемге танымал спортшыларға жол аша берсін! Түркістанның халықаралық деңгейдегі спорттық сапары сәтті болсын! – деді Нұралхан Көшеров.

Сондай-ақ ашылу салтанатында Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин сөз сөйлеп, елімізде су спорты түрлерін дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ол жастар спортына қолдау көрсету мен халықаралық жарыстарды өткізу Қазақстан спортының дамуына тың серпін беретінін атап өтті. Бұдан кейін Азия каноэ конфедерациясының президенті Прашант Кушваха қатысушыларды чемпионаттың басталуымен құттықтап, Түркістандағы жарыстың жоғары ұйымдастырылу деңгейіне және заманауи спорт инфрақұрылымына оң бағасын берді.

Айта кетейік, Түркістан қаласының Жаңа қала шағынауданында орналасқан заманауи ескек есу арнасы былтыр Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің қатысуымен ресми түрде ашылып, пайдалануға берілген болатын. Ауқымды жоба өңірдің спорттық және туристік әлеуетін арттыруға бағытталған.Жалпы аумағы 99 гектарды құрайтын кешеннің канал ұзындығы 2,2 шақырым, ені 260 метр болса, су сыйымдылығы 2 миллион текше метрге жетеді. Нысанда халықаралық жарыстар өткізуге мүмкіндік беретін 1000 орындық заманауи трибуна, күштік дайындық, йога және арнайы есу залдары қарастырылған.

Ескек есу арнасының басты ерекшелігі – табиғи су көзі жоқ аумақта орналасқан әлемдегі бірегей нысандардың бірі саналады. Бүгінде бұл кешен Қазақстандағы су спортының негізгі оқу-жаттығу базасына айналып келеді. Заманауи инфрақұрылымның нәтижесінде Түркістан облысының су спортына машықтанған спортшылары 2025 жылы республикалық және халықаралық жарыстарда 500-ге жуық медаль жеңіп алып, өңір мерейін үстем етті. Ал Азия чемпионатының Түркістанда өтуі өңірдің халықаралық спорт орталығы ретіндегі әлеуетінің артып келе жатқанын тағы бір мәрте айғақтап отыр.

Жалпы биыл, яғни 2026 жылы Түркістанда спорт түрлерінен әлемдік, азиялық, және республикалық деңгейдегі 40-қа жуық ірі жарыс өтеді деп жсопарланғаны белгілі. Бүгінде Түркістан облысының спорт мектептерінде 89700 спортшы спорттың 63 түрімен тұрақты түрде тегін шұғылдануда. 2024 жылмен салыстырғанда 27438 балаға немесе 69 пайызға артты. 2025 жылғы 12 айда дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде шұғылданатын барлық жастағы тұрғындар саны 851 мың адамға жетіп, халықтың 42,8 пайызын құрап бекітілен индикаторлық көрсеткіш орындалды. Соның ішінде 3-18 жас аралығындағы дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын балалар мен жасөспірімдердің үлесі 266 мыңға жеткен. Мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында 3 млрд. 400 млн теңге бөлініп, 384 өнім беруші 25226 баланы спорттық секциялармен қамтыған. Облыс көлемінде 3273 бұқаралық спорттық іс-шара өткізіліп, оған 273 мыңнан астам адам тартылған.

Спорт саласындағы өзекті мәселелер мен жоспарлар облыс әкімі аппаратының апталық мәжілістерінде кеңінен талқыланып отырады. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жыл басында осындай жиында былай деген болатын: «– Жасөспірімдер мен жастарды спорттық үйірмелерге көптеп тартып, жан-жақты қолдау көрсетіңіздер. Өңірдегі спорттық нысандар елге қызмет етуі тиіс. Спортқа баулу арқылы біз жасөспірімдерді зиянды әдеттерден сақтаймыз. Түркістандағы «Мұз сарайының» әлеуетін толық пайдаланып, қысқы спортты дамыту, насихаттау бойынша нақты жұмыс жоспарын ұсыныңыздар. Спорт саласында жұмысты ширату керек. Нақты нәтиже беретін спорт түрлері мен спортшыларды іріктеп, жүйелі жұмыс атқарыңыздар. Елді мекендерде спорт нысандарын салу бойынша да жұмысты сапалы атқару қажет».  Осылай деген облысы әкімі командалық спорт түрлерін, футболды дамыту бойынша да іс атқарып, нәтижелерді жақсартуды тапсырған-ды.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияровтың айтуынша, Түркістан облысының спортшылары 2025 жылы Сурдлимпиада, Әлем, Азия және Қазақстан Республикасының чемпионаттары мен кубоктарында 1668 медаль жеңіп алды. 2024 жылмен салыстырғанда өсім 46 медаль немесе 2,7%-ды құрады. 5 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 74 Қазақстан Республикасының спорт шебері, 745 спорт шеберлігіне үміткер спортшы дайындалды. Сондай-ақ облыстан ұлттық құрамаға 766 спортшы енді. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 150 спортшыға артты. Демеушілер есебінен үздік спортшыларға 8 автокөлік және 3 пәтер табысталған. 231 спортшыға ай сайынғы стипендия тағайындалды, былтыр 141 спортшыға берілген.

Биыл 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Айти-Нагоя қаласында жазғы Азия ойындары өткізіледі. Оған спорттың 17 түрінен облыстың 35 спортшысы үміткер болып отыр. Сайыпқырандар 1 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль алады деп жоспарлануда. Одан бөлек пара Азия ойындары аталған елде 18-24 қазан аралығында өткізіледі. Ол сынға түркістандық 7 үміткер қатысып, 3 медаль олжалайды деп күтіліп отыр. Дайындық жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Былтыр 63,6 млрд. теңгеге 102 спорт нысан құрылысы аяқталды. 2026 жылы 11,3 млрд. теңгеге 20 спорт нысанының құрылысын аяқтау жоспарланған. Оның 9-ы жеке инвесторлар есебінен атқарылады. Соның ішінде «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының демеушілігімен Бәйдібек және Келес аудандарында 2 ғимараттың құрылысы жүргізілуде. Мемлекет басшысының барлық өңірде инклюзивті спорт орталығын салу туралы тапсырмасы бойынша Түркістан қаласында пайдалануға берілген спорт нысанына жабдықтау жұмыстары жүргізіліп, облыстық «Сауран» мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған спорт мекемесінің теңгеріміне беріледі.

Спорт саласында «Event tourism»-ді дамыту бойынша Түркістанда 40-қа жуық әлемдік, халықаралық және республикалық деңгейдегі ірі жарыстар өткізу межеленген. Жуырда Түркістан қаласында шахматтан балалар мен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты өткізілді. Аталған жарысқа еліміздің барлық өңірлерінен 1100-ге жуық жас спортшы қатысты.

Ақпан айының 4-9 аралығында «Олимпик центр» спорт кешенінде таеквондодан жастар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Түркістан қаласындағы көпфункциялы ипподромның ашылуына орай, көкпардан халықаралық «Nauryz cup» жарысы, бәйгеден республикалық турнир, аударыспақтан Азия чемпионаты, жамбы атудан жастар арасында ҚР чемпионаты, дәстүрлі садақ атудан Азия чемпионаты, теңге ілуден ересектер арасында Азия кубогы, асық атудан ересектер арасындағы Әлем кубогы, қазақ күресінен жастар арасында республикалық турнир, «Толағай» алыптар сайысы өтті. Одан бөлек «Бабалар ізімен: асық ату» іс-шарасында бір мезетте 1000 адам асық ойнады. Олимпиада чемпионы Б.Саттархановты және Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы Ә.Нұрмахановты еске алуға арналған, сондай-ақ М.Ділдабековтың жүлдесіне арналған бокстан халықаралық турнирлер, қазақ күресінен Қ.Мұңайтпасовты еске алуға арналған халықаралық турнир мен Әлем кубогы, шахматтан түркі тілдес халықтар ойыны және «Түркістан марафон – 2026» бұқаралық жүгіру марафоны, ескек есу арнасында жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты және параканоэден Азия чемпионаты, сондай-ақ ескек есу спорт түрлерінен Қазақстан Республикасының барлық жас санаттары бойынша ел чемпионаттары толықтай Түркістан қаласында өтті. Жалпы спорттық іс-шараларға 40 мыңнан аса адам келді.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 40 рет