Сайысқа қала мен ауылдық округтерден 80-ге жуық жас қатысып, өз бақтарын сынады. Қатысушылар воркаут спорт түрі бойынша белтемірге тартылу, күштік жаттығулар және өзге де спорттық сайыстарда бақ сынасып, шеберліктерін көрсетті. Турнир қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен 7 кентаулық жас іріктеліп, облыстық кезеңге жолдама алды. Шараның мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және заң мен тәртіп қағидаттарын дәріптеу.
«Заң мен тәртіп» – бұл жай ғана мемлекеттік ұстаным емес, ол қоғамның тұрақтылығы мен өркендеуінің берік негізі. Заң үстемдік құрған жерде әділдік салтанат құрып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары сенімді қорғалады. Ал тәртіп орныққан ортада қоғамдық келісім нығайып, адамдардың болашаққа деген сенімі артады. Қай кезеңде болмасын елдің қуаты оның табиғи байлығымен ғана емес, азаматтарының заңға деген құрметімен өлшенген. Өйткені заңды сыйлау – мемлекетті сыйлау, ал қоғамдық тәртіпті сақтау – ортақ жауапкершілікті сезінудің айқын көрінісі. Әрбір азамат заң талаптарын мүлтіксіз орындап, қоғамдық тәртіпті сақтауға үлес қосқанда ғана қауіпсіз әрі дамыған қоғам қалыптасады.
Бүгінде «Заң мен тәртіп» идеологиясы азаматтық мәдениеттің жаңа сапалық деңгейге көтерілуіне жол ашып отыр. Бұл қағидат жастардың бойында жауапкершілік пен адалдық қасиеттерін қалыптастырып, құқықтық сананың нығаюына ықпал етеді. Заңға бағыну қорқыныштан емес, саналы түсінік пен ішкі мәдениеттен туындағанда ғана қоғамда шынайы тәртіп орнығады. Сондықтан «Заң мен тәртіп» қағидаты – әр адамның күнделікті өмірлік ұстанымына айналуы тиіс құндылық. Өйткені заңға құрмет көрсетілген жерде әділет салтанат құрып, тәртіп орныққан жерде елдің болашағы жарқын болмақ. Бұл – қауіпсіз қоғам мен қуатты мемлекеттің басты кепілі.
«Заң мен тәртіп – әділетті Қазақстанның кепілі» идеологиясының басты мақсаты – қоғамда заңды қатаң сақтау және құқықтық нигилизмді жою мәдениетін қалыптастыру. 2026 жылғы Конституцияның Кіріспесінде бұл қағидат мемлекеттің іргелі ұстанымы ретінде бекітіліп, «Қазақстанның біртұтас халқы» Әділетті Қазақстан идеясын ұстанатыны нақтыланды. Конституцияның 3-бабында заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету мемлекет қызметінің негіз құраушы қағидаттарының бірі ретінде көрсетілген. Бұл – заң алдындағы теңдік пен жауапкершіліктің жалпыға бірдейлігін білдіреді. Стратегиялық тұрғыдан алғанда, бұл идеология мемлекеттік басқару жүйесінің ашықтығын арттыруға, сыбайлас жемқорлыққа «мүлдем төзбеушілік» танытуға және азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтуға бағытталған.
Қазақстанда заң мен тәртіп идеологиясын нығайту мақсатында 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдама бекітілді. Бұл құжат қоғамда құқықтық мәдениетті арттыруға, азаматтардың заңға деген құрметін күшейтуге және тәртіпті сақтауға бағытталған. Тұжырымдаманы іске асыру үшін әзірленген іс-қимыл жоспары – бұл нақты қадамдар мен шаралардың жиынтығы, ол мемлекет, қоғам және әрбір азамат арасындағы өзара жауапкершілікті нығайтуға септігін тигізеді. Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясының орнығуы – мемлекеттің тұрақты дамуының кепілі. Азаматтардың заңды құрметтеуі және оны сақтауы қылмыстың азаюына, қоғамдық сенімнің артуына және әлеуметтік тұрақтылыққа ықпал етеді. Бұл жоспар әрбір қазақстандықтың өз құқықтары мен міндеттерін түсінуіне және оларды жүзеге асыруына мүмкіндік береді.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат