Бейсенбі, 06 Тамыз 2026 10:24

Отырар ауданында демеушілер есебінен салынған жаңа футбол алаңшасы пайдалануға берілді

Сарыкөл ауылында балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыруға арналған заманауи футбол алаңы пайдалануға берілді. Бұл жоба ауыл тұрғындарының аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлына білдірген өтініші негізінде жүзеге асты. Сарыкөлдіктер балалардың спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік беретін ойын алаңшасын салып беру туралы өтініштерін жеткізген болатын.

Аудан әкімі көтерілген мәселені уақытылы әрі тиімді шешу мақсатында әлеуметтік жауапкершілігі жоғары «Түркістан мақта» ЖШС инвесторларына ұсыныс білдіріп, ауданның әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту және ауыл балаларына қуаныш сыйлау мақсатында заманауи футбол алаңшасын салып беруді ұсынды. Нәтижесінде игі бастама қолдау тауып, жаңа спорт нысаны ел игілігіне берілді. Жаңа футбол алаңшасының салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы, аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Ұзақов, «Түркістан мақта» ЖШС инвесторларының өкілдері, ауыл ақсақалдары мен тұрғындары қатысты.

Салтанатты шарада аудан әкімі ауыл тұрғындарын жаңа спорт нысанының ашылуымен құттықтап, мұндай игі бастамалар өскелең ұрпақтың денсаулығын нығайтып, бұқаралық спортты дамытуға үлкен серпін беретінін атап өтті. Сондай-ақ мемлекет пен бизнестің өзара әріптестігі нәтижесінде ауданның әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді. Өз кезегінде аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Ұзақов пен инвесторлар өкілдері де ауыл тұрғындарын қуаныштарымен құттықтап, жаңа алаңша балалардың бос уақытын тиімді өткізіп, спортпен тұрақты шұғылдануына мол мүмкіндік беретінін атап өтті.

Шара барысында ауыл ақсақалы ауыл тұрғындары атынан сөз сөйлеп, ауыл балаларының игілігі үшін жаңа футбол алаңшасының салынуына қолдау көрсеткен аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлына және «Түркістан мақта» ЖШС инвесторларына шынайы алғысын білдірді. Елдің тыныштығы мен бірлігін тілеп, игі іске ақ батасын берді. Жаңа футбол алаңшасы – Отырар ауданында бұқаралық спортты дамытуға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға және жас ұрпақтың жарқын болашағына бағытталған маңызды әлеуметтік жобалардың бірі.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 3 рет