Сейсенбі, 30 Маусым 2026 19:08

Түркістан қаласында академиялық есуден ересектер арасындағы Қазақстан біріншілігі басталады

Түркістан қаласындағы Олимпиадалық стандартқа сай ескек есу каналында 1 шілде – Жаңа Конституцияның қабылданған күніне орай академиялық есуден ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Ел біріншілігінің ашылу салтанатына Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының Жоғары спорт жетістіктерін дамыту және мемлекеттік қызметтерді көрсету бөлімінің басшысы Жандос Керімбеков қатысып, жарысқа жиналған спортшыларды құттықтады. Ол чемпионаттың жоғары деңгейде өтуіне тілектестік білдіріп, барлық қатысушыға сәттілік тіледі. Қазақстан чемпионатына Астана қаласы, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Павлодар және Түркістан облыстарынан келген 100-ге жуық спортшы қатысуда. Оның ішінде жарыс қожайыны Түркістан облысының намысын 25 ескек есуші қорғайды.

Түркістан облысының академиялық есуден аға жаттықтырушысы Иван Лукьяновтың айтуынша, жергілікті спортшылардан жоғары нәтиже күтілуде. Команда ел чемпионатында жүлделі орындарға таласып, өңір қоржынына 25 алтын, 15 күміс және 15 қола медаль салуды мақсат етіп отыр. Аталған дода Жапонияның Нагоя қаласында өтетін Азия ойындарына қатысатын ұлттық құраманы жасақтаудағы маңызды іріктеу кезеңдерінің бірі болып саналады. Қазіргі таңда Түркістан облысының спортшылары Владислав Яковлев, Иван Чернухин, Роза Кенес, Александр Афанасьев және Владислав Галкин Азия ойындарының жолдамасына ие болғанын еске сала кеткен жөн. Айта кетейік, академиялық есуден Қазақстан Республикасының чемпионаты 30 маусым мен 3 шілде аралығында өтеді. Жарыс барысында еліміздің үздік ескек есушілері өзара мықтыны анықтап, халықаралық додаларға жолдама алу үшін бақ сынайды.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 158 рет