Сәрсенбі, 24 Маусым 2026 12:53

Созақ ауданы: жас спортшыларға құрмет көрсетілді

Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков республикалық және халықаралық додаларда ел мерейін асырып, аудан абыройын асқақтатқан жас спортшыларды қабылдап, құрмет көрсетті. Кездесу барысында аудан басшысы спортшылармен еркін форматта пікір алмасып, ашық әңгіме өрбітті. Жас буынның спорттағы жетістіктері, алдағы жоспарлары мен тың бастамалары сөз болып, жеңіс жолындағы табандылық пен қажырлы еңбектің маңызыжайында сөз қозғалды.

Аудан намысын абыроймен қорғап жүрген жауынгерлік самбо, гір спорты және стритбол 3х3 баскетболы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге, сондай-ақ олардың бапкерлеріне алғыс хат пен сый-сияпат табыс етіп, құрмет көрсетті.  Атап айтқанда, Қостанай облысы Лисаковск қаласында өткен Қазақстан Республикасының самбо күресінен 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы жауынгерлік самбо бәсекесінде 80 келі салмақта чемпион атанған Ұлболсын Адилова марапатталды.

Сонымен қатар Ақтау қаласында өткен Азия чемпионатында топ жарып, құрлық чемпионы атанған Ержан Қабылбек пен Еркебұлан Ергешбай, Азия чемпионы және әлем чемпионатының қола жүлдегері Сырым Құдайберген, Бішкек қаласында өткен әлем чемпионатында күміс жүлдеге қол жеткізген Мағжан Тамабай мен қола жүлдегер Нұрдәулет Қанаттың жетістіктері жоғары бағаланды. Сондай-ақ Қыземшек кентінен арнайы келген стритбол 3х3 баскетболынан Қазақстан Республикасының чемпионы атанған жас спортшылар да құрметке ие болды. Спортшылар өз кезегінде көрсетілген құрмет пен қолдау үшін ризашылықтарын білдіріп, алдағы уақытта да аудан намысын абыроймен қорғауға күш салатындарын жеткізді.

Білімді, тәрбиелі әрі дені сау ұрпақ – ұлттың ең қымбат байлығы екені айтпаса да түсінікті. Балалар мен жасөспірімдердің оқумен қатар, өнер үйреніп, спортпен шұғылданып, жан-жақты жетілуіне қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің мойнындағы борышы. Сол себепті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Президент ретіндегі алғашқы Жолдауында бұқаралық спортты дамыту мәселесіне назар аударған болатын.

Жалпы спорт саласы елімізде кең қолдауға ие. Саланың дамуына, бұқаралық спорт қозғалысын арттыруға, спорттағы жетістіктерді ынталандыруға бағытталған көптеген шаралар көз алдымызда ұйымдастырылуда. Сондықтан жыл өткен сайын баласын спорттың әртүрлі саласына жетектеп әкелетін ата-аналардың саны артып келеді. Әрине халықты спортшыларымыздың халықаралық дәрежеде жеткен жетістіктіктері де ынталандырары анық.

Осы орайда еліміздің спортшылары соңғы онжылдықтарда халықаралық жарыстарда, Олимпиада ойындарында еліміздің намысын жыртып, үздік нәтижелерді көрсетіп келе жатқанын мақтанышпен айта аламыз. Мемлекет басшысының өзі спортшыларымызды халықаралық жарыстарға шығар алдында арнайы шақырып, сәттілік тілеп шығарып салуының өзі спорт саласының мемлекетіміздің басты назарында екенін айқындайды. Еліміз беделді халықаралық жарыстарды өткізетін елге айналып, арнайы спортшыларға арнап қалашықтар тұрғызып, спорттық нысандар санын көбейтуде. Бұл Қазақстанда спорт мәдениетінің жоғары деңгейде дамуының ғана көрсеткіші емес, оның әлемдік мойындалуын көрсетеді.

Бүгінде Түркістан облысында спорт саласы қарқынды дамып келеді. Түркістан облысының спорт мектептерінде 89700 спортшы спорттың 63 түрімен тұрақты түрде тегін шұғылдануда. 2025 жылғы 12 айда дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде шұғылданатын барлық жастағы тұрғындар саны 851 мың адамға жетіп, халықтың 42,8 пайызын құрап бекітілен индикаторлық көрсеткіш орындалды. Соның ішінде 3-18 жас аралығындағы дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын балалар мен жасөспірімдердің үлесі 266 мыңға жеткен.

Былтыр 63,6 млрд. теңгеге 102 спорт нысан құрылысы аяқталды. 2026 жылы 11,3 млрд. теңгеге 20 спорт нысанының құрылысын аяқтау жоспарланған. Оның 9-ы жеке инвесторлар есебінен атқарылады. Соның ішінде «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының демеушілігімен Бәйдібек және Келес аудандарында 2 ғимараттың құрылысы жүргізілуде. Мемлекет басшысының барлық өңірде инклюзивті спорт орталығын салу туралы тапсырмасы бойынша Түркістан қаласында пайдалануға берілген спорт нысанына жабдықтау жұмыстары жүргізіліп, облыстық «Сауран» мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған спорт мекемесінің теңгеріміне беріледі.

 «WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 44 рет