Сәрсенбі, 08 Шілде 2026 22:18

Отырар ауданында Қажымұқан Мұңайтпасұлының 155 жылдығына арналған футбол турнирінің ашылу рәсімі өтті

Отырар ауданында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында қазақтың даңқты перзенті, әлемге қазақ халқының қайсар рухын танытқан әйгілі балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының туғанына 155 жыл толуына орай аудандық әуесқойлар арасында футболдан турнирдің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Салтанатты шараға Отырар ауданы әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов пен аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Ұзақов қатысып, жарысқа қатысушы командаларға сәттілік тіледі. Жиында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов Қажымұқан Мұңайтпасұлының қазақ халқының мерейін асқақтатып, әлемдік аренада ел намысын абыроймен қорғаған тарихи тұлға екенін атап өтіп, оның өнегелі өмір жолы бүгінгі жастар үшін қайсарлықтың, табандылықтың және отансүйгіштіктің жарқын үлгісі екенін айтты. Сонымен қатар, мұндай спорттық іс-шаралардың ұлы тұлғаның мұрасын ұлықтап, жастарды салауатты өмір салтына баулуға және бұқаралық спортты дамытуға зор ықпал ететінін жеткізді.

Өз кезегінде аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Ұзақов Қажымұқан Мұңайтпасұлының есімі қазақ халқының рухымен, ерлігімен және жеңісті жолымен тығыз байланысты екенін атап өтті. Ол жастарды ұлы балуанның өмірінен үлгі алып, елге адал қызмет етуге, спортпен тұрақты айналысуға және салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Сондай-ақ қатысушыларға тартысты ойын көрсетіп, жарыстың жоғары деңгейде өтуіне тілектестік білдірді.

Аудан орталығындағы Жамбыл мектеп-лицейінің спорт алаңында ұйымдастырылған турнирге ауданның ауылдық округтерінен жасақталған 12 команда қатысуда. Екі күнге жоспарланған жарыста командалар өзара бақ сынап, үздіктер анықталады. Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаз және жүлдегер командалар, сондай-ақ үздік ойыншылар дипломдармен, медальдармен және арнайы сыйлықтармен марапатталатын болады. Қажымұқан Мұңайтпасұлының 155 жылдығына арналған мұндай тағылымды іс-шаралар ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге және бұқаралық спортты дамытуға өз үлесін қоса береді.

Осы тұста даңқты бабамыз туралы азды-көпті деректерді назарларыңызға ұсына кетсек. Қажымұқан Мұңайтпасұлы джиу-джитсу, грек-рим және еркін күрестен бірнеше дүркін чемпион. Ол 1871 жылғы 7 сәуірде Ақмола уезі, Қараөткел ауылында дүниеге келген. Классикалық күрес пен цирк өнерін И.И.Лебедев мектебінде 1904-1907 жылдары  үйренеді. Арғы тегі – нар тұлғалы азаматтар. Әкесі Мұңайтпас 1914 жылы, атасы Ернақ балуан 1947 жылы дүние салған.  Дене бітімі ерекше ірі Мұқан 12-13 жасынан бастап көзге түсіп, 16-17 жасында жиырмадағы жігіттермен белдесетін.

1901 жылы Омбыда алғашқы цирк ашылып, онда балуандар французша, яғни қазіргі грек-рим күресінен белдеседі. Бұл хабар Сарытерек ауылына жетіп, ондағылар Мұқанды жібереді. Біріншілікте қазақ алыбы дене бітімі зор, тәжірибелі палуан Злобинмен айқасады. Кәнігі қарсылас 18-ші минутта жеңілді. Десе де, жеңісті күндер алда еді.

1909 жылы Рига біріншілігінде 10 кездесуді таза жеңіспен аяқтап, жеңіскер атанса, Кельн қаласында еркін күрестен алғаш рет чемпион болады. Қажымұқанды әлемдік аренаға шығарған Георг Лурих.  Мұқан Лурихпен 1908 жылы Петербургте танысып, осыдан  бастап «Ямагата Муханура» атанады. «Ямагата қаласынан шыққан» деген мәндегі жаңа есімнің қойылу себебі: біріншіден, ол кезде цирк өнерінің көрермендері мен күрес демеушілері қазақтарды біле қоймайтын; екіншіден, жапон балуандарының даңқы дүрілдеп тұрған. Мұқан туралы «Жало» журналында «Шығыс ұлы жапон Муханура. Ол тегеурінді де, дене бітімі мығым жігіт. Күресте қаһарлы, әрі өте батыл қимылдайды», – делінген.

Иван Поддубный, Иван Зайкин, Алеекс Аберг, Збышко-Цыганевич тәрізді әлемдік спортшылармен тең тұрған  есіл ер 1910 жылы Буэнос-Айросқа арнайы шақыртумен барады. «Батырға оң не, сол не» демекші,  бұл жолы бабамыз Америка чемпионы атанады. Қажымұқан Мұңайтапасов 1912 жылы Нижний Новгородтағы «Сур» циркінде өткен Ресей біріншілігінде жергілікті күрескер – Турбаспен, яғни, Тулумбасовпен жекпе-жекке шығады. Кісілік келбеті көркем Мұқан кезекті жеңісінен кейін: «Мен үлкен алтын медаль үшін емес, сендердің намыстарың үшін күрестім» деген екен»

Харбин қаласындағы жапондықтар ұйымдастырған біріншілікте Саракики Жиндофуді джию-джитсуден жеңеді. Басы сынып, миы шайқалған қарсыласы көп ұзамай бақұл болады.Қажымұқан 1914-1916 жылдары Финляндия түйе балуаны Ярвинен, швециялық Андерссонды, афроамерикалық Джо Моро мен орыс ағайындардың алыптары Мартынов, Аксенов сынды күрскерлерді жыққан.

Біле жүріңіз:

1. Мұқан 1909 жылы спортта ғана емес, жеке өмірінде де олжалы болады. Ол Надежда Чепковскаямен танысып, қазақ арасында Бәтима деп танылған өнерлі әртіспен цирк иелерінің қарсылығыныа қарамастан үйленген. Сөйтіп, Омбы қаласында екеуі неке қиды.

2. Табанды күрессіз жеңіске жету мүмкін емесін білген ноян Азия чемпионы болғандықтан, оған «Жапония, Корея және Манчжурия чемпионы» лақап аты қойылған.

3. Ал Африкадағы ислам мемлекеттеріне сапарының оң нәтижесінде Мекке мен Мәдинедегі жеңістерінен кейін «мұсылмандардың ең үлкен балуаны» атанады. Ал орыс балуандары Мұқанды «костолом», яғни «сүйек сындырғыш» дейтін. Сондай-ақ, Орынборда Камухин циркіндегі халықаралық жарыста ер түлегі Қажымұқанның құрметіне «Бенефис» өткен. Айта кетейік, ол заманда «Бенефис» тек әлем чемпиондарына лайықтап жасалатын.

4. Қажымұқан Мұңайтпасов Ұлы Отан соғысы басталған тұста екі жылға жуық цирк өнерін көрсетіп, 100 мың сомдай ақша тауып, майданға жіберді.

5. Қ.Мұңайтпасов 1948 жылы Түркістан облысы, Ленин туы колхозында қайтыс болды. Темірлан ауылында ескерткіш орнатылып, 1980 жылы бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс ауданы, Темірлан ауылында мемориалдық музейі ашылған. 1986 жылдан бастап Қ.Мұңайтпасов атында классикалық күрестен халықаралық турнирлер өтіп келеді.

6. 48 медаль олжалаған түркі халқының мақтанышының аты әлемдік деңгейде Иван Поддубный, Иван Шемякин, Алекс Аберг, Иван Заикин, Георг Лурих, Георг Гаккеншмидт, Поль Понс, Вейланд Шульц сынды балуандармен қатар тұрады.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 102 рет